Бауыржан сал

3897
Adyrna.kz Telegram
Мен жайлы не ойлайсың, келіп ұқтыр,
Желік қуып жүргем жоқ, ерігіп құр.
Білгің келсе, мен жайлы жырымды оқы,
Онда менің жүрегім көрініп тұр!
(Бауыржан Үсенов)
КазГУ-дің соңғы серісі
Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңба қалдырған талантты ақын Бауыржан Үсенов бізге КазГУ-дің соңғы серісі сияқты болады да тұрады. Әрине, өзіміз оқыған тұста қазақ ұғымындағы сал-серіге тұрпаты келетін басқа да жігіттер болды. Гитарамен ән салғанда қалашықты арбап тастайтын әсем әуезді Әміржан Қосанов пен өлең жырда тосын өрнек салған белгілі бард-ақын Табылды Досымовтың да табиғи болмысы серілікке жақын. Бірақ бәрібір Бауыржанның бітімі бөлек еді. Оны басына бөрік кигізіп, астына сәйгүлік мінгізіп, қолына үкілі домбыра ұстатып, он тоғызыншы ғасырға аттандырып жіберсең, лезде сол қоғамның сұлтанына айналып сала береріне ешкімнің де шүбәсі болмас. Бірде сал-серілік дәстүр тақырыбы бойынша ғылыми еңбек қорғаған Шәмшадин Керім домбырасын тықылдатып отырған бір досымызға қарап: «Сізде сал-серіліктің жекелеген элементтері бар екен» деп тұжырым жасаған-ды. Ал біздің Бауыржанның бойында сал-серіліктің барлық белгілері болды.
Жаратқан ием оған алдымен ажар-көрікті аямай берген. Жігіттің сұлтаны еді ол. Сұлу мұртын бір сипап, көзін қадап өткенде қыз-қырқынның кірпіктері діріл қағатын. Қатарластарымызды былай қойғанда, аудиторияға кірген жас апайларымыздың өзі сабақ үстінде көздерін төңкеріп, Бауыржан жаққа жиі назар салатын. Ал онымен бірге қыздардың жатақханасына бару қияметтің қияметі. Ол тұрғанда төмен етектілер сені кісі ғұрлы көрмейді. Бәрі де шай-суын беріп, соның аузына түсіп кете жаздайды. Амал жоқ, қызғаныштың қызыл итінің қыр арқасынан сипап қойып, іштей кіжініп отырамыз. Досымыз болса, қайтейік. Сұлудың бәрі соныкі. Соның жолында бәрі қоғадай жапырылады. Ал сені ешкім елемейді. Серінің жанындағы аузының салымы жоқ өңшең бейбақтар: «Ештеңе етпес, ер адамның түрі маймылдың бет-аузынан сәл тәуірлеу болса, жетпей ме?!», – деп өзімізді өзіміз жұбатамыз. Содан соң, оның серілік сапарларына ілеспеуге тырысамыз. Соны біліп, ол да жалғыз жортады.
Бір күні Бауыржан серінің мойнына құрық түсті. Көрші филологтардың жатақханасында тұратын Қызылорданың қызы Гауһарға жүрегінің бар билігін беріп тынды. Бәсе, соңғы уақытта:
Куә қып Алматының барқыт түнін,
Сен мені құшағыңда балқыт, күнім.
От көрген көбелектей бара берсем,
Ол – сенің бар сұлудан артықтығың, –
деп, кешке қарай сегізінші жатақханадан шықпай қойып еді...
Домбыраны шебер шертетін. Саусақтарын қос ішектің үстінде жорғалатып, құйқылжытып небір әуенге салады. Ән мен күйге баулитын оқу ордаларында оқитын студенттер ара-тұра бізге қонаққа келгенде қара домбыраны күмбірлетіп отырған оның айрықша талантына таңдай қағып, үнсіз бас шұлғитын. Өнердің жолын шындап қуғанда шашасына шаң жұқтырмайын жүйрік боларына дау жоқ еді.
Ал енді дауысы ғаламат. Әуелетіп ән салғанда бүкіл қалашықты ұйытады. Бауыржан домбырасын алып, өзі тұратын 505-бөлмеден шығып, қарсыдағы 502-бөлмеге келеді. Өйткені негізгі көрермендеріміз — филологтардың жатақханасы осы бетте орналасқан.
Балконға шығып, домбырасын шертеді. Сәлден кейін әнін аспандатып қоя береді. Жалпы, кешкі дауыс алысқа кетеді. Ал Бауыржанның алты қырдың астынан естілетін зор дауысы әп-сәтте қалашықты сиқырлайды да тастайды. Өтіп бара жатқан жастар қалт тұрып тыңдайды. Қарсы жатақханаларда тұратын студенттер жыпырлап балкондарына шығады. Әрбір ән аяқталған кезде төрт-бес жатақхананың тұрғындарының қол шапалағы қалашықтың ішін дүркіретеді. Тағы да ән, тағы да дамылсыз шапалақ... Дауысы мұңды, айрықша сазды. Жүректі еріксіз тербейді. Қазіргі дәмі жоқ, татуы жоқ әуезімен тыртаңдап ел алдына шығып жүрген мысықтар мен жолбарыстардың айқайы Бауыржанның әнінен садаға кетсін. Дәл осы сәтте біздің 502-бөлменің ашық-шашық балконының беделі әйгілі Сопот фестивалінің мінберінің абыройынан кем болмайды. Әншіні өз қолымызбен дайындаған бүгінгі продюсерлер секілденіп, серінің қасында шіреніп тұрамыз.
Бауыржан әнші-композитор еді. Өз әндерін өзі орындайтын. Студенттік сахналарда ғана өнер көрсетті. Онда да ел көзіне түсуге көп ұмтыла бермеді. Ал достарының ортасында аянып қалмайтын. Түн баласы ұйқы көрмей, дамылсыз шырқаған бозторғай таң алдында көз ілетін. Мұны бәрі оның ән салғанын көргендердің есінен шыға қоймағаны анық. КазГУ қалашығының тұрындары тегіс Бауыржанның әндерін айтатын. Бірақ бірді-екілі телехабарларда жазылып қалғаны болмаса, оның әндері сақталмаған сияқты. Арқырап жүрген арынды ақын аяқ астынан өмірден өтіп кетеді деп кім ойлаған?
Жырлары жүрекке жол табатын талантты жазба ақын екендігі өз алдына, суырыпсалмалыққа да бейімі болды. Студент ақындардың айтысына қатысып, талай рет жүлде иеленді. Айтыс ақынына ұтқырлық, тапқырлық, әзіл-қалжыңға бейімділік, біліктілік мен білімділік аса қажет десек, оның бәрі біздің Бауыржанның бойында болды. Бірінші курста оқып жүргенімізде төртінші курстың ақыны Ғабдолла Бұлановпен айтысты. Оқуға кештеу түскен жігіт ағасы – Ғабдолланың өзін қомсыныңқырап отырғанын байқаған Бауыржан:
Ғабеке, халің қалай, амансың ба?
Тап болдың қартайғанда жаман сынға.
Бала деп отырсың ба, ежірейіп,
Баладан сыбағаңды аларсың да.., –
деп қарсыласын ат үстінен оп-оңай аударып тастап еді.
Әдебиетке өз үнімен келген дарынды ақын болғанына ешкімнің таласы жоқ. Бауыржанға алдыңғы толқын ағалардың бәрі де жылы қабақ танытты. Университетке түскен жылы-ақ Қадыр Мырза Әли журналистика және филология факультеті студенттерінің басын қосып, жас ақындардың өлеңдеріне талдау жасаған болатын. Бауыржанның балауса жырлары жыр жампозының жоғары бағасын алды.
Осы қасиеттің бәрі бір Бауыржанның бойынан табылған соң, оны КазГУ-дің соңғы серісі демей не дейік?!
Жырлар мен жазбалар
Бауыржан өлеңдерін көбіне-көп лекция үстінде жазатын. Университетте өзін тыңдата білетін шебер лекторлар да, сондай-ақ айтқаны ішіңді пыстырып, қалғуға мәжбүрлейтін шаршаған оқытушылар да жетерлік еді. Соңғыларының сабағы өлең жазатын адам үшін рахат. Әрі дәріске қатысасың әрі шығармашылық шабытыңды оятасың. Өлеңге қырың болмаса, әңгіме айтасың. Аудиторияның ана шетіндегі әзер отырған қыздарға шайтани шимай жазылған бір жапырақ қағаз жолдайсың. Олар соған жырқ етіп, булығып, күлкіден өліп жатады. Ал енді ол қолыңнан келмесе, ұйқыға бас қоясың.
Бауыржан бала болып конспект жазған емес. Сабақ үстінде ойланып отырып, өлең құрайды. Кейбір лекцияларда бір-бірімізге бір жапырақ қағаз жолдаумен уақыт өткіземіз. Жалпы, лекцияның үстінде шайтан мықтап түртеді. Басыңа небір қитұрқы ой келеді. Оқытушың қанша жерден қатал болса да, қашаннан қалыптасқан хат алмасу үрдісі үздіксіз жүріп жатады. Ол кездің бір тұтам жазба хаттарының жету жылдамдығы бүгінгі электронды поштаңнан кем емес.
Тіпті көрші аудиториядан да бір жапырақ қағаз аламыз. Ашып қараймыз. Бізден бір курс жоғары оқитын ақын Қайрат Әлімбеков жолдапты. Бауыржан Үсеновке арналған. Бір шумақ өлең:
Болса да, төзім мықты, жаным жадау,
Жүрекке жамап алдым тәуір жамау.
Бұл өмір үңілтуде, түңілтуде,
Өзіңнің халің қалай, Бауыржан-ау?
Біздің сұлу мұрт та іркілмейді. Ілезде оның жауабы жазылған қағаз жедел пошта арқылы Қайраттың аудиториясына жіберіледі. Әдебиеттанудың өзі айтқан әлдебір қызықтарына өзі елтіп тұрған оқытушымыз соны да сезбей қалады. Әлгі бір жапырақ қағаз есіктің астындағы саңылаудан қалай ұсынылады, оны арғы жақтан келген шолғыншы қалай қабылдап алып үлгереді, бұл жазба аюдай ақырған пәрменді профессордың лекциясын құмарта тыңдап отырған көрші аудиториядағы Қайратқа қалай жеткізіледі – мұның құпиясына небір әккі тыңшының өзі терең бойлай бермес. Болашақ журналистер бұқаралық ақпараттың жеделдігін сабақ үстінде осылай дәлелдеп жатады. Бауыржанның сондағы жауабы мынау:
Бәрімізді бір ғана айналдырды із,
Қашан бізге күлімдеп, жайнар жұлдыз?
Хал сұрапсың, Қайратжан, білгің келсе,
Ішіп-ап, қыз-өмірде қайнап жүрміз!
Бізден бір-екі жас үлкен, оқуға әскерге барып келіп, дайындық курсы арқылы түскен ақын досымыздың әңгімесі бірінен бірі өтеді. Әскери борышын Германияда өтеген. «Гете ескерткіші алдындағы ой» деген тамаша өлеңі бар. Ең қызығы, өрімдей бозбала кезінде бір келіншекке ғашық болыпты. Себебі, өзі қатарлы қыздар ол кезде әлі бой жетіп үлгермеген көрінеді. Сондықтан ерте қағынған бұл ауылдағы әлгі көрікті келіншектен сая тапқан. Ана келіншек байғұс та мұрты тебіндеген бозбалаға сонша иіген сияқты. Келіншек түгілі жөні түзу қызға ғашық болудың «технологиясын» әлі дұрыстап игере алмай жүрген бізге бәрі де қызық. Ауызымыздың суы құрып тыңдаймыз. Содан соң үзілдіріп отырып, өзі шығарған «Найзағай келіншек» әнін айтып береді.
Бауыржан бірде бір құрбы қызға арнап, бір шумақ әзіл өлең жазды:
Мына жағдай жіберді тұйық та етіп,
Жыр жазамын өзіңді биіктетіп.
Мас кезімде бейнеңді түсіріп ем,
Шықпай қапты кеудемде күйіп кетіп...
Ақынның фотонысанасына айналған арудың өзіне шын ықыласы кетіп жүргенімен шаруасы жоқ. Жалпы, сол тұста жастар поэзиясында «фотоаппаратшылдықтың» үрдістері бар еді. Тағы бір Бауыржан (Жақыпов) студент күнінде күлімкөздердің біріне мынадай жыр арнады:
Бейнеңді жүрем жаттап-ап,
Жүрегім – фотоаппарат.
* * *
Сені мендей көп түсірген,
Фотограф жоқ әлемде.
Қайтесің, қит етсе, ғылым мен техниканың жетістіктерін сөзге ілік қылатын заман... Қазіргідей «Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ, соткада сеть жоқ», – деп сұңқылдайтын алапат техникасы жеткілікті компьютердің дәуірі емес. Сондықтан ақындардың тіліне көп ілінетін нәрсе – фотоаппарат, телефон... Онда да сала құлаш сымы бар, бұрамалы телефонды айтып отырмыз... «Нөмірін жүрегімнің жаттап алып, Телефон соқпайсың ба өзің біліп...». Ал бірақ ойды жеткізу үшін ғана алынатын деректік дүниелері мешеулеу болғанымен ол кездегі өлең дегенің ғаламат. Бауыржан сол тұстағы жастар поэзиясының жарқырап жанған жұлдызы болды.
Қасқыр мен қожа
Бауыржанның жанынан үйіріліп шықпайтынбыз. Ол сияқты құлашы кең ақын болғымыз келетін. Жанында біраз жүрген соң оңайлықпен ақын бола алмайтынымызды түсіндік. Себебі, ақын еместігімізді ұқтыратын жәйттер қадам басқан сайын кездесе берді. Сексен бірінші жылғы желтоқсанның соңғы күнінде «Татаркада» бір топ ақын Жаңа жылды қарсы алдық. Дұрысы, қарсы ала жаздадық. Осы кешке жиналғандардың бәрі бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлер, ал сол кезде ұлттық поэзиямызға енді ғана уық шаныша бастаған ұландар еді. Қас қарая бере аш қарынға ащы суды аяусыз айдаған менің ақын достарымның біразы Жаңа жылдың келуін күтпей, ұйқыға бас қойды. Жаңа жыл «Татаркадағы» тар үйді төңіректеп жүргенде қазақтың күллі жастар поэзиясы алаңсыз тәтті ұйқының құшағында жатты. Сол кезде ұйықтамай аман қалғандарымыз: «Әй, біз сірә, ақын болып жарытпаспыз-ау», – дедік. Шынында да сөйттік. Шу асаудай ытырынып тұрған достарымның болмысы бөлек еді.
Желтоқсан айында маужырап мызғып кетіп, келесі жылғы қаңтарда жымиып оянған шайтан мінез шайырлар жатақханаға жеткенше көшедегі дүңгіршек біткеннің терезесін шағып келе жатты. Алдап-сулап, әкелеп-көкелеп, өтірік күліп, өбектеп жүріп, ақыры бір топ жын-періні от пен суға түсіріп алмай, жатақханаға аман-есен қайырып әкелдік. Сол кезде жыр періштесі Төлегеннің өзі құлағымызға: «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым?!», – деп сыбырлағандай болған. Сондағы құйын-перен топтың бас ақыны – осы Бауыржан еді. Оның үстінде Бауыржан әскерде аса танымал спортшы, Олимпиада чемпионы Вячеслав Лемешевтің өзі жаттықтырған боксшы болатын. Ендеше, серіні сабасына түсіру жұмыстарының қаншалықты қиындықпен жүзеге асатынын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Жатақта тұрақтауынан гөрі түзде жортуы көп болса да, қолы қалт еткенде кітап оқитын. Қатарластарының бәрін де мойындайтын. Таланттарды бағалай білетін. Қабілеті кемшіндеу еңбекторыларға да кешіріммен қарайтын. Төсегінде малдас құрып алып, сол тұста Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп келіп, дүниені дүркіретіп тұрған жас ақын Болат Үсенбаевтың сөзіне жазылған әлдебір аспиранттың «Жүзік» деген әнін аңыратып отырар еді. Бұл әнді өз әндерінен де артығырақ қадірлейтін.
Бөлмелестері Бауыржанды қатты құрметтеді. «Күнде полды мен жуам, Сен бір жүрген Дон Жуан», – деп әзілдеп, ақынның қол-аяғын қимылдатпайды. Аудиторияға көп бас сұға бермейтін болған соң, ол сабаққа келсе, ел болып қуанамыз. Бірде курстасымыз Талғат Батырхан: «Жүр, емтиханға тездетіп барайық. Тіпті Бауыржанға дейін сонда кетіп қалыпты!», – деп бәрімізді күлдіргені бар.
Басқа оқу орындарының жатақханаларын жиі жағалаймыз. Ол кезде кез-келген жерде өлең ықыласпен оқылады. Әншейінде ұрдажық көрінетін малдәрігерлік институттың жігіттерінің өзі бір-екі өлең оқып берсең, сылқ ете түседі. Сондықтан Алматыдағы студенттік ортада Бауыржанның беделі өте биік болды.
Екеуміздің қалжыңымыз керемет жарасатын. Маған арнап жазған
«Әр мысқылы ұқсайтұғын шоқпарға,
Талантына таласа алмас топ қарға» деп басталатын әзіл өлеңі бар. Біз де оның келемеждеуге сұранып тұратын өлеңдерін жиі пародиялайтынбыз. Бір күні мазмұны мынадай өлең жазды. Бала күнінде елсіз далада оны тай жығып, жалғыз қалады. Сөйтіп, аузын арандай ашқан қорқау қасқырға кез болады. Әлгі қасқыр баладан көз алмай, ұзақ қарап тұрып, бұны қатты аяйды. Сосын оған тісін батырмай, өз жайымен әрі қарай кетеді. Осылайша біздің Баукең, Бауыржан қожа адамы да, аңы да сондай мейірбан кеңестік дәуірдегі гуманизмнің бесігінде тербелген қазақ қасқырының жағымды бейнесін жасайды. Әдейі қалжыңға бұрып отырғанымыз болмаса, негізі бұл – тамаша өлең.
«Тасыр да тасыр жайды ұрып,
Тұрғанда нөсер төкпелеп,
Елсізде мені тай жығып,
Ажалмен қалғам бетпе-бет» деп басталып, жан-дүниеңді қозғайтын психологиялық сюжетке құрылған шағын шығарма. Ақын қасқырдың ойына адами түйсік ұялатуға тырысады. Екі аяқты пенделер арасындағы қарым-қатынастардың түйінін жыртқыш жануардың табиғатынан іздейді. Қасқырдың өзіне ауыз салмаған себебін оқырманға нанымды етіп жеткізуге ниеттенеді:
Қасара қарап қалыпты,
Қарамай көзін таяды.
Жас төккен мендей ғаріпті,
Кім білсін, бәлкім, аяды...
Дәрменсіздікті сезіне,
Жұлқыды мені жел тұрып.
Елестеді ме екен көзіне,
Үңгірде қалған бөлтірік.
Өлеңде қорғансыздың күнін кешкен баланың болмысы («Мен қарап тұрдым үркектеп»), жүрегі жібіп, жемтігінен безінген түз тағысының әрекеті («Жөніне кетті бүлкектеп») шынайы көрініс тапқан. Бәрі дұрыс. Бірақ сол тұста шайтан түртіп жүретін желікқұмар жастағы бізге жаны жайсаң, ақкөңіл қасекеңнің осы қылығы күлкі тудырмай қоймады. Қолма-қол өңін айналдырып, пародиялап жібердік:
Белгісіздеу ғой о жағы,
Мейірімді депсің тағыны.
Ұрсын ба, қасқыр қожаны,
Аш емес шығар қарыны...
Бауыржан не күлерін, не жыларын білмейді... Мұндай күндері бәріміз де көңілді жүреміз. Той тойламаса ішкені ас болмайтын ақын өзінің «Қасқырын» қалашықтың «қасқырларына» жақсылап тұрып жуып береді.
Жоғалған «Қара машина»
Ол бір күні түнеріп отырып, «Қара машина» деген өлең жазды. Өлеңнің ұзын-ырғасы мынадай. Лирикалық кейіпкер қазақтың үш арысы – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бір жылда өмірден өткеніне таңырқап, мұның себебін іздейді. Біреуден олардың халық жауы болып ұсталып, атылып кеткенін естиді. Халықтың алақанына салып әлпештеген азаматтарының қалайша халық жауы атанғанына түсінбей дал болады. Ең ақырында: «Мен де сөйтіп, шындықты көп айта берсем, бір күні қара машина өңгеріп кететін шығар деп қауіптенем» деп түйіндейді. Бауыржан жігіттердің арасында сол өлеңін өршеленіп оқиды. Ол кезде мұндай өлең жазуға да, оқуға да ешкім тәуекел ете бермейді. Кеңестік жүйенің діңгегі мығым тұрған сексенінші жылдардың сипаты белгілі ғой. Бізге не, қылжақ керек. Бауыржанның:
Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен...»,
деген өз шумағының өңін айналдырып, оны қалжыңмен әбден қажаймыз:
Мына жағдай жанымызға батты өктем,
Саяси жыр Үсеновке шақ деп пе ең?
Әлгі өлеңді жазған күні кешкілік,
Қап-қара бір машина кеп ап кеткен!
Әзілдесек те, оған жанымыз ашып:
«Қыран жырды баптаған жігіттер аз,
Көп болғанмен қазақта Бауыржандар», – деп сақ жүруін ескертеміз. Кейін Бауыржан сырттай оқуға ауысып кетті. Барлық ақындарға тән серілік дәстүрмен оқуды бірнеше жылдан кейін бітірді.
Ол өмірден өткен соң жарық көрген кітаптарына «Қара машина» енбеді. Әншейінде ақынның бүкіл жырын жатқа айтатын жады мықты жігіттер бұл өлеңді зердесінде сақтамапты. Әркім білетін шумақтардан құрастырып көрмек болған әрекетімізден түк шықпады. Жары Гауһар да, інісі Біржан да «Қара машинаның» қолжазбасын таппай қиналды. Сірә, Бауыржанның өзі біреудің қолына түспесін деп ілгеріде жыртып тастаса керек. Біледі-ау дегендердің бәріне сұрау салынды. Ешқандай дерегі жоқ. Сөйтіп, отыз жетінші жылдардың зобалаңын жырлаған тамаша шығарманың бірі таптырмай қойды. «Қара машина» жоғалды... Ел Бауыржанның бейнесін көңілден өшірмегенімен оның атақты өлеңін ұмыта бастағандай еді. Арада жиырма шақты жыл өткенде жоғалған «Қара машина» аяқ астынан табыла кетеді деп ойламаппыз.
Жақында елге танымал бір ағамыздың баласы үйленіп, тойға бардық. Той елордада өтті. Асаба ағып тұрған жігіт екен. Ол белгілі ғалым, ардақты ақсақалымыз Тұрсынбек Кәкішевке сөз берерден бұрын ағамыздың сәкентануға қосқан үлесін айтып, бір ауыз өлең оқыды:
Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен әсем әнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!
Елең ете қалдық. Бұл Бауыржанның әйгілі «Қара машинасының» үзіндісі еді. Үзілісте жанына жетіп бардық. «Бауырым, сен мына өлеңді қайдан білесің? Журфакта оқып па едің?». «Жоқ, журфакқа жолаған емеспін. Бауыржан Үсенов ертеректе біздің Қарағандыға келіпті. Содан жатталып қалған ғой...». «Бұл өлеңнің толық нұсқасын қайдан аламыз?». «Қазір аға, той бітсін. Мен сізге бәрін түсіндіріп айтамын».
Сөйтсек, былай болыпты. Бауыржан 1988 жылы Қарағандыда өткен КазГУ мен КарГУ-дің студент ақындарының айтысына келіпті. Сол жолы ол Арқаға кең танымал әнші Жақсыкелді Кемаловтың үйінде болып, бірнеше өлеңін оқыпты. Өнердің қадірін білетін Жақсыкелді таспаға жазып алған жырлардың ішінде «Қара машина» да бар екен. Содан Жаңарқаның жырқұмар жігіттері бұл өлеңді жатқа айтатын болған. Әлгі тойда Бауыржанның жырын екпіндетіп оқыған Жарулла асаба да осы өңірдің азаматы көрінеді.
Арқаның ән мектебінің айтулы шеберлерінің бірі Жақсыкелді ұзамай «Қара машина» өлеңі жазылған таспаны бізге беріп жіберіпті. Ақын досымыздың өз дауысымен оқыған өлеңін қызғыштай қорып, жиырма бір жыл сақтаған Жақсыкелдіге Алланың нұры жаусын!
Таспаны ұясына қондырғанымыз сол екен, Бауыржанның сол баяғы дауысын есіп, жүрегіміз атқақтай жөнелді: «Мен бұл өлеңімді мынау Сарыарқаның жігіттеріне арнаймын. «Қара машина». Репрессияға ұшырап кеткен қазақтың ұлы адамдарына арналады». Жақсыкелдінің жіберген сол үнтаспасы осы мақаланы жазуымызға түрткі болды. 1981 жылы жазылып, жоғалып табылған сол өлеңнің толық нұсқасын енді оқырманға ұсынайық:
Қара машина
Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,
Келбетіне құдайдайын үңілем.
Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи
Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.
Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,
Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.
Бірақ халық жауы болып ұсталып,
Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.
Естеліктер жазып жүрген сан адам,
Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.
Қалайша жау қазақ әдебиетінің,
Іргетасын құлдар құсап қалаған?!
Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен әсем әнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!
Алатаудан Ақсу болып бұрылған,
Қыран жырды қайыратын қырымнан.
Жансүгіров емес пе еді Құлагер,
Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!
Талантына табынам мен қай елдің?
Мен өзімнің қазағымнан май емдім.
Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,
Еркек түгіл коммунисін әйелдің?
Қалайша жау ардагерлер топ жарған?
Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.
Қырандарға көкте қаққан қанатын,
Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған?
Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен...»
Қалың топты жарып шыққан мергенді,
Қазақ қашан асылына теңгерді?
Қолымызбен ұстап берген ерлерді,
Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді...
Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсіммен.
Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем...
Осыдан он сегіз жыл бұрын, елдің тәуелсіздік алуына небәрі төрт жарым ай қалғанда өмірден өткен Бауыржан ортамызда жүрсе, келер жылы тойланатын елу жылдық мерейтойына әзірленіп жатар еді...
2009 жыл.
* * *
PS. Содан бері де он екі жыл өтті. Рухы биікте болсын! Бауыржанның өлең өрімі ғана емес, ақ қағазға өз қолымен өрнектеген жазуы да аса көркем-ді...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер