Шымкент: Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 11 базалық станция орнатылуда

1521
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Досан Әлібеков мәлімдеді.

– Осы жылдың оқу маусымында балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станция орнату орындары айқындалып, бүгінде тиісті жер телімдерінің координаталары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Яғни, келесі аптаның соңына дейін нысанның жұмысы толық іске қосылады. Сонымен қатар, қосымша 43 орын бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде. Аталған қосымша нысандарға қыркүйек-қазан айларында базалық станциялар орнатылады немесе белгіленген тәртіптердегі модернизациялау жұмыстары жүргізіледі, – деді Д.Әлібеков.

Досан Биназарұлының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы сапалы интернет жүйесімен 80 пайызға қамтылған. Ал орнатылып жатқан базалық станциялардың жұмысы аяқталған сәтте бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде, қала аумағына қосылған елдімекендердегі интернет желісінің мәселесі толық шешіледі.

Айта кетейік, қалада AR-shymkent, 2-ГИС және Тру-Конф жобалары іске асуда.

 

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Береке Сейітжаппар

Пікірлер