Жолаушылар тасымалы: сервис қашан дамиды?

3668
Adyrna.kz Telegram

Жуырда жұмыс бабымен еліміздің батысынан елорда арқылы пойызбен Шығыс Қазақстан облысына бардым. Осы сапарда біздің темір жол саласындағы сервистің әлі де дамымағанына тағы бір көз жеткіздім. Сервистен бұрын жалпы вагондар тозған, тазалық жоқ, ауызсу алатын орындар мен дәретханалардың жайы сын көтермейді. Тар купеде 4 адам қыстырылып отырады. Терезелер ашылмайды, аптап ыстықта желдеткіштер жұмыс істемейді. Вагонда телефон немесе ноутбукты қуаттауға еш мүмкіндік жоқ. Соған қарамастан Қазақстан темір жолы басшылығы жолақыны жыл сайын қымбаттатады. Мәселен, биыл наурыз айында билет бағасы 7 пайызға артқан.

Былтыр елімізде пандемия басталғанда темір жол қатынасында біраз дау туған белгілі. Пойыздардың жүру жиілігі алшақтап, тіпті, бірқатары тоқтап та қалды. Дегенмен өткен жылы індетке қарамастан, мемлекеттік қолдаулар аясында 40 млрд теңгеге «Тұлпар» зауытының отандық өндірісінен 100 вагон сатып алынды. Биыл жыл басында тағы осындай 31 жолаушылар вагоны алынған. Олар жуырда Алматы-Маңғыстау бағыттарына шығарылмақ.

Маусым айының басында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халыққа берген есебінде елімізде 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 вагонды жаңарту жоспарланып жатқанын айтты.

Осы жылдың соңына дейін 252 вагонның санитарлық тораптарын жаңарту жоспарлануда. Жүктерді тасымалдауға келетін болсақ, 2021 жылдың 4 айында темір жол көлігімен 134,6 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 3 пайызға артық. Жүк вагондарының паркі тозудың орташа деңгейі 43 пайызды құрайды, олардың саны — 132 мың. Жүк вагондарын сатып алу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осындай қолдаулар аясында 2020 жылы 160, биыл 435 вагон сатып алынды, — деді министр.

Бүгінде Қазақстанда жолаушылар вагондарының паркі саны шамамен 2,6 мыңға жеткен.  Олардың жартысы дерлік, нақтырақ айтсақ, 46%-ы тозған. Халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдар көп.

«Нұр-Сұлтан-Семей» бағытындағы пойызда семейліктермен бір купеде отырдым. Біз мінген пойыз өте ескі екен. Барғанша ыстық әрі тар купеде мазамыз қашып, түскенше асықтық.

Баламды 2-3 ай сайын Нұр-Сұлтандағы кардиолог мамандарға апарып көрсетемін. Дәрігерлер жүрек ақауы (порок сердца) деген диагноз қойды. Осы жолы да дәрігерлерден келе жатырмыз. Елорда мен Семей арасындағы пойыздардың бәрі ескі. Желдеткіші жұмыс істемейді, дәретханалары үнемі сасып жатады. Сервис деген мүлдем атымен жоқ. Көрпе-жастықтары да ескірген. Жыл сайын пойыздың жолақысы  қымбаттап жатады. Біз сияқты отбасында ауру балалары барларға бұл өте қиын. Ақшасынан бұрын кез келген жолаушыға қызмет сапасы маңызды. Өкінішке қарай, міне, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да әлі күнге дейін теміржол тасымалының сапасы сын көтермейді. Бұрын тоқырау жылдарында сөмкемен тауар тасып, осы пойыздармен қатынаған күндеріміз ұмытылған жоқ. Ол кезде: «Алдағы уақытта бәрі түзелер, жаңа вагондар сатып алынар», — деп өзімізді жұбататын едік. Дегенмен баяғы жартас сол жартас болып тұрған жайымыз бар, — деп ағынан жарылды Семей қаласының тұрғыны Баян Мақышева.

Біз мінген «Нұр-Сұлтан-Семей» бағытындағы пойыз вагондары ескі екен. Пойыз сөрелері ескіргеннен сықырлап, терезелер ашылмай, қайнаған ыстықтан жолаушылар әбден әбіржіді. Пойыз вокзалға тоқтаған бойда вагоннан қарғып түсіп, «уф» деп таза ауа жұттық.

— Плацкарт вагондардың құны арзан болғанымен, мұнда жолаушыға ешқандай жағдай жасалмаған. Жалпы бізде қай пойызға мінсең де тар, әрі қолайсыз. Не суы жоқ, не тоғы жоқ. Сондай-ақ қазіргі жолаушылар да лас. Жүрген, отырған жерін шашып жүре береді. Ұқыптылық, жинақылық жоқ адамдарда. Кейде жолсеріктерді де аяйсың. Кейде оларға да көңіліміз толмай жатады. Бір сөзбен айтқанда, темір жол саласын дамытып, қызмет сапасын арттыруымыз керек, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Әлімбетов.

Жолаушылардың пікіріне назар аударсақ, көбінің теміржолдағы сервиске көңілі толмайтындығын аңғару қиын емес. Ең өкініштісі, бұл саладағы мәселелер мен пойыздағы келеңсіздіктерді лауазымды тұлғалардың өз көзімен көруге құлықсыздығы.

— Қазіргі таңда халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдар жиі түседі. Біз мұны әділ деп санаймыз. Шынында да, парктің жартысын ауыстыру қажет. Мен бұл мәселені жақсы білемін,— деген болатын есеп беру кездесуінде Б.Атамқұлов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда бұл салада 135 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 125 мыңы — «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері және 10 мыңға жуығы жеке компанияларда жұмыс істейді.

 

«Адырнаның» анықтамасы

Еліміздің темір жолдарының пайдалану ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды. Жалпы ұзындығы — 21 мың км. Жыл сайын шамамен 600 км магистральдық желі күрделі жөндеуден өтеді. Биыл 4 айда темір жол арқылы 4,4 млн жолаушы тасымалданған.

Қазір пандемияға бай­ла­нысты 41 пойыз, оның ішінде 21 халықаралық байланыс тоқтатылған. Биыл жолаушылар тасымалын субсидиялауға 57 әлеуметтік маңызы бар маршрутқа 44 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған.

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер