Жетінші қабат... "Жас Алаш"...

3940
Adyrna.kz Telegram
(Немесе «апайтөстер» мен «жалаңтөстердің» шуақты шаңырағы хақында)
Бірыңғай спорт тақырыбына жазатын әйгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов басқаратын «Лениншіл жас» газетінің редакциясында атауы шартты түрде қойылған екі футбол командасы бар еді. Хат қоржынына түскен мақалалардың тақырыбына дейін ойнатып беруге машықтанған басылым осы екі топқа ат табуға келгенде де шеберлік танытқан-ды. Өңкей бөлім меңгерушілерінен жасақталған команданың аты – «Апайтөс», ал тілшілердің командасы – «Жалаңтөс». Әншейінде апайтөстердің алдында ыздиып тұрғанымен жалаңтөстер алаңға шықса болды, арғымақтай көсіледі. Содан ойын аяқталған соң ғана бәрінің де желігі басылып, қойдан жуас момақан кейіпке түседі. Өйткені бөлім меңгерушілері шетінен тегеурінді. Атақтарынан ат үркеді. Сондықтан да олар апайтөс деп аталады. Осыған орай апайтөстердің қарымды қорғаушысы Қасым Әзімхан «Жалаңтөстердің» ішінде Қали Сәрсенбай сияқты апайтөстер, ал «апайтөстердің» арасында мен секілді торғайтөстер де жүр» деп бәрімізді күлдіретін.
Бір ғажабы, апайтөстер мен жалаңтөстер тек футбол ойнап қана қоймайтын. Олар түскі үзіліс кезінде немесе кешке қарай тоғыз қабатты әйнек ғимаратта тағы бір ойын түрінен сайысқа түседі. Біздің басылым қоныс тепкен жетінші қабаттың кең дәлізінде тұрған теннис үстелі жан алысып, жан беріскен бәсекенің көрігіне айналады. Сол сәтте әлгі атаулар қайта жаңғырады.
Сонымен, біздің тұсымыздағы апайтөстер кімдер еді?! Міне, қараңыз... Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Өтеген Оралбаев, Несіп Жүнісбаев, Саттар Сапарбеков, Жұмагүл Солтиева, Нұрлытай Үркімбаева, Қасым Әзімхан, Ертай Айғалиев... Бәрі де танымал.
Мақалалары мен очерктері, әңгімелері мен өлеңдері республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып тұрады. Тіпті кейбірінің бірнеше кітаптары бар. Газеттің киелі босағасынан енді ғана имене аттаған біз секілді бота тірсек бозбалалар үшін бұлар – бір-бір асқар шың. Әсіресе, шың түгілі, тауы мен төбесі де жоқ, оның үстіне көк шалғынға жұтаңдау жазық даладан келген мен үшін бәрінің де бейнесі биік тұрады. Бірақ сол азуы алты қарыс апайтөстердің үстінен қарайтын адамдар бар.
Олар – бас редакторымыз (ол кезде жай ғана «редактор» деп аталады) Сейдахмет Бердіқұлов, оның орынбасары – Ержұман Смайыл, жауапты хатшы – Ерғали Сағат. Ешкімге басын имейтін бөлім бастықтары осы үлкен үшеудің алдында ғана есеп береді. Ақпарат бәсекесінде аты озып тұрған бұл берекелі басылымның бөлім меңгерушісі болу – үлкен мәртебе. Ардақты ағайларымыз осы қызметке бекітілер алдында былайғы уақытта мойнына ілмейтін шоқпардай галстуктерін қылғынып байлап алып, кіші Цекаға барып, жердің құртындай ширақ шенеуніктермен әңгімелесіп келеді.
Еліміздегі барлық мекемелер сияқты «Лениншіл жастың» да өзіндік тәртібі бар. Мәселен, бөлім меңгерушілерінің бос тұрған орындығына тілшілер ешқашан отырмайды. Кім шығарғанын, қашан шығарғанын білмейміз, бірақ бұл – жазылмаған заң. Байқаусыз қонжия кетсең, басың бәлеге қалады. Себебі, әдеп бойынша да, әдет бойынша да бұл орынға өзің тағайындалған күні ғана отыруға тиіссің. Ал қашан тағайындалатыныңды бір құдайдың өзі біледі...
Біздің дәуіріміздегі «Жас Алаштың» ерекше құрылымына ел-жұрт қызыға қарайтын. Өз алдына бір әлем – секретариатты қоспағанда, мұнда он бөлім болды. Ресми реттілігіне қарай тізбелесек, Комсомол тұрмысы, Насихат, Жұмысшы жастар, Шаруа жастар, Студент жастар, Әдебиет және өнер, Жастар және адамгершілік тәрбие, Мәдениет, Хат, Спорт бөлімдері редакцияның шаңырағын көтеріп тұрған он уық секілді еді. Уық болғанда қандай! Әрқайсысы бір-бір алтын діңгекке бергісіз.
Осы он бөлімнің он меңгерушісі бар. Олардың әрбіреуіне бір тілшіден бөлінген. Яғни, бір адамға – бір бастық. Бірақ соған қарамастан бұл бір адамның бастықтары жоғарыда айтқанымыздай, аса беделді.
Сондай-ақ, олардың қарамағындағы «бір адамдар» да осал емес-ті. Қонысбек Ботбай, Баян Болатханова, Дүрәлі Дүйсебай, Сапарбай Парманқұл, Серік Рәсілов, Әділғазы Қайырбеков, Алма Мұхамеджанова, Гүлзира Молдажапарова, Қыдырбек Рысбеков, Әнуарбек Әуелбек...
Ұзамай Сейдахмет аға «Жалын» баспасының директоры болып бекітілді де, оның орнына «Қазақстан пионері» газетінің басшысы Уәлихан Қалижанов ағамыз келді. Сөйтіп, алпауыт апайтөстер мен жұқалтаң жалаңтөстердің билігі Уәкеңнің қолына көшті. Содан жеті жыл бойы мінезі жайлы, пейілі кең ардақты азаматтың қарамағында қызмет істедік.
Бөлім меңгерушілері мен тілшілердің арасында бастық пен бағыныштының ресми қарым-қатынасынан гөрі аға мен інінің жарасымды сыйластығы басымырақ еді. Реті келсе, ағаларымызбен де әзілдесіп тұратынбыз. Секретариаттағы біздің буынның өкілі, жауапты хатшының орынбасары Әділ Қойтанов жауапты хатшы Жарылқап Бейсенбайұлының орнына уақытша бастық болып қалғанда, оның атынан өлең жазып:
Мен қазір жаухатшымын, Жақаңдаймын,
Сондықтан әркімдерге қоқаңдаймын.
Зав отдел, тілшілерге айқайлаймын,
Уәкең мен Ерағаңа бата алмаймын,
деп жетінші қабаттың ұзын дәлізінде әндетіп жүретін кезіміз күні кеше сияқты еді...
Редакциямыздың қос қымбат қазынасы болды. Оның бірі – әйгілі Бағдат Момбеков. Ол нөмірге кетіп бара жатқан суретке ретуш жасайды. Яғни, әрлеп-әсемдейді. Қайнар Олжай баяғыда «Қазақ университеті» газетіне осы ағамыз туралы «Қиқар шалға хат» деген шағын мақала жазған. Осы қиқар шал бәрімізді қиқарлықтан басқа нәрсенің бәріне үйретті. Екіншісі – хат тіркеуші апайымыз Бибіхан Байтілесова. Ақыл-парасаты мол бұл кісінің бойынан да тектіліктің белгісі байқалып тұрар еді.
Мен «Жас Алашқа» (ол кезде әлі «Лениншіл жас») журфактың бесінші курсында оқып жүргенімде келдім. Сол жылдарда газетке үзбей мақала жазған студенттерді жұмысқа алатын дәстүр бар еді. Сөйтіп, біз де студент тілші болдық. Бұған қол жеткізу үшін біраз тер төгу керек-ті. Ең мықты басылымның бірі болған соң, бұл редакцияда орын босай бермейді. Сайдың тасындай іріктелген таңдаулы журналистердің бәрінің басы осында тоғысқан. Мұндай сүттей ұйыған ұжымнан кім оңайлықпен кетуші еді?!
Бір күні сәті түсті. Бір тілші қызмет ауыстырып жатқанға ұқсайды. Басқа емес, сол жылдарда қазақ баспасөзінде қара сөзден құйын ойнатып тұрған Қайнар Олжайдың өзі. Қуаныш Жиенбай басқаратын комсомол тұрмысы бөлімінің аға тілшісі. Енді «Жас Алаштың» орталық облыстардағы меншікті тілшісі болып бекітіліпті. Соған орай Алматыдан Қарағандыға қоныс аудармақ. Сол орынға әріптес ағаларымыз бізді ұсыныпты.
Осының алдында ғана Қайнар Олжайдың қарамағында өндірістік тәжірибеден өткенбіз. Ол аз ғана уақытта көп нәрсе үйретті. Тақырып қоюға баулыды. Форма іздеуге жетеледі. Өзгеше жазуға ұмтылдырды. Сірескен саяси бөлімнің қасаң дүниелерінің өзін жұртқа оқыта білу жолдарын көрсетті. Кейін көрші бөлімнің жігіттерімен айтысқа түскенде
«Әр шыққан сапарынан, айналадан,
Кезі жоқ қанжығасын майламаған.
Комсомол бөлімінен түлеп ұшқан,
«СҚ»-да істейтұғын Қайнар ағам» деп әндететін едік.
Сәуір айының алғашқы күні сол Қайнар ағамның құтты орнына келіп орналастық. Қайнекеңнің өзі отырғанда осы үстелге жайғассаң болды, мақала дегенің өзінен өзі жазылып жүре беретіндей көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Бұл үстел иесіне ғана бағынатын сыңайлы. Біз де беріспедік. Ерінбей-жалықпай жұмыс істегенді білдік. Иесінің енді жуық арада келе қоймасына көзі жеткен соң қоңыр үстел де ыңғайға көне бастағандай...
КазГУ-дегі ұстазымыз, белгілі фантаст жазушы Абдул-Хамид Мархабаев бізді көрсе, «Лениншілдеу жастың» балалары, қалайсыңдар?», – деп әзілдейтін. Біз жұмыс істеп жүрген тұста осы «Лениншіл жас» атауынан арылудың сәті түсті. 1991 жылы дүние жүзін дүрліктірген тамыз бүлігінен кейін тура тоғыз күн өткенде газеттің алғашқы атын қалпына келтіріп, «Жас Алаш» болып шығып, жарияға жар салдық. Дәлірек айтсақ, сол жылғы 28 тамызда (167-нөмір) басылымның жаңа дәуірі басталды.
Сонымен, студент кезімде қызметке қабылданған мен алдыңғы төрт жылды жалынды жалаңтөстердің сапында, кейінгі төрт жылды алымды апайтөстердің қатарында өткізіппін. Осы тәлімі мол кезеңді өмірімнің ең маңызды белесі дер едім. Тағы бір қызығы, «Жас Алаштағы» сегіз жылда бір-ақ бөлмеде отырдым. «Сарқыраманың ар жағы, сылдыраманың бер жағы» деген секілді, шаруа жастар бөлімінің ар жағындағы, насихат бөлімінің бер жағындағы шағын кабинет. Сол сегіз жылда бөлімімнің аты үш рет өзгерді. Комсомол тұрмысынан Жастар ұйымдары бөліміне, одан Ақпарат бөліміне айналдық. Бірақ бөлмеміз сол күйінде қалды. Тілшіден бөлім меңгерушілігіне ауыстым. Яғни, осы бөлменің ішінде бір үстелден екінші үстелге «қоныс» аудардым. Қолы мен жолы құтты Қайнар Олжайдың киелі қоңыр үстеліне талантты әріптесім Құлтөлеу Мұқаш келіп жайғасты. Бұл бөлмеде мен ұшан-теңіз тәжірибе алдым. Осы қасиетті құтханаға кірген қазақ зиялыларының айтқан әңгімелері оқу орындарының атшаптырым аудиторияларындағы даналық дәрістерінен бір де кем түскен жоқ.
Бұл басылымда бір курстың алты түлегі қатар қызмет істедік. Әуелі мен келдім. Одан соң Әнуарбек Әуелбек пен Жақсылық Молдақұлов қатарымызға қосылды. Кейіннен Ғалымжан Мелдешов пен Досымхан Қапасов қызметке қабылданды. Нұржамал Байсақалова Қарағандыдан қайтып оралды. Осы аспандап ұшқан алты қаздың бәрі де қонар жерін тапты.
Біздің тұсымызда «Лениншіл жастың» 65 жылдығы тойланды. Қала сыртындағы көк шалғынға үй тіктік. Табиғат аясында дем алдық. Басылымның балалары кең далада асыр-салып жүгіріп жүрді. Елуден жаңа ғана асқан Сейдахмет Бердіқұлов ақ тер, көк тер болып волейбол ойнады.
Бұл басылымда біз қызмет істеген кезеңде қоғам жариялылыққа бет бұрды, ұлт пен жұрттың санасы сілкінді, жастар қауымы азаттық үшін арпалысты, кеңестік жүйе ыдырап, ел тәуелсіздігін алды. «Жас Алаш» үнемі өз сарбаздарын қолдап отырды. Мәскеуде өткен жас журналистердің бүкілодақтық кеңесіне бардық. Әйгілі ТАСС-тың бас кеңсесінде, «Комсомольская правданың» баршаға танымал редакциясында болып, әбжіл әріптестерімізбен пікір алыстық. Демократия дәуірінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Пульс» (бұрынғы «Комсомольская жизнь») журналының редакциясында тәжірибеден өттік.
«Жас Алашта» тағы бір бұлжымас дәстүр бар еді. Газетте оншақты жыл жұмыс істеген соң, басқа басылымға ауысудың қамын қарастыра бастайсың. Бұл бір жастықтың символы іспетті ақпарат құралы деуге болады. Есейгеніңді сезінген соң қара шаңырақтан түлеп ұшуға даярланасың. Өмірдің өзі соған міндеттейді. Тек барар жолыңды, басар тауыңды дұрыс таңдауға тиіссің. Біз де сөйттік. Басылым қабырғасында жүріп-ақ, университеттің ізденушісі ретінде кандидаттық диссертация қорғағанбыз. Жалпы, сол жылдарда «Жас Алашта» үш ғылым кандидаты жұмыс істедік. Уәлихан аға, Амантай Оспанов және біз... Сондықтан ғылым жолына біржола бет бұруды жөн көрдік. Өзіміз түлеп ұшқан Қазақ мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке ауыстық. Бәрібір бұқаралық ақпарат құралдарынан іргемізді аулақ салғанымыз жоқ. Тамырымыз байланған түп-төркінімізге ауық-ауық қайта айналып соға бердік.
Сондықтан бұл басылым тарихының бір үзігі біздің өміріміздің де берекелі бөлшегі болды дей аламыз.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер