Білім саласында да қазақ тіліне үстемдік жоқ па?

3341
Adyrna.kz Telegram

Біздегі білім саласында мұғалімдердің біліктілігі мен білімін анықтайтын іс шара түрлері жеткілікті. Соның бірі ұстаздарды аттестациядан өткізу. Осы аттестациядан өту мәселесіне байланысты бірқатар мұғалім оның кемшін тұстарын айтудай айтып, жазудай жазуда. Өкінішке қарай, кемшіліктер түзетілудің орнына, керісінше өрескел қателіктерге жол беріп жатқандай.

Мұғалімдерді атестациядан өткізуге байланысты жазбасында Айман Сағидулла: «Жалпы мұғалімдер тест тапсырып, портфолио жинап , авторлық бағдарлама жазып болып аттестациядан әрең өтеді. Дұрыс дейік.

Ал, шет тілін жетік меңгерген мұғалім, шет тілін меңгергені туралы сертификаты болса, автоматты түрде аттестациядан өтеді» дейді. Осы мәселеге байланысты Айман ұстаздың өзіне хабарласқанымызда, "Педагог мәртебесі туралы" Заңды іске асыру аясында қабылданған құжатты алға тартты.

«Бақсақ, бақа екен» демекші, құжаттың (суретте) 50-ші пунктінде ағылшын, француз және неміс тілінің қажетті деңгейін меңгергенін растайтын сертификаты бар шет тілін оқытушы ұстаздарға біліктілік санаты аттестациядан өткізілмей-ақ берілетіні тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Осы 50-ші пунктке үңіліп қарап, оқып шыққанша, мына құжат Қазақстан мұғалімдері үшін емес, шетел мұғаліміне арналғандай көрінді.

Білім министрлігінің бұл құжатты дайындауда шет тілін меңгерген, «Болашақ» сияқты түрлі бағдарламамен шетелде білім алған мықты жастарды жұмысқа тартуды мақсат еткені анық. Алайда шетел көрген адамның біздің мектептерге жұмыс істеуге ықылас таныта қоюы екіталай емес пе? Мектеп былай тұрсын, шетел асқан жастардың жартысынан көбі елге кері қайтпауға барын салуда. Олай болса, білім саласына қатысты салмақты құжатта мемлекеттік тілге емес, шетел тіліне соншама басымдық берудің қаншалықты қажеті бар? Шет тілін білгені үшін жоғары дәрежедегі санатқа оп-оғай сырғып өтуге болатын болса, ондай «білікті мұғалімнің» білім саласындағы тәжірибесі қалай өлшенбек? Түсініксіз.

Осыған дейін еңбек өтіліне, тәжірибесіне қарай өтетін аттестациядан қазір бір парақ сертификатпен алаңсыз өтуге болады екен онда. Кез келген мамандық иесінің біліктілігін тәжірибесі анықтайтынын ескерсек, мынадай құжатпен ағылшынша сайрап тұрған, бірақ оқыту дегеннің не екенін білмейтін дүбаралар мектептерді жауламасын деп тілейік.

Ендігі бір мәселе, осы құжаттағы шет тілін оқытушы мамандарға берілетін мынадай мүмкіндік мемлекеттік тілді жетік білетін мамандарға неге берілмейтінінде. Қазақстанда ағылшын тілін білсең, жолың айқара ашық, ал мемлекеттік тілді білетіндер ше...? Мемлекеттік тілді білетіндер жанталасып портфолио толтырып, керекті-керексіз қағаздарды жинап, жанталасып аттестация тапсыруы керек. Бұл алалау емес пе? Бұл әділетсіздік емес пе? Сіз ұалай ойлайсыз?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер