Вакцинация бедеулікке әкелуі мүмкін бе? Репродуктолог жауап берді

5186
Adyrna.kz Telegram

Бедеулік пен белсіздік — дүниежүзін алаңдатып отырған мәселенің бірі. Оның себеп-салдары мен емдеу тәсілдері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Адырна» тілшісі 9 жылдық тәжірибесі бар белгілі репродуктолог-гинеколог дәрігер Аяулым Берікболқызымен әңгімелесті.

Аяулым ханым, ерлі-зайыптыларға отбасы құрғандарына қанша уақыт өткен соң бедеулік диагнозы қойылады?

Егер ерлі-зайыптылар 1 жыл бойы ретті жыныстық қатынаста контрацептивтік іс-шара қолданбаған жағдайда жүктілік пайда болмаса, бедеулік диагнозы қойылады.
Жыл сайын бедеулік диагнозы қойылған, табиғи жолмен жүкті бола алмайтын жұптардың саны өсіп жатыр деп естіп отырмыз. Расында солай ма?
Рас. Жылдан жылға бедеулік көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Себебі Қазақстанда статистика бойынша әр алтыншы жанұя сәби сүйе алмағандықтан, ажырасуға дейін барады екен. 2021 жылы Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев "Аңсаған сәби" атты бағдарламаны мемлекет тарапынан жүзеге асыру үшін Қазақстан азаматтарына тегін ЭКО-ға 7000 квота ұсынып отыр. Бұл сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға үлкен көмек. Қазіргі таңда елімізде сәбилі отбасылар көбейсін, ажырасулар азайсын және жалпы қазақ халқының саны артсын деген мақсатпен ЭКО орталықтарымыздағы барлық маман (репродуктолог-гинекологтар, андролог-урологтар, эмбриологтар) "Аңсаған сәби" атты бағдарламаны жүзеге асыруда үлкен жұмыс атқарып жатыр.
Вакцинация бедеулікке әкелуі мүмкін бе? Маман ретінде не айта аласыз?
– Дүниежүзі бойынша вакцинация бедеулікке алып келеді деген дәлелденген қорытынды жоқ. Сол себептен жүктілікті жоспарлаудың алдында вакцинация алған дұрыс деп ойлаймын. Covid-19 вирусын жұқтырып, ауыр асқынуларға шалдыққанша, ол дерттің алдын алу шараларын жүргізген тиімдірек.
Бедеулікті психологиялық проблема деп есептейтіндер де бар екен. Әйел тым қатты бала сүйгісі келгендіктен, күйзеліске түсіп, ауруға шалдығады дейді-мыс. Бұл пікірмен келісесіз бе?
Иә, келісемін. Сондықтан күйзеліске ұшыраған қыз-келіншектерімізге репродуктологтардан басқа арнайы көмек көрсететін психолог мамандарымыз біздің орталықта («ИРМ» клиникасында — ред.)жұмыс істейді. Психологтарымыз психологиялық проблемадан, күйзелістен, яғни депрессиядан арылуға көмектесу барысында көптеген қыз-келіншектеріміз тек ЭКО арқылы ғана емес, табиғи жолмен де жүкті болып жатады.
Әйел адамдарды бедеулікке алып келетін ең жиі кездесетін себептерге тоқталып өтіңізші.

Жалпы бедеулік әйелдер және ерлер бедеулігі болып екіге бөлінеді. Әйелдер бедеулігіне тоқталсақ, ең жиі кездесетін себебі мыналар:

1)Бедеуліктің түтіктік және түтіктік-перитонеалдық факторы. Бұл жатыр түтікшелерінің қабыну процесіне байланысты өткізгіштігінің болмауы немесе белгілі бір себептерге байланысты, яғни жатырдан тыс жүктілік немесе гидросальпинкске және жабыспалы процеске ұшыраған жатыр түтікшесін операция барысында алып тастаған кезде, сперматозойд пен аналық жасуша қосыла алмай жүктілік пайда болмайды.

2)Бедеуліктің эндокриндік факторы. Аналық безінде овуляцияның болмауы. Ең жиі кездесетін себептерінің біріаналық безінің поликистоз синдромы.

3) Жатырлық факторы. Жатыр эндометриінің қабынуы, эндометридің полипі, жатыр миомасы (шырышасты миомасы), жатыр қуысының синехиялары, аденомиоз, жатырдың аномалиясы және т.б. себептерге байланысты жүктіліктің болмауы мүмкін.

4) Белгісіз генезді немесе идиопатиялық бедеулік. Бұл кезде жалпы ерлі-зайыптыларда бәрі жақсы, яғни, ерінің спермограмма көрсеткіші және кариотипі қалыпты, әйелінің овуляциясы бар, гормоналды статусы қалыпты, жатыр түтікшелері өтімді және кариотипі қалыптыболады, бірақ жүктілік жоқ.

5) Эндометриоз туындайтын бедеулік. Эндометриозэндометридің жасушалары (клеткалары) жатырдан тыс жерлерде (аналық бездерде, құрсақ қуысында және т.б. ағзаларда) орналасатын патология болып табылады.   Қазіргі таңда бедеулікке жиі әкелетін себептердің бірі осы. Ол шамамен 35% кездеседі.

6) Жатыр мойны факторы. Жатыр мойнының шырышының жеткіліксіз бөлінуі немесе мүлдем болмауы. Сол себептен сперматозоидтардың жатыр қуысына өтуіне жол бермейді.

Соңғы жылдары ерлер бедеулігі де өте жиі кездесіп жатыр. Ерлер бедеулігіне алып келетін себептер: генетикалық аурулар (Клайнфельтер, муковисцидоз және т.б.), жыныс органдарының қабыну аурулары, эпидемиялық паротит, крипторхизм, варикоцеле, онкологиялық аурулардан кейінгі химиялық немесе сәулелі терапия, жыныс органдарына және іш қуысының төменгі бөліміне хирургиялық араласулар, эрекциялық дисфункция және т.б. Спермограмманың өзгеруіне байланысты бірнеше түрлері болады: азооспермия, олигозооспермия, астенозооспермия, тератозооспермия және т.б.

Қазіргі медицина бедеуліктің емін тапты ма?

– Иә, әрине. Бүгінде бедеуліктің емі бар. Ерлі-зайыптылар ешқашан үміт үзбеулері керек. Себебі, қазіргі таңда бедеуліктің ең тиімді емдерінің бірі ЭКО дамып келеді. 25 жыл ішінде өзім жұмыс істейтін «ИРМ» клиникасында Тамара Муфтахқызы Джусубалиева ханымның, репродуктологтардың, гинекологтардың, өте шебер әрі мықты хирургтарымыздың бірі Джакупов Данияр Валиханұлының, уролог-андрологтардың, эмбриологтардың, генетиктердің көмегімен 16000 сәби дүниеге келді. ЭКО әдісімен дүниеге келген балалар өздері медициналық араласусыз, яғни ЭКО-сыз ата-ана бола алады.

Осы орайда өз тәжірибеңіздегі күрделі әрі оң нәтижелермен бөлісе кетсеңіз.
Жаңаөзеннен 32 жастағы емделуші арнайы біздің орталығымызға, менің қабылдауыма "сәби сүйсем екен" деген үлкен сеніммен  және үмітпен келген болатын. Бедеуліктің ұзақтығы 10 жыл, овариалды қоры өте төмен, АМГ көрсеткіші 0,17 еді. Бірнеше рет сәтсіз ЭКО болып, репродуктолог дәрігерлер донорлық аналық жасуша алуға ұсынған. Сол себептен біраз жылдар бойы үмітін үзген екен. Бірақ бір күні туған ағасы тағы ЭКО жасап көрсеңші, қаражатын өзім төлеп берейін, Алматыға барып кел деп қолқа салған. Содан инстаграм желісінен мені таңдап, қабылдауыма жазылып, донорлық аналық жасушаны ала алмайтынын айтты. Сөйтіп өзінің 2 фолликулымен модифицирленген ЭКО жасадық. Пункция жасау барысында 2 аналық жасуша шығып, ерінің аталық ұрығымен ұрықтандырып, 5 тәулікте 2 эмбрионымыз өсті. Сол екі эмбрионды қондырып едік, Алла бұйырып, бүгінгі таңда пациентім үшемін күтіп жүр. Сонда екі эмбрионның біреуі екіге бөлініп кетіп, 3 ұрық болған. Емделушіміздің қуанышы қойнына сыймай жүр, себебі бұл 10 жыл күткен алғашқы жүктілігі. Бұндай ғажайып нәтижелер сирек болады. Енді 3 сәбидің аман-есен дүниеге келуін асыға күтетін боламыз. Біз репродуктолог дәрігер болғандықтан, бедеулікті тек қана ЭКО жасау арқылы ғана жеңбейміз. ЭКО-дан бөлек ҚРТ-ның (қосалқы репродуктивті технологиялардың) тағы бір түрі бар. Ол жатырішілік инсеминация. Бұл әдіс қарапайым әрі арзан және табиғи ұрықтануға сәйкес болады. Осыдан 9 ай бұрын 26 жастағы емделушім 5 жыл бойы мүлдем сәби сүйе алмай, менің қабылдауыма келді. Ерлі-зайыптыларды толық тексеру барысында, белеуліктің себебін анықтап, біріншілік бедеуліктің эндокриндік факторы, аналық бездерінің поликистоз синдромы деген диагнозы қойылып, ЖІИ әдісі ұсынылды. Аналық бездерін аз ғана ынталандырып, ЖІИ әдісінің алғашқы мүмкіндігінен бірден жүкті болып, 4 шілдеде аман-есен өзі босанып, екі ханшайымды дүниеге алып келді. Бұндай нәтижеге жеткенімізге, сәбилі әрі бақытты отбасыларымыздың көбеюіне және кішкентай ұл-қыздарымыздың дүниеге келгеніне шын жүректен қуанамыз. Бұдан басқа да көптеген оң нәтижелеріміз бар. Мысалы, бедеуліктің түтік факторы кезінде лапароскопиялық операция жасап, жатыр түтікшелерінің өткізгіштігін қалпына келтіргеннен кейін 1-6 айдан кейін жүкті болып, сәби сүйген пациенттеріміз аз емес. Одан бөлек мемлекет тарапынан берілетін квота арқылы тегін ЭКО жасау арқылы, біраз пациентіміз сәбилерін құшағына алып отыр. 48 жастағы пациентіміздің 8 жыл күткен сәбиі ЭКО-ның алғашқы мүмкіндігінен пайда болды. Әрине, бұндай жаста өзінің емес, донорлық аналық жасуша мен күйеуінің аталық ұрығымен ұрықтандырып, ұл бала дүниеге келді. Бұл да үлкен жетістік. Біздің орталыққа келген әрбір емделушінің бедеулікті жеңген тарихы үлкен еңбекпен келеді және үміттерін үзген ерлі-зайыптылармен көбірек бөліскіміз келеді. Сондықтан, үміттеріңізді үзбеңіздер, дер кезінде білікті дәрігерге қаралып,  сәби сүю армандарыңыз орындала берсін дегім келеді.

Сұқбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға толағай табыстар тілейміз!

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер