Хакас жігітінің қазаққа жазған хаты

5795

Менің ұлтым хакас. Өкінішке қарай, қазір біздің санымыз республикада 12 пайыздан әрең асады. Хакасия дейтін республикамыз бар.

Әйтеуір, әупірімдеп жүріп жатырмыз. Орыс билігінің озбырлығы туралы жазып жатқандарыңыздың бәрі рас. Тіпті, одан да сорақы десем болады. Мысалы, Хакасияның үкіметінде бірде-бір хакас жоқ. Бәрі сырттан келгендер. Оларды «қайдағы бір аборигендердің» проблемасы қызықтырмайтыны анық. Бар ойы - табиғи байлықты тонап, байып алу, болды. Осы жақында алтын өндірушілер Белый Июс (Ақ Ис) дейтін көлімізді улап тастады. Жерлік халықтың бұл жердегі ең үлкен проблемасы – жеке меншік көмір компаниялары. Олар қазір хакастар тұрып жатқан Қойбал даласын асты-үстіне шығарып құртып жатыр. Біз азбыз. Бұл жер біздің тамырымыз, өсіп-өнген ортамыз. Оларды жойып жатыр, біз де жұтылып барамыз. Әрине, қолдан келгенше күресіп бағып жатырмыз. Билік те, сот та, прокурор да сырттан келгендер. Олар бізді қорғаудың орнына сырттан келген тура сондай компаниялармен ауыз жаласып кетіп жатқанда, не істей аламыз? Дәл осы компаниялар Кузбаста тағы бір түрік халқы - шор халқының ауылын құртып жіберді. Жазатын нәрсе көп. Қайсыбірін жазайын?! Бірақ қазір бізді алаңдатып отырған ең басты мәселе – осы көмір компаниялары.

Әрине, сіз басқа елдің азаматысыз. Біздің проблемамызды шешіп бере алмассыз. Бірақ оны жазып, жанайқайымызды бүкіл әлемге жеткізе аласыз. Сіздер сияқты туыстарымыз болмаса, бізді мына жақта тыңдайын деп тұрған жоқ..

 

Жолымбет Мәкіш

 

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар