АСХАТ МАЕМИРОВ: Өз ортамыздан шыққан дарынды сырттан келген «біреудің» пікіріне қарай бағалаймыз

2851
Adyrna.kz Telegram

"Признак маленьких народов" деген жағымсыз ұғым бар. Өз ортаңнан шыққан дарынды адам болса, оған тұлға ретінде қарамайсың. Міндетті түрде оның дарыны мен қабілетіне сырттан "біреу" келіп баға беруі керек! Сол сырттан келген "біреу"-дің пікірі арқылы, биіктіктің өлшемін бағамдайсың.

Әсіресе, жетпіс жыл өмір сүрген кеңестік кезеңде ғажайыптар мен кереметтердің барлығы басқаларда, ұлы халықтарда деп келдік... Өз ұлтымыздың кереметтерін, ғажайыптарын көзге ілмедік. Сырттан келіп данышпансып пікір білдіргендерге "Ләппай" дедік. Ал бұл "жағымсыз ұғым", ұғым деген былай тұрсын, тіпті ұлтты тоқырауға бастайтын қорқынышты үрдіс. Бұл жағымсыз ұғым мен үрдіс ұлттың болмысына әбден тереңдеп бойлаған кезде "Комплекс малых народов" деген "құлдық сана" дертіне айналады.

Әуесбайдың Қанаты жазғандай: "Қазақтың Пушкині, Қазақтың Левитаны, Қазақтың Островскиі" секілді бітпейтін құлдық теңеулерге ұласады. Меніңше, "ХХ ғасырдың Гомері", "Қазақтың Щепкині", деп сараптама жасаудың өзі, бойында комплексі бар адамдарға тән сияқты.

Ұлт - Өз "Мен"-ін жоғалтпау үшін, тіпті жаһандану дәуірінің бел ортасында жүріп Өз "Мен"-ін биік ұстауы үшін мұндай қорқынышты үрдістен арылуы тиіс! Әрине, мұндай жағымсыз үрдістерден арылтатын тумысынан таланты ерекше, кәсіби қарым-қабілеті өте биік тұлғалар! Меніңше, әлемдік өнер кеңістігіндегі феномен Димаш Құдайберген сынды тұлғаларды көріп, әрі танып өскен бүгінгі өскелең ұрпақтың бойында жоғарыдағыдай кембағал комплекс мүлдем болмайтынына сенемін!

Әрине, ұлттың санасы мен рухани болмысын асқақтататын көптеген компоненттер бар. Дегенмен, ғылыми айналым былай тұрсын, тіпті күнделікті өмірде "Қазақтың Анауы", Қазақтың Мынауы" деген теңеулерге, ой сабақтауларға жол бермейікші!

Пікірлер