Коронавирус бойынша жағдай нашарлады

2680
Adyrna.kz Telegram

Әлемнің көп елінде коронавирус күш алып, дабыл қағыла бастады. Әсіресе індет Еуропа елдерінде өрши түскен. Алдағы апталарда Мадрид қаласы қиын кезеңді бастан өткеруі мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kz. агенттігіне сілтеме жасап. 

Елде вирусты жұқтырғандар саны 700 мыңнан асқан. Науқастардың басым бөлігі Мадрид қаласында тіркелуде. Дерттен көз жұмғандар саны мамырдағы көрсеткішке жеткен. Өткен аптада қаланың кей ауданында шектеулер енгізілген. Бірақ кей тұрғындар жергілікті биліктің бұл әрекетіне наразы.

Полонья Гарсия, жергілікті тұрғын: - Қаладағы кей аудандарда індеттің таралуы артса ол адамдардың емес биліктің салғырттығы. Үкімет вирус барысын бақылауда ұстауы керек еді ғой. Мысалы, қоғамдық көліктер мен өзге де орындарда санитарлық талаптар жеткілікті дәрежеде қолға алынған жоқ.

Ресей астанасында да жағдай нашарлаған. Соңғы аптада ауруханаға коронавируспен түскен науқастардың саны 30 пайызға өскен. Қала мэрі Сергей Собянин өте алаңдатарлық жағдай қалыптасқанын мәлімдеп, 5 мыңнан астам компанияны қашықтан жұмыс істеуге көшуге шақырды.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі: - Бізде қазір дертті жұқтырғандар саны өсіп келеді. Бұл бір жағынан дертке қарсы тестті көптеп жүргізуге байланысты болып отыр. Екінші жағынанан тұмау және өзге де тыныс алу инфекцияларымен байланысты. Соңғы аптада мұндай ауруға шалдыққандардың саны 3 есе артқан.

Ал Украинада індеттің екінші толқыны басталған сияқты. Бұл туралы осы елдің президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Соңғы уақытта елде күн сайын 3 мыңнан астам дертті жұқтыру дерегі тіркелуде. Науқастардың жалпы саны 190 мыңнан асқан. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін шетелдіктердің елге кіруі шектелген.

Владимир Зеленский, Украина Президенті: - Соңғы уақытта күн сайын 3 мың адам дертті жұқтырып алып жатыр. Індеттің екінші толқыны осы шығар. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен өзге елдердің азаматтарының өміріне қауіп төндірмес үшін шекараны жаптық. Жағдай тұрақталған соң қайта ашылады.

Ал Еуроодақ басшылығы індеттің күшеюіне байланысты шұғыл шараларға дайын болуға шақырды. Әйтпесе көктемдегі жағдай қайталанады деп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда Ұлыбритания мен Францияда вирусты жұқтырғандар саны күрт өскен.

Стелла Кириакидис, Еуроодақтың Денсаулық сақтау саласы бойынша комиссары: - Індеттің күшеюіне байланысты адамдар бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс. Ал егер аурудың алғашқы нышандары байқалса үйде оқшауланып ем дом қабылдаған жөн. Қазір көктемдегі жағдайды болдырмауға бар күшімізді салуымыз қажет.

Пікірлер