Көсемсөздің Қаллекиі

3288
Adyrna.kz Telegram
Корректордан бас редакторға дейiн
Айнымаған қалыптан,
Алғыс алған халықтан.
Амангелдi Сембиндi,
Алты алашқа танытқан.
(Журналистiк фольклордан)
Осыдан отыз бір жыл бұрын Алматы қаласындағы Төле би мен Бауыржан Момышұлы көшелерiнiң қиылысындағы 97 пәтерлiк тұрғын үйде ұлан-асыр той болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң баспасына (қазiргi «Дәуiр» баспасы) қарасты газет-журналдардың қызметкерлерi бiр күнде осында көшiп келдi. Қаламгерi бар, баспагерi бар, шетiнен асыға күткен бұл көшi-қонды созатындай ретi де жоқ-ты. Бәрi дерлiк пәтер жалдап, әркiмнiң қабағына қарап күн көрiп жүрген жастар мен жасамыстар едi. Екi-үш шаңырақтың шағын дүние-мүлкi бiр көлiкке еркiн сиып кететiн. Таңертең баспа директорының орынбасары Арно Яковлевич Лерх пен құрылыс бөлiмiнiң бастығы Леонтий Петрович Пискунов үй алғандарға жағалай кiлт үлестiрдi. Түстен кейiн-ақ көштiң басы «Ақсайға» бұрылды. Жеттiм бе, жетпедiм бе деп жанығып келiп жатқан жұрт...
Солардың iшiнде пәтерден-пәтерге көшуден Алматының рекордын әлденеше рет жаңартқан Қали Сәрсенбайдың орны бөлек едi. Сол жолы оның төрт бөлмеге қолы жеттi. Қалекеңнiң балалары үйреншiктi дағдымен бiр бөлмеге жиналып алып, шоғырланып отыруға бейiм тұратын кезi осы тұс. «Жас Алашта» бiрге қызмет iстегенбiз. Ендi көршi болдық. Осы үйде тұратындардың iшiнде пәтердiң зарын одан көп тартқан адам табыла қоймас.
Шынында да, журналистер арасында Қали Сәрсенбайдың көрмеген қиындығы жоқ едi. Журфакты бiтiрген соң, газеттегi қызметiн корректорлықтан бастаған. Жалғыз Қалекең емес, бұл басылымға қызметке тұру қол жетпес арманға айналған жылдарда қазақтың бүгiнгi мықты журналистерiнiң бiразы тiлшi болардан бұрын корбюроның табалдырығынан имене аттап, бiрер жыл қате терген.
Бұл тәжiрибе оларды ұқыптылыққа үйреттi, мәтiннiң сапасын қадiрлей бiлуге машықтандырды. Бұрын да сөйлемiне селқос қарамайтын жiгiттердiң қаламы одан әрi ширай түстi. Бұлар корректорлықты тиянақтылықпен атқара жүрiп, үзбей мақала жазды. Сол жазуға қабiлеттiлiгiнiң арқасында түбiнде өзгелерден озып шықты. Көбiсi корректорлықтан бас редакторлыққа дейiнгi жемiстi жолдан өттi. Сүрiнсе де сұламады, қисайса да құламады. Бiр қызығы, оларға сол корбюродан бiрден бөлiмге барудың да сәтi оңайлықпен түсе қоймады. Бiразы әбден сiлiкпесi шығып, секретариатта сенделдi. Бiздiң кейiпкерiмiз де – осындай қиындықтың көрiгiнде шыңдалған топтың өкiлi. Жазуын былай қойғанда, оның өмiрбаянының өзi – өнеге.
Сексенiншi жылдардағы секретариат дегеннiң не екенiн сол кездi бастан өткерген буын жақсы бiледi. Бұл – бiр қайнаған тiршiлiк. Көпшiлiктiң жөн-жосықсыз кiре беруiне тыйым салынғанына қарамастан ерiккен мен зерiккеннiң үнемi бас қосатын жерi – осы. Бiреу-мiреудiң туған күнi болса да, тiлшiлердiң тәуiр мақаласы шықса да, газет қызметкерi iссапардан ат-көлiгi аман келсе де, соны атап өтетiн дастархан нақ сол жерде жайылады. Себебi, секретариат басқа бөлмелерге қарағанда кеңдеу болады. Сол кеңдiктiң арқасында кәсiподақтың жиындары да сонда өтедi. Ал партия жиналысына қатысатындар бас редактордың бөлмесiнде бас қосады. Өйткенi партияның аты – партия. Онымен ойнауға болмайды.
Жиналыс пен той-томалақтан босай қалғанның өзiнде секретариаттан адам құрғамайды. Бiреу кiредi, бiреу шығады. Бiрi кетiп бара жатса, әлгiнде ғана қарасын батырған адам қайта бас сұғады. Ылғи бiр сөзшеңдердiң басы осында тоғысады. Ол аз десеңiз, көк базардың маңайында шабыт шақырып жүрген адуынды ақын жiгiттер секретариатқа сәлем бере келедi. Мұндайда қайдағы жазу... Адам аяғы сәл басылды-ау деп, қағазға ендi үңiле бергенiңде, желке тұсыңдағы ақпарат құбыры арқылы жеткен патрон тұғырына сарт ете қалады. Ресми хабар әкелген жұмыр құтыға тұра ұмтыласың. Кейде көршi басылымдардың жiгiттерi патронға салып, бiр-екi тал темекi жолдайды. Осындай ерекше тәсiлмен жеткен шылымды қалай шекпейсiң?!
Сол мазасыз секретариатта отырып-ақ, Қали ағамыз бiр күнi «Қайыспас қара кемпiрлер» деген керемет мақала жазды. Кәдiмгi Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпiр» әнiне өзек болған жәйттерден өрбiтiп, әлеуметтiк құбылыстарға терең талдау жасайды. Оқырманды бiрден елiктiрiп әкетедi. Бұл мақала жаппай оқылды. Кейде әр жылдарда редакциядағы белгiлi бiр журналистердiң жұлдызы жанатын сәттер болады. Алтекеңнiң «Қара кемпiрi» Қалекеңнiң қаламына құт қондырды. Кейiн оның басқа да елдi елеңдеткен мақалалары жиi жарық көрiп жатты. Бiрақ бәрiмiздi алғашқы әсерге бөлеген сол жарияланымның жөнi бөлек-тi.
Қали Сәрсенбай қолына автоқаламын алса, мақала жазып, бояу қаламын алса, макет сызып, сабырлы да салмақты қалпымен жұмысын жалғастыра бердi. Сөйтiп, ол секретариатқа барған адам жазудан шығып қалады деген түсiнiктi тас-талқан еттi. Оның хатшылықтағы тәжiрибесi кейiн молынан кәдеге асты. Басқа басылымдарға басшылыққа келген кезде газеттi әрлеп-әсемдеудiң мың сан тәсiлiн ұсынып, өзгеше өрнек салды.
Әдепкiде айтқанымыздай, оның журналистикадағы жолы жеп-жеңiл бола қойған жоқ. Сананы сiлкiлеп, жүйкенi жұқартатын секретариаттан бөлiмге ендi ауысқалы жүргенде, редакцияда төтенше жағдай болды. Газетке жарияланған КПСС Орталық Комитетiнiң қаулысынан сегiз абзац түсiп қалыпты. Бүкiл жұртты сергелдеңге салған сегiз абзац оқиғасы Қалекеңнiң қызметтен кетуiмен аяқталды. Мұндай жағдайда әйтеуiр бiреу-мiреу жазалануға тиiс. Сол күнi кезекшi болған секретариат қызметкерi Қали Сәрсенбай мен корректор Сәдуақас Жұбатов құрбандыққа шалынып кете барды. Бiр қызығы, екеуi де қатарынан оза шапты. Қали Сәрсенбай кейiн осы басылымға бас редактордың бiрiншi орынбасары болып қайтып оралды. Ұзақ жыл «Алматы ақшамы» газетiн басқарды. Қазiр – «Ана тілі» газетiнiң бас редакторы. БАҚ саласындағы Президент сыйлығының және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы арнайы сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi. Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Ал қатардағы жауынгер кезiнде жұмыстан шығып кеткен Сәдуақас Жұбатов қазiр полковник дәрежесiне дейiн жеттi. Ол Iшкi iстер министрлiгiнiң «Қалқан» газетi мен «Бүркiт» журналының бас редакторы болды. Оларды қызметтен қудалаған компартияның демi әлдеқашан бiтiп қалды. Есесiне бұлар өсiп-өрлей бердi.
Сөйтiп, кезiнде бiр емес, екi бiрдей болашақ бас редакторды жұмыстан шығарып жiберiппiз. Ұятын айтсайшы...
Өнердiң өз өкiлi
Армандары көп бала,
Артық сөзге жоқ бала.
Ауылында жүрген-дi,
Актер болсам деп қана...
(Журналистiк фольклордан)
Бала күнiнде журналистиканың жалына жармасудан гөрi актер болуға аңсары көбiрек ауыпты. Тек құр армандап қана қоймай, мектеп пен ауылдың сахнасында қойылған талай пьесада ойнаған. Түр-тұлғасы келiстi, дауысы жағымды бозбала өнердiң бұл түрiне жан-тәнiмен кiрiскен. Рөлiне берiлгенi соншалық, күлсе, шын күлген, жыласа, шын жылаған. Ұзын-сонар монологтар мен қысқа қайырылатын диалогтарды үнемi жаттап жүрген. Жасынан халық әндерiн айтып үйренген. «Ақбақайды» кәдiмгi кәсiби әншiлерiңнен кем шырқамайды. Бұл ән қырық жыл бойы Қалекеңнiң репертуарынан түспей келедi. Бiздiң балалық шағымыздың куәсi – Радж Капурдiң әйгiлi «Господин 420» фильмiнде қаңғыбас бас кейiпкердiң әндетiп жүретiн сәтi есiңiзде ме? Соның ел арасында кең тараған қазақша нұсқасы былай болып келер едi:
«Бұлттар көшiп барады,
Рита маған қарады.
Өле кетсем егер де,
Рита кiмге қалады?».
Қалекең әкесiнiң шляпасын киiп, сырықтың басына түйiншек iлiп алып, осы әндi де нәшiне келтiре орындапты. Сөйтiп, оның әншiлiгi елiмiздiң шеңберiнен шығып, халықаралық деңгейге көтерiлген. Құдай бiледi, ол сөз өнерiн емес, сахна өнерiн қалағанда да, ешкiмнен кем болмас едi.
Жас күнiнде ағасы Мэлс пен жеңгесi Рыскүлдiң қолында өсiптi. Орысы ормандай Солтүстiкте туған Рыскүл қазақы өңiрге өзгеше тыныс әкелiптi. Кiтапты өте көп оқиды екен.
Үйге «Роман-газета», «Огонек», «Крестьянка», «Работница» журналдарын жаздырып алатын көрiнедi. Соның бәрiнiң рахатын Қали көрген. Әсiресе, «Огонек» суретшiлер туралы танымдық мақалаларды көбiрек жариялайды. Солармен танысып шыққаннан кейiн түсiнiгi тереңдей түстi. Әр елдегi, әр дәуiрдегi ғаламат қылқалам шеберлерi туралы жеткiлiктi мәлiмет алды. Бұл тақырып оны керемет қызықтырды. Бейнелеу өнерiнiң беймәлiм қырлары жөнiнде жазуға ықыласы ауды.
Оның актерлiктi аңсауынан қаламгерлiктi қалауының басымдау болып шығуына ықпал еткен адам өзi туып-өскен «Жайылма» ауылындағы орта мектептiң мұғалiмi, қазақтың белгiлi жазушысы Пернебай Дүйсенбин едi. Ол – жетпiсiншi жылдардың аяғында «Жалынның» жабық бәйгесiнде жүлде алып, айды аспанға бiр-ақ шығарған қаламгер.
Бала кезiмiзде «Кiшкентай генералдар», «Жұлдыздар неге жылайды?» повестерiмен танылған Пернебай ағамызды жақсы бiлетiнбiз. Iлгерiректе «Лениншiл жастың» «Аққу» эстетикалық клубының тұрақты авторы ретiнде әйгiлi суретшiлер туралы мақалалар топтамасын жазып, оқырманға кең танылғанынан да хабардар едiк. Кейiн Қалекеңнiң өзi жазғандай, Пернебай Дүйсенбин студент шағында Ташкентке қазақтың атақты суретшiсi Орал Таңсықбаевты iздеп барыпты. Ереванға жол тартып, армянның әйгiлi суретшiсi Мартирос Сарьяннан сұхбат алыпты.
Бұл жағынан да ол кейiн өнер тақырыбына маманданған Қали Сәрсенбайға үлгi болған. Қазақ өнерiн айрықша қадiрлейтiн Пернекең жалғыз Қалиға емес, сол мектепте оқыған бiраз өреннiң биiкке самғауына жол ашқан сияқты. Соңғы кезде «Жайылмадан» шыққан қыз-жiгiттердiң қолына не қалам, не домбыра ұстайтынына әбден көз үйрендi. Сөйтiп, Пернебай ағамыз қаламға құмартқан Қали iнiсiнiң сыршыл сезiмiнiң пернелерiн дөп басып, қабiлет-қарымының құлақ күйiн келтiрiп берiптi. Сол құлақ күйi келiскен әуендi ұғымтал шәкiрттiң әзiрге бұзып алған жерi жоқ.
Жалпы, журналистикада тақырыбын тапқан адамның жолы болады. Барлық саладан мейлiнше хабардар етуге дағдыландыратын қазақ баспасөзiнде белгiлi бiр мәселенi қаузауға маманданған журналистер аса көп емес. Сол аздың бiрi және бiрегейi – Қали Сәрсенбай. Ол өмiр бойы өнер тақырыбына қалам тербеп келедi. Баяғыда Жексенқұл мен Қосшығұлдың ауылы – Қызылсайға арнайы барып жазған, өзiне ұшан-теңiз бедел әкелген «Қайыспас қара кемпiрлерi» де ән тарихынан тамыр тартқан дүние едi.
Қали Сәрсенбай қазақ өнерiндегi теңдессiз тұлғалар туралы портреттер топтамасын жасады. Әбiлхан Қастеев, Әубәкiр Смайылов, Молдахмет Кенбаев, Қанапия Телжанов, Ришат және Мүсiлiм Абдуллиндер, Әзiрбайжан Мәмбетов, Сәбира Майқанова, Фарида Шәрiпова, Асанәлi Әшiмов, Әнуар Молдабеков, Сәбит Оразбаев, Нұрғиса Тiлендиев, Амангелдi Сембин, Әйткеш Толғанбаев, Әнуар Боранбаев, Iлия Жақанов, Әшiрбек Сығай, Салехетдин Айтбаев, Ерболат Төлепбай, Бексейiт Түлкиев сынды тарлан таланттардың ел-жұрт бiле бермейтiн қырларына көбiрек үңiлiп, әсерлi эсселер, ойлы очерктер, мәндi мақалалар жазды. Автор өз тақырыбын жетiк бiлгендiктен осы жарияланымдар өнер туындысы секiлдi тартымды болып шықты. Бұл дүниелердiң бәрiн өнерге баулитын оқу орындарында қосымша құрал ретiнде пайдалануға болады.
Қалидың көсемсөздiк шығармашылығының бiр бөлiгi – қазақ өнерiнiң сан-саласы туралы проблемалық мақалалар. Мұның бәрiнде ұлттық мүдде жан-жақты ескерiлген. Ол – өнердегi тазалықтың, дәстүр жалғастығының жоқтаушысы. Жазса, өнер өлмесiн, оның туы жығылмасын деп жазады. Алыптар шоғырының баршаға белгiлi үлгi-өнегесiн үздiксiз насихаттайды. Сол үрдiстi ұстанған кейiнгi жастарды көрсе, кәдiмгiдей қуанады. Қали Сәрсенбай қазақ өнерiне көлеңке түсiретiн келеңсiздiктерге қарсы тұратын ұлттық иммунитеттiң рөлiн атқарып келедi.
Ол – жаныңды нұрландыратын жаймашуақ журналистиканың өкiлi. Қазiргi кейбiр ақпаратшылар қолданатын арзан тәсiлдерге қолын былғамайды. Мақалаларын оқып шыққан соң, сәттi спектакль көргендей әсер аласың. Сөз өнерiнiң сахнасындағы бұл «спектакльдердiң» қай-қайсысы да адам айтқысыз аншлагпен өтiп жатқанын сезесiң. Сондықтан бiз оны «Қазақ көсемсөзiнiң Қаллекиi» деп сенiммен атаймыз.
Өзi Қали болса, өзi өнерлi болса, өзi өнердi жазса, бiздiң саланың Қаллекиi болмағанда, кiм болмақ?!
Бөлiмге бару бақыты
Шыңдады ғой көп тегi,
Шеберлiктiң мектебi.
Ширықтырып шығарды,
Шерағаңның шекпенi.
(Журналистiк фольклордан)
Тағы да сәл шегiнiс жасайық. Баяғы даулы қаулының кесiрiнен «Лениншiл жастан» кетiп қалған Қали көп ұзамай жаңадан ашылған «Өркен» – «Горизонт» студент-жастар газетiнiң жауапты хатшылығына тағайындалды. Әдепкiде жұмысқа ширығып кiрiскен. Әрi қызықты мақала жазып, әрi басылымды әрлеп-әсемдеп, сәт сайын жаңалық енгiзуге тырысты. Бiрақ бiртiндеп «Өркеннiң» бағыт-бағдары өзгере бастаған соң, Алматы облыстық «Жетiсу» газетiне жауапты хатшының орынбасары болып ауысты. Бiр күнi «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының орынбасары Оралхан Бөкей iздеп жатыр деген жедел хабар жеттi. Барған бойда қазақтың әйгiлi жазушысы қолына газетке шақырған қағазын ұстатып жiбередi. Көктемнiң жылы желiндей жайлы бас редактор ағасы – Баймолда Мусинмен қимай қоштасып, қаламгерлердiң басылымына жиналып жатқанда «Социалистiк Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртаза «келiп кетсiн» деп сәлем айтыпты.
Бұл Шерағаңның сiрескен саяси газеттi де жұртқа жаппай оқытуға болатынын дәлелдеген шабытты шағы едi.
Ол кiсi абдырап алдына келген жас журналиске: «Қарағым, бiзге жұмысқа кел. Әдепкiде секретариатта үш ай iстейсiң. Содан кейiн әдебиет бөлiмiне ауысасың», – дептi. «Қазақ әдебиетiне» кеткелi жатқанын айтқан екен, «Қазақстанда жазушы жетедi, адам табады олар», – деп бiр-ақ кесiптi.
Елге танымал екi ағасы бiрдей жазған-сызғандарын бағалап, қызметке шақырып отыр. Бұл ендi екi оттың ортасында қалады. Ойланып-толғанып, ақыры Оралхан Бөкейге: «Егемен Қазақстан» пәтер берейiн деп жатыр», – деп сылтау айтады. «Құдай аузыма салды ма, үш айдан соң пәтер алдым», – дейдi Қали. Алматыға табан iлiктiргелi он тоғыз пәтердiң табалдырығын тоздырған жiгiт ақыры өз баспанасына ие болды. Қу пәтердiң қорлығы өзiн әбден жүнжiтiп жiберген-дi. Әркiмнiң босағасында жүрiп, естiмеген сөзi жоқ. Оны айтасың, бiр күнi үйiне келсе, еденде ирелеңдеп жылан кетiп барады... Ендiгi жетпегенi осы едi. Шаңырақ iшiнен шыққан шұбар жылан ғой деп оған да шыдады. Шерағаңның шексiз қамқорлығының арқасында соның бәрi артта қалды.
Ақыры әдебиет бөлiмiне ауысты. Басқа жұрт бiр-екi жыл iстеп, жөнiн табатын секретариаттың сергелдеңi бұл үшiн он жылға созылды.
Оқу орнын жаңа ғана бiтiрген түбiт мұрт бозбалалар бiрден бөлiмге келiп, кең залда кердең-кердең етiп жүргенде Қали бүкшеңдеп, келесi нөмiрдiң макетiн сызып отырады. Бояу қаламының тұқылы мұқалып қалса, дүкеннен-дүкен адақтап, жаңасын iздейдi. Дүниенiң бәрi қат кез. Секретариат пен баспахананың арасында зыр жүгiрiп, саусағын күйелеп, майға былғанып, қорғасын әрiптiң уын жұтты. Бiрақ оны азабым деп азарланған жоқ. Барынша сабыр сақтап, барға қанағат еттi. Қолы қалт еткен сәтте мақала жазып, оқырманды ауық-ауық елең еткiзiп тұрды.
Ол осындай қиындықпен жеткен бөлiмге бару бақытын мейлiнше бағалай бiлдi. Жүрегiмен, жанымен жазды. Бiрде бiздiң кейiпкерiмiз ұжымның басқосуында ән салған кезде Шерағаң Амангелдi Сембиндi еске алады. «Сол топырақтан шыққан бұлардың ән айтуы тегiн емес», – деп қамшылайды. Содан бұл жанұшырып, Ла-Скалада алғаш ән салған әйгiлi қазақты iздеп табады. Атағы алысқа кеткен Амангелдi аға Алматыда елеусiз ғана тiршiлiк кешiп жатқан көрiнедi. Ұзамай осы басылымда Қалидың «Қарғаш» деген эссесi жарияланады. Ел-жұрт ұмыта бастаған перзентiмен қайта қауышады. Аса дарынды азаматтың кейiнгi тағдыры жөнiнде мол мәлiметке қанығады. Жан-жақтан хаттар ағылып келедi.
Оқиғаның бұдан арғы өрбуiне ең әдемi деген ертегiнiң өзi де iлесе алмай қалады. Шерхан аға депутаттық мандатын пайдаланып, Амангелдi Сембинге Алматыдан төрт бөлмелi үй алып бередi. Әйгiлi әншiнi әйгiлi қаламгер Асқар Сүлейменов арнайы iздеп келедi. Соның бәрi – оның бiр эссесiнен кейiнгi игiлiктер. Қали бұл тақырыпқа әлi күнге дейiн тұрақты түрде қалам тербеп, осыдан он жыл бұрын өмiрден өткен Амангелдi ағасының рухын аялаудан жалыққан емес.
Сонымен, Қалидың бөлiмге бару бақыты бүкiл өмiрiне жақсылық әкелдi. Бiрақ ол бұл бақытты тым ұзақ күттi. Осы жолда күйгелектiкке салынбай, сабырлылықты ғана серiк еттi. Оның салмақтылығы мен тәубешiлдiгiне «Жас Алашта» бiрге қызмет iстегенiмiзде талай рет куә болдық. Бiрде белгiлi журналистердiң бiрi: «Жiгiттер, үй алудың мынадай жолы бар екен. Келiңдер, айтайын», – деп жұртты жинап алды. Үй десе жан қала ма, бәрiмiз дереу соның жанына жетiп бардық. Бес-алты бояу қаламын қолына ұстап, секретариаттағы Қали да топқа қосылды. Әлгi ағамыз сайрап тұр. Былай қарасаң, әңгiмесi ептеп қисынға келедi. «Осылай да осылай, жаңағы айтқанымды iстесеңдер, пәтер алып тұрсыңдар», – деп әрiптестерiн жiгерлендiрiп қойды. Сөйтiп, жұртты әбден дәмелендiрiп алып, сөзiнiң соңында: «Бiрақ ендi мұны бiреулер бiлiп қойса, сотқа тартуы мүмкiн», – деп қарап тұр. Сонда Қалекең былай дедi: «Әй, Бөке, бәрi жақсы-ау. Тек жаңағы сотталатын жерi шамалы... нелеу екен». Жетiншi қабатты күлкi керней жөнелдi. Осындай тағдыр тәлкегiне ұшыратқан ащы күлкi мен қиындыққа толы кезеңнiң мұң-наласын көрiп, зарығып жеткен бақыттың бағасын бiлмей не бопты?!
Қаламын құлаштап тұрып сiлтедi. Маяковскийдi ұлықтаған Асеевше айтсақ, Қали ендi басталды. Он жыл бойы өнер адамдарын әлдилеген еңбегi босқа кетпептi. Ендi өнер адамдары оны алақанға салып аялады. Шерағаң алып беретiн төрт бөлмелi пәтерi қазақтың жақсылары мен жайсаңдары бас қосатын қасиеттi құтханаға айналды. Дара дарындар мен тарпаң таланттар оны өнердiң жылнамашысы ретiнде қадiр тұтты. Олармен ағынан жарылып, емiн-еркiн сырласты.
Өнер адамдарымен жақын болғаннан Қали тек қана ұтты. Ол бiрте-бiрте өнер әлемiнiң өз перзентiндей бағалана бастады. Ал Қалимен сыйлас болғаннан өнер иелерi де ұтылған жоқ. Атағы жер жаратын ағаларымыздың бiразы жас ортасынан ауған шақта қаламгерлiкке бет бұрды...
«Ақшамның» алтын қазығы
Қошқарұлы Қалиды,
Қалың қазақ таниды.
«Ақшамды» оқып, әр адам,
Ар-намысын жаниды.
(Журналистiк фольклордан)
Қали Сәрсенбай – «Алматы ақшамы» газетiнiң тарихындағы үшiншi бас редактор. Оның алдындағы екi азамат та басылым беделiнiң биiктеуiне айтарлықтай еңбек сiңiрдi. Бұл жылдарда өзiмiз де бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет iстегендiктен, қалалық газеттiң қалай өмiрге келгенiн жақсы бiлемiз. Осыдан отыз үш жыл бұрын кіндігі кесілген «Ақшамның» алғашқы бас редакторы Исламғали Бейсебаев әдепкi бар қиындықты мойнымен көтердi. Ол қазақ газетiн дербес басылым етiп, ақпарат кеңiстiгiне орнықтыруға күш салды. Оның сол кезеңдегi ширақтығы мен батылдығының арқасында бiраз нәрсеге қол жеткiзiлдi. Төрт жылдан кейiн газеттiң тiзгiнi танымал журналист Ерғали Сағаттың қолына тидi. «Жас Алаштың» мектебiнен өткен Ерағаң «Ақшамды» өзi басқарған он үш жыл iшiнде байсалды басылымға айналдырды.
Үшiншi бас редактор газеттiң өзгеше тынысын ашты. Тегiнде, тәуiр журналистiң бәрiне бiрдей мықты бас редактор болу бақыты бұйыра бермейдi. Қазақ баспасөзiнде қаламы қарымды жүйрiк журналист жүздеп саналады. Ал барған жерiне береке үйiрiлетiн, редакцияны ұлағатты ұстаханаға айналдыра алатын бас редакторды санап шығуға қос қолдың саусағының өзi жеткiлiктi. «Алматы ақшамының» бүгiнгi бас редакторы да солардың санатына кiредi. Сол ат төбелiндей азшылықтың iшiнде ұстазы Шерағаң да, оның шекпенiнен шыққан Қалағаң да бар.
Бас редактор болу бақыты дегеннен шығады... Бұл бiр адамның миы жетiп болмайтын беймәлiм әлем. Өздерiн мықты бас редактормын деп ойлап жүргендердiң бiразы қатты қателеседi. Бiр жақсысы, бұл мықтылықты ойлы оқырмандар ғана айқындайды. Абырой-беделiңе де, атақ-дәрежеңе де ешкiм пысқырмайды. Кейде редакторлығың жазуыңнан, ал жазуың редакторлығыңнан асып түсiп жатады. Бұл да өлшем емес. Жұрт сенiң газет шығара алатын өнерiңдi жаппай мойындауы шарт. Болды! Бар-жоғы бес-алты қазақтың ғана еншiсiне тиген майталман бас редактор болу бақыты бiздiң кейiпкерiмiздiң маңдайына жазылыпты.
Ол беделдi шығармашылық тұлғаларды газеттiң жұмысына тартты. Iлгерiде «Жас Алаш» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары боп жүргенде, Қадыр Мырза Әлiнiң «Иiрiм» және «Жазмыш» атты деректi хикаяттарын үзбей жариялап, басылымның таралымын арттырып едi. Сол тәсiлмен «Ақшамның» авторлар тобын қалыптастырды. Қаламгерлердi төңiрегiне жинады. Ұлт сөзiн айта бiлетiн зерделi зиялылардың қолына қалам ұстатты.
Қазiргi «Алматы ақшамы» – қазақ баспасөзiнiң көркемдiк кестесi келiстi, әрленiп-әсемделуi айшықты, сөзi салиқалы, ойы оралымды, өресi биiк өнiмi. Газет бетiндегi «Қала құндылықтары», «Бұрынғы Алматы, бүгiнгi Алматы», «Алматылықтардың алданышы», «Алматының айымдары», «Алматының алпауыттары», «Алматы антологиясы», «Шаһар шежiресi», «Шаһар шаруашылығы», «Тұлға-тағдыр», «Тұлға-тану», «Сана тазармай, қала тазармайды», «Алыстан келген хат», «Сағындым Алматымды», «Бұрынғының адамдары-ай!», «Өткен-кеткен» деген айдарлар оқырманның санасына әбден сiңдi. Әсiресе, «Тазарғың келсе, театрға бар» деген айдардың жөнi бөлек. Бұл – газет iшiндегi театр. Басқа айдармен берiлетiн мақалаларды жұрт тек қана оқыса, мұны көңiл көзiмен көредi. Жай көрмейдi, қол шапалақтап отырып көредi. Кейiпкерлердiң даусын естидi, демiн сезiнедi, автордың көңiл-күйiн ұғады. Мұндағы дүниелер қайта қойылатын спектакль секiлдi түрленiп тұрады. Өйткенi, шебер бас редактор бұл айдарға айрықша жан бiтiрiп, осындай мәртебелi мiндет жүктеген. Бұл – бiрақ өзге айдарларда қан жоқ деген сөз емес.
Алматы қаласын әр жылдарда басқарған қайраткерлердi түгелдеп, әрқайсысының портретiн жасады. Осы мақалаларды топтап, кiтап етiп бастырып шығарды. Бұл бұрын ешкiм қолға алмаған тың жоба болатын. «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген тiркестi «Алматы ақшамының» ұраны етiп алды. «Қоғамда әлi де болса жаны сiрi бөтен пиғылдан хабар беретiн кертартпа пiкiрлерге нүкте қою мақсатында осы сөздi газет атауының ұшар басына қашап жаздық», – деп түсiндiрдi мұны.
Бас редактор Қали Сәрсенбайдың тағы бiр өнегелi қасиетiн айтуға тиiспiз. Ол өзiнiң алдындағы басшыларды қадiрлей бiлдi. Өзiн солардың дәстүрiн жалғастырушы деп танытты. Бұл жағынан оны баршаға үлгi еткен жөн. Қазiр келген басшы кеткен басшының қайсысын өбектеп жатыр?! Сол тұрғыдан алғанда Қалидың: «Бiздiң мақсатымыз – мың жасаған шаһардың шамшырағының сөзi де мың күндiк болса деген бағытта тынбай еңбек ету, интеллектуалды басылым жасау, мың жылдық мұраттарға адал болу. Менiң алдымда газеттi басқарған қаламы қарымды, аса тәжiрибелi екi аға әрiптесiмнiң де ұстанымы осы болды. Бiз де сол жолдамыз», – деген сөзiн бұқаралық ақпарат құралдарының үлкендi-кiшiлi басшыларына өнегенiң өлшемi ретiнде ұсынуға болар.
Бiздiң кейiпкерiмiздiң қарамағында қызмет iстеген жас әрiптестерiмiз кейiнгi кезде «Қалидың қайрағында қайралдық» деген тiркестi қолданып жүр. «Шерханның шекпенi», «Бердiқұловтың бешпентi» деген ұғымдардың соңын ала «Қалидың қайрағы» деген түсiнiк қалыптасса, несi айып?! Қалидың қайрағы баспасөздiң байрағына айналатын күн де келер.
Ғылымда «дәйектеме келтiру индексi» деген ұғым бар. Ғылыми еңбектер деңгейiнiң бiр өлшемi осыған қарап бағаланады. Бүгiнде жазғандарынан дәйексөз көп келтiрiлетiн баспасөз өкiлiнiң бiрi – Қали Сәрсенбай. Ол анау-мынау емес, ылғи бiр марғасқалардың тiлiне тиек болады.
Кезiнде Амангелдi Сембин туралы пiкiр бiлдiрген Шерхан Мұртаза: «Ендi арада жылдар өтiп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмiн. Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемдi мақаласында, мақаласында емес-ау, аса iрi дарынды жоқтау-эссесiнде еске сала кетiптi», – деп оған рахмет айтады. Ешкiмдi оңайлықпен мойындамайтын, жұртта не бар, не жоқ екенiнде шаруасы бола бермейтiн Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтiң өзi: «Сенiң жазуыңда культура бар», – деп сүйсiнедi. Академик Зейнолла Қабдолов оның шығармашылығына кәсiби талдау жасайды. Мұзафар Әлiмбаев: «Портрет жазуға Қали әбден-ақ төселген екен», – деп бiр тамсанып алып, оның сөз қолданыстарынан бiрнеше мысал келтiредi. Қадыр Мырза Әлi: «Көркемөнердi көркем жiгiттер жасайды», – деп толғайды. Герольд Бельгер күнделiгiнде Қалидың мақалалары туралы «Салқын самал желпiгендей әсер алдым», – деп жазады. Ақселеу Сейдiмбек даулы күйлердiң жай-жапсары туралы ой-тұжырымдарын қағазға түсiрiп, пiкiр бөлiсу үшiн арнайы жiбередi. Iлия Жақанов Атыраудан сағынышты хат жолдап, «Жүрегiң қандай нәзiк, жаның қандай сырлы, сезiмiң де пәк! Дүниеге, адамдарға ғашық көзбен қарап, өбектей сөйлейсiң», – деп тебiренедi. Құлбек Ергөбек ағалық ақ ниетiн хатқа айналдырып, басылым бетiне түсiрiп, «Сенiң жазған туындыларың әлi сан ұрпақты тәрбиелер!», – деп тiлек айтады. Ал қазаққа қымбат Қабдоловтың аяулы жары Сәуле апай оның әр мақаласын үзбей оқып, ой-пiкiрiн қағазға өрнектеп, бәтуалы батасын бередi. Баспасөздiң бел балаларының барлығы бiрдей мұндай қадiр-құрметке бөлене қойған жоқ. Демек, бұл – бiздiң кейiпкерiмiз «Ақшамның» алтын қазығы бола алды деген сөз.
Сол абыройлы «Ақшамның» айбынын асырған ардақты ағамыз енді айбарлы «Ана тілінің» алтын қазығына ат байлады...
Айтпақшы, Қали ағамыз баяғы жүзге жуық журналист бiр күнде келiп, жаулап алатын «Ақсай-1» шағын ауданындағы 23-үйде әлi күнге дейiн тұрады. Көненiң көзiн қадiрлеп, дәстүрдi дәрiптей бiлетiн әрiптесiмiз кiсi есiгiнде жүрген он тоғыз құжырадан кейiнгi жиырмасыншы көшiнiң келiп тоқтаған Жерұйығын қимайтын шығар...
Ал сол үйдi алған кезде «Мына бiздер «Ақсай-1»-де тұрамыз, Сенбесеңiз, Пискуновтан сұраңыз», – деп әндетiп жүретiн қарасирақ балалардың жасы қырыққа таяп қалды...
Ертең – Қалекеңнің дүние есігін ашқан, өзі басқаратын «Ана тілі» газетінің ақпарат кеңістігіне жол тартқан күні! Білікті басшы мен берекелі басылымның Әз-Наурызға ілесе келген туған күні құтты болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер