Құқықтық сана мен заң саласындағы жаңа жобалар

5309
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көздерінен алынды
фото ашық ақпарат көздерінен алынды

Құқықтық сананың дағдарысы нормалар мен нақты әлеуметтік қатынастар арасындағы айтарлықтай алшақтыққа, заң шығарудың тиімді процесінің болмауына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметіне байланысты.

Құқықтық сана - бұл заң ғылымының негізгі мәселелерінің бірі. Оны зерттеу арқылы таптардың, әлеуметтік топтардың, құқық саласындағы жеке тұлғалардың қызметін, олардың құндылықтары мен көзқарастарын,  қоғам мүшелерін  құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің жолдарын анықтауға мүмкіндік бар.

Құқықтық сананың функцияларын оның құрылымы анықтайды. Осылайша, құқықтық сананың үш функциясы (танымдық, бағалау және реттеуші) құқықтық сананың негізгі функционалды компоненттерін құрайды (зияткерлік, зияткерлік-эмоционалды, зияткерлік-эмоционалды-ерікті). Танымдық функция құқықтық білім мен дағдыларды қалыптастыру және заңға қатысты барлық терминдер мен нормативтік актілерді, міндеттерді меңгерумен шектеледі. Бағалау функциясы құқықтық мәселелер бойынша, жаңа қабылданған заңдар мен Кодекстерді бағалау, оларға қатысты пікір білдіру сияқты әрекеттерге сәйкес келеді.. Реттеу функциясы әлеуметтік-құқықтық көзқарастар мен құндылық бағдарларына байланысты жүзеге асырылады.

Құқықтық сана екі негізгі элементтен немесе тараптардан тұрады: құқықтық идеология және құқықтық психология.

Құқықтық идеология - бұл құқықтық шындық туралы идеялар, көзқарастар, ұғымдар, нанымдар, теориялар, ұғымдар. Идеологиялық элементтер -  нақты құқықтық құбылыстар туралы жүйелі білім, оларды жеткілікті жоғары, ғылыми деңгейде түсіну болып табылады. Құқықтық идеология өздігінен пайда болмайды, оны мамандар дамытады және құқықтық тәрбие процесінде, заңгерлік білім алған кезде, заң әдебиетімен, нормативтік актілермен танысқанда игереміз.

Құқықтық психология - бұл құқықтық заң, жоба, кодекстердің адамдардың бағалауы, сезімдері, эмоциялары, көңіл-күйлерінің жиынтығы. Құқықтық сананың психологиялық элементтері - бұл құқықтық құбылыстар туралы білімге деген көзқарас, оларды эмоционалды тұрғыдан қабылдау. Құқықтық шындық  эмоциялар, тәжірибелер деңгейінде де белгіленеді. Мәселен, біз сот шешіміне "жақсы" немесе "жаман", "әділ" немесе "әділетсіз", ал жаңа қабылданған заңдарға  "қуантады" немесе "ренжітеді" деген сөздермен өз пікірімізді білдіре аламыз. Бірақ  құқықтық идеологияның құқықтық психологиядан басым деген пікірден аулақ жүргеніміз абзал. Құқықтық идеология мен құқықтық психологияны бір-бірінен нақты ажырату өте қиын. Құқықтық сананың екі саласы да бір-бірімен тығыз байланысты және  олар өзара әрекеттеседі.

Құқықтық сананың құрылымы бағалау қатынастарының бірнеше түрі анықталады:

- құқыққа, яғни оның принциптеріне, институттарына мен нормаларына қатынас;
- адамдардың құқықтық мінез-құлқын бағалау;
- құқық қорғау органдарына және олардың қызметін бағалау;
- өзіңнің  құқықтық мінез-құлқыңды, құқықтық мәдениетің мен сауаттылығыңды бағалау.

Мемлекет тарапынан жаңа заңдар қоғамның құқықтық санасын дамытуға бағытталып жатыр. Оның дәлелі, мәселен, ҚР Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді қолға алды. Ал бұл мәселе 2020 жылдан бастап қолға алынған болатын.

ҚР құқықтық саясат тұжырымдамасы - ұлттық құқықты, құқық қорғау және сот жүйелерін дамытудың, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметтің, сондай-ақ құқықтық білім беру мен құқықтық насихаттың басым бағыттарын айқындайтын бағдарламалық құжат. Жаңа құжат, атап айтқанда, қоғамдық өмірде туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, қоғамдық қызметті реттеуді қарастырады.

"Осыған орай, мемлекет алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде, ең алдымен, альтернативті тәсілдерді іздеу керек. Реттеуші шараларды енгізу қажеттілігі туындаған жағдайда, көздеген мақсаттарға жету және азаматтар мен ұйымдардың құқығын, бостандығын, заңға қызығушылығын арттыру үшін осы шаралардың қолжетімділігін қарастырғанымыз абзал", - деп атап көрсетеді құжатты әзірлеушілер.

Тұжырымдама жобасы Құқықтық саясаттың ашықтығын көздейді, бұл "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді арттыруға тиіс.

Осыған байланысты барлық тараптардың мүдделерін ескеруді қамтамасыз ететін жаңа институттарды дамыту және қалыптастыру маңызды. Бұл қағидатты қолдану неғұрлым оңтайлы шешім қабылдауға ықпал етеді, - деп санайды Әділет министрлігі.

Құжаттағы жеке бөлім ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттарына арналған.

"Ашық нормативтік құқықтық актілерді жариялап отыратын интернет-порталының әлеуетін дамыту қажеттілігін де қарастырды. Оның жұмыс қарқыныны талдау барысында, нормативтік құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларын талқылау кезінде азаматтардың белсенділігінің төмен екені анықталды. Осыған байланысты азаматтардың интернет-порталды қабылдамауының себептерін анықтау қажет", - делінген құжатта.

Осыған байланысты құжатпен танысу және оны талқылауға қатысу үшін мүдделі тұлғаларды хабардар ету тетіктерін, оның ішінде интернет-ресурста орналастырылған НҚА жобалары туралы ыңғайлы мобильді қосымша әзірлеу қолға алынды.

Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарының жобасын қалыптастырды. Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде қалыптастырылып, 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді.

"Олар сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту, биржалық сауда, көлік, жер қатынастарын дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау қызметі, геодезия, картография, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық, инновациялық және ғылыми-техникалық даму, биологиялық қауіпсіздік және т.б. салаларды одан әрі дамытуға бағытталған", - деп нақтылаған еді министр Марат Бекетаев.

2021 жылы үш жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл "геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы", "әскери полиция органдары туралы" және "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобалары. Аталған заңдардан бөлек, биыл Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын екі заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізіледі. Олар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары.

Жоспар жобасында көзделген 19 заң жобасының ішінен 2021 жылдың І жартыжылдығында Парламентке 5, ал II — ге 14 заң жобасын енгізу жоспарлануда. "Құқықтық актілер туралы" Заңға сәйкес жоспардың жобасын жасау үшін Мемлекет басшысымен келісу керек. Жоспар жобасын Президент әкімшілігіне жіберу ұсынылды.

Пікірлер