Махамбет Досмұхамбетов: Анаға құрмет, қыз-келіншектерге ізет әр күні жасалады

3053
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 8-наурыз  әйелдердің халықаралық күніне орай өңірдің қыз-келіншектерін құттықтады.

«Өмір сіздермен шуақты» атты іс-шараға қоғам қайраткерлері, ардагер және  көп балалы аналар мен қала, аудандардан келген  әр салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектері қатысты.

Аймақ басшысы алдымен әйел затының адамзат тарихы мен әлем өркениетіндегі ерекше рөліне тоқталды. Ұлттық тарихта да халқымыздың анаға ізет, әйелге құрметті әр күні жасайтынын, оның ғасырлар бойы келе жатқан басты құндылығымыз екенін атап өтті.

«Әлемдегі жақсылық, ізгілік пен қайырымдылық — ананың ақ сүті мен асыл арманының жемісі іспетті. Ал ешкімге бас имеген батыр да, ешкімді бет қаратпаған ақын да ананың алдында бас иеді. Бұл терең тарихымыздан келе жатқан ақ жаулықтыларға деген айрықша құрмет, ұлағатты ізет! Өйткені, қызын құрметтеп төрге оздырған, жарын әлпештеп, анасын аялаған елдік санамыз бар. Сондықтан қыз-келіншектеріміздің арасынан батыр да, ақын да, тұтас елге тұтқа болған даналар да шыққан»,- деген Махамбет Досмұхамбетов әйел қауымының Тәуелсіздікті нығайтуда мемлекетіміздің қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени жалпы барлық саланың дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айрықша атады. Сонымен қатар, ұлт тарихында, дәстүрлі отбасы институты мен ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың зор рөліне ризашылығын білдірді.

 

«Сіздер, еліміздің болашағы үшін ұлы миссия атқарып отырсыздар. Қазіргі қоғамда тек шаңырақтың шаттығы ғана емес, елдік істердің басы-қасында да жүрсіздер. Атыраулық қыз-келіншектер де кәсіпкерлік пен саясат, білім мен денсаулық, ғылым мен өнерде өрелі істерімен көзге түсіп, жетістіктерімен қуантуда. Сондықтан Сіздер арқылы барша аналарымызға, апа-қарындастарымызға ерекше алғысымды білдірем!»,-деді құттықтау сөзінде.

 


Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева бастап, еңбек ардагері, дәрігер, полиция, мұғалім, сондай-ақ өнеркәсіп пен өнер саласы сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері кезекпен сөз алып, барлық аналар мен қыз-келіншектерге ыстық лебіздерін  жеткізді.  

 

 


Мемлекеттік қызмет істері саласының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рашиля Мұрсалиева пандемиялық қиындықтарға қарамастан ең бастысы өңірде ауқымды жұмыстар жасалып жатқанына тоқталды.
«Алымен елдегі қиындықтарға қарамастан еліміз де, өңіріміз де даму жолын жалғастырып келеді. Күрделі кезеңде аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз   ерен еңбек етті. Мемлекетіміз пандемиядан толық арылып, алдағы уақытта өңіріміздің өркендеуі жалғассын. Барлық аналарымыздың тілегі осы!»,- деді ол.
Сондай-ақ, іс-шарада әйел қауымы әсем ән шырқап, қыз-келіншектерге естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер