Үй алам деп кооперативке сенуге бола ма?

1956
Adyrna.kz Telegram

Үй аламыз деп кооперативке миллиондап ақша құйдық, үйіміз де, ақшамыз да жоқ, мемлекет қайда қарап отыр дегендерді жиі естиміз. Осындай алаяқтарға алданып жүргендер өте көп.

Статистикаға сәйкес елімізде ҚР ҚК 217-бабы "Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша 2017 жылы 63 іс, 2018 жылы – 103 іс, 2019 жылы 14 қылмыстық іс қозғалған. Осыған "алаяқтық" бабы бойынша қаралған жүздеген істерді тағы қосыңыз.

Енді, жалпы тұтыну кооперативі не екенініне және жылжымайтын мүлік алуға байланысты жұмыс жасау механизміне тоқталайық.

Тұтыну кооперативі - бұл азаматтардың ерікті бірлестігі. Бұл ұйым пайда табуды мақсат етпейді.

Егер тұтыну кооперативі адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құрылған болса, онда үйді банктік ипотекасыз алуға болады.

Әр кооперативтің шарттары бір-біріне ұқсас, бірақ мөлшері ғана әр түрлі болуы мүмкін.

Мәселен, сіздің үй алғыңыз келеді. Қаражатыңыз толық жетпейді. Банктен кредит алсаңыз, пайыздық мөлшері өте көп. 20 миллионға үй алсаңыз, банкке 30 миллион етіп төлейсіз. Ал, кооперативке шамамен алынатын үй сомасының 10 не 20 пайызын және комиссиялық 100 не 200 мың тенгесін төлейсіз, кейіннен пайызсыз ай сайын төлем жасап тұрғын үй аласыз. Миллиондаған ақшаңыз пайыз ретінде банкке төлегендей ауаға ұшпайды. Адамдардың кооперативге ақша құюынын себебі де осы.

Бірақ, мына нәрсені есте ұстаған жөн. Кооперативтегі ақша айналымы жаңа салымшыларға байланысты, ұзақ мерзім ішінде жаңа салымшылар болмай қалған жағдайда, оның автоматты түрде тоқтауына алып келеді.

Ал, осындай механизмге заң рұқсат бере ме?

Ия, барлығы заң нормаларына сәйкес. Бұл Тұтыну кооперативі туралы ҚР заңымен және Азаматтық Кодекспен реттеледі.

Тұтынушылар кооперативтері заңды тұлға ретінде заң талаптарына сай құрылады, олар салық органдарына есеп береді, кооперативтің мақсатты шоты бар, оған салымшылардың қаражаты жиналады және барлық салымшылар ақпарат ала алады. Барлық жаңа түсімдер тек осы шотқа, яғни кооперативтің өзіне түседі. Барлығы заңды.

Алаяқ емес екенін қайдан білеміз?

Бұны білу өте қиын. Тіпті, кей жағдайларда мүмкін емес. Жоғарыда айтылғандай, бұл адамдардың ерікті бірлестігі, яғни демократиялық принциппен, өз еркімен адамдар ақша құяды және сол үшін тәуекелге барады.

Алаяқ болып шықса не істейміз?

Алаяқ болып шықса не сондай құқықбұзушылық болса, сіз прокуратураға шағым жазуыңыз керек. Өйткені, тұтыну кооперативтері туралы заңға сай, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының тұтыну кооперативiнiң қызметiне араласуға құқығы жоқ. Яғни, өз қалауымен оларды тексере алмайды.

Алаяқтық болса, салымшыларды басшыларды алдап кетсе, мемлекеттен қандай қолдау болады?

Мемлекеттік құқық қорғау органдары алаяқтарды іздеумен және тапқан жағдайда жазалаумен айналысады. Басшылары ақшамен шетелге қашып кетсе, оларды ұстау тіптен қиын. Ұстағанның өзінде барлық салған ақшасын салымшылар қайтара алмайды. Себебі, олардың ақшасы болашақта ақша салатын салымшылардың есебінен жиналады.

Мемлекеттен тек осындай жағдай жасалады. Себебі, кооперативке кіру және мүшесі болу кезінде барлық жауапкершілікті мемлекет емес, әу бастан СІЗ көтересіз.

Осыған байланысты кооперативке ақша салу заңға қарағанда, сенім мен тәуекелге негізделеді. Бұл аталған жағдайда сіз заңмен толыққанды қорғалмағансыз.

Сондықтан, салған ақша арқылы үй алуыңыз не алаяқтарға алдануыңыз кооператив басшылығының ниетіне байланысты. Осылайша, ақшаны тұтыну кооперативіне саларда, ақшадан айырылып қалу мүмкіндігінде ойлағаныңыз жөн. Абай болыңыз!

Nazkhanov and Partners

парақшасынан алынды.

 

Пікірлер