1500 тұрғыны бар ауыл ауызсуға зар болып отыр

2302
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының тұрғындары ауызсуға зар болып отыр. Тұрғындар 10 жылдан бері тіршілік нәрін жарытып ішпепті. Әсіресе, жаз мезгілінде халықтың жағдайы тіпті қиын деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Жарытып су ішпеген Еңбекші ауылының балалары ойын дегенді мүлдем ұмытқан. Өйткені, таңның атысымен есегіне ыдысын артып алып, ауыл іргесіндегі жалғыз құдықтан тіршілік нәрін тасиды. Түске дейін таусылып қалатын су үшін құдық басында бір-бірімен жаға жартысуға дейін барады.

Мың жарымға жуық тұрғыны бар елді мекенге 2010 жылы ұңғыма мен құбыр тарту үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда таза суға қарық болдық деп бөріктерін аспанға атқан тұрғындардың қуаншы екі жылдан кейін су сепкендей басылған. Ұңғыма ауылды тіршілік нәрімен қамтамсыз етуге жарасыз болып, жылдар өте трубаларынан тесіктер пайда болған. Енді аптап ыстықта халық суға жарымай, зар илеп отыр.

"Осы уақытқа дейін суды Меккеден әкелетін уақыт болды. Халықтың осындай жанайқайын естіген, халық деген жаны ашитын адам болатын болса. Меккеден болсын, қай жерден болсын жеті қат жердің астынан болса да қазып, өкімет деген қаржыны аяп жатқан жоқ. Телевизордан күніге естіп жатырмыз. Пәлен миллион суға бөлінді, пәлен миллион жолға бөлінді деп. Бірақ, сол миллиондар қане? Қане халыққа жетіп жатқаны?", — дейді ашынған ауыл тұрғыны Дариға Балтаева.

Жығылғанға жұдырық болғандай, ауыз судың құбырынан ауылға кіреберіс жердегі бай-бағландар мен шенді-шекпенділер қораларына су тартып алып жатыр екен. Ал оны тексеріп жатқан бірде-бір шенеунік жоқ дейді ашынған жұрт.

"Еңбекші ауылына тартылған су құбырынан суды жолда әкім, прокурор, бай мырзалар тартып алған қорасына. Қазіргі таңда, адам ішетін суды, мал ішіп отыр", — дейді ауыл тұрғыны  Ербол Отбаев.

Еңбекші ауылында жерасты ауыз су құбырының жарылғанына бір айға жуықтаған. Оны тұрғындар шырылдап айтқанымен, жауаптылар ешқандай шара қолданбаған.

Аудан әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетовтің айтуынша, қазір ауылда жағдай қалыпты. Құбырлардың ақауы бар болғанымен, қазір ауызсу берілуде. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

"Қазір біз Төлеби ауданынан бір гектар жерді аудандық ЖКХ бөлімінің атына рәсімдеп алдық. Аудандық бюджеттен жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 1000-2000 кубтық су жинағыш қойманың жобалық- сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су жинағыш қойма арқылы біз ауылды 24 сағат ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Бұл мәселе келесі жылы 100 пайыз шешілетін болады", — дейді ол.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер