Ереванда – ереуіл, Бакуде – байрам

4701
Adyrna.kz Telegram

Таулы Қарабақ үшін күрес Әзербайжан мен Армения арасында биылғы 27 қыркүйекте басталды. Бір жарым айға жалғасқан соғыс кеше, қарашаның 10-ы күні  аяқталды.  Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталғанын ресми мәлімдеді.

Бұл соғыс армяндарға ауыр тиді десек те болады. Ереван Бакуге бірнеше ауданды, сондай-ақ мойындалмаған республиканың бір бөлігін беруге келісті. Келісуден басқа жол да жоқ еді. Өйткені соғыстың алғашқы сәтінен бастап, әзербайжан сарбаздары армян сарбаздарын тықсыра тіреп, кері шегіндіруге бар күшін салды. Қарабақ үшін атылған оқ армянның мыңдаған сарбазының өмірін қиды. Сонымен қатар Әзербайжан тарапы бұл соғыста өліспей, беріспейміз тактикасын ұстанғанын көрсетті.

Саяси мінберлерде Арменияны-Ресей, Әзербайжанды-Түркия қолдап отыр деген пікірлер айтылды. Армения тарапы бұл қолдауға қатысты жақ ашпағанымен, Түркия президенті Ердоған әзербайжан халқын қолдайтынын, қорғайтынын ашық мәлімдеген еді. Бұл соғыстағы Ресейдің қатысы көлеңке іспеттес байқалмағанымен, көзі қарақты жұрт негізінен кімнің кімге азуын көрсеткісі келетінін анық байқады. Қош, сонымен қазір Ереванда осы шешімге қатысты наразылықтар мен тәртіпсіздіктер болып жатса, ал Баку халқы ұлы жеңістерін тойлауда.

Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталғаны туралы  тараптар қол қойған келісім тоғыз тармақтан тұрады.

Келісімнің екінші және алтыншы тармағында осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Кельбаджар ауданы, Агдам ауданы, Газах ауданы, сондай-ақ Лачин ауданы Әзербайжанға қайтарылатыны жазылған. Таулы Қарабақпен байланысты қамтамасыз ететін ені 5 шақырымдық Лачинск дәлізі Арменияның қарамағында қалады. Бұл дәліздің Шуша қаласына қатысы жоғы да осы келісімде айталған. Сонымен қатар ресейлік бітімгерлердің жанасу сызығы бойында атыс қаруымен арнайы техника енгізу туралы келісім де арнайы тармақпен бекітілген. Атысты тоқтатуды бақылау жөніндегі арнайы бітімгершілік орталығы құрылады.

Алайда мынадай шарттағы келісім құжаты Ереван халқын ереуілге итермелеп,  жүздеген армян Үкімет ғимаратының жанына жиналды. Армянның ереуілдеген халқы жоғарыда сөз етілген келісім құжатқа наразы. Наразы топ үкімет ғимаратының терезелерін сындырып, мәжіліс залын қиратты. Ашуға мініп, премьер министрді іздеген халықтың адуынынан сескенді ме, беймезгіл уақытта Никол Пашинян Facebook-те тікелей эфирге шықты. Ол Әзербайжанмен бейбітшілік келісімге нендей себептер бойынша қол қойылғанын, басқа да барлық себептерді түсіндірді. Түсіндірді дегеннен гөрі Пашинянның бұл үндеуін «суға кеткен тал қармайдының кері» деп баға берген жөн сияқты. Өйткені, үндеуінде соғысты тоқтатуға мәжбүр болғанын қайталай берген Пашинян соғысқа жұмылдырар күштерінің де біткенін айтады. Соғысқа сақадай сай дайын болмағанына қарамай, әдеттегідей атойлап шауып мақсатқа қол жеткізу мүмкін емесін Пашинян бұл жолы болжай алмаған секілді. Әйтпесе, соғысу күші мен шамасын білетін ел басшысы қарсы тарапқа бірінші болып оқ жаудырар ма еді? Армения президенті осылай ел алдында ақталудың бар тәсілін іске қосқанда, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев:«Ал енді не болды, Пашинян? Сенің Қарабаққа қатысты мәртебең қайда қалды? Ол мәртебең тозаққа кетті. Мәртебең жоқ, мен президент болып тұрғанда болмайды да. Қарабақ Әзербайжандікі!»-деді.

Бұл расымен әзербайжан халқының ұлы жеңісі деуге тұрарлық жеңіс. Осыған дейінгі Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзербайжан елінің арасында қаншама қанды оқиғалар болды. Бір ғана Қожалы қырғынының өзі кез келген адамның жанын түршіктіретін тарихи қанды оқиға. Қожалыда армяндар жүргізген қан қасабы  талайдың жүрегіне жара салғаны мәлім. Бұл екі елдің арасындағы дау жылдарға жалғасқан, бітпейтін даудың бірі саналатын. Алайда әскери дайындығы мығым, саяси қадамды өте ұтымды басқан Әзербайжан мемлекеті діттеген мақсатына қол жеткізді. Естеріңізде болса, Таулы Қарабақ соғысына қатысты мылтықтың шүріппесін бірінші армяндар тарапы басқан еді. Өкінішке қарай, армяндарға бұл жолы бірінші жеңіске жету бұйырмапты.

Әлеуметтік желілер мен интернет сайттарда бауырлас әзербайжан халқының бұл жеңісті ерекше тойлап жатқаны туралы ақпараттар ағыны толастар емес. Ал Ереванда керісінше, «жеңілген жұдырыққа тоймастың» кері болып жатқандай.

Қалай десек те, бауырлас ел Әзербайжан халқының бұл қуанышы бізге де ортақ.

Бұл жеңіске лайықсың Әзербайжан! Жеңісің құтты болсын, бауырлас халқым!

 

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер