Су асты патшалығындағы жаңа жыл

1453
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда 83 жылдық тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік ҚУЫРШАҚ театры – республикамыздағы  ең ірі өнер ұжымдарының бірі. Өнер ошағы бүгінде талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған

бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету,  кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

Болашағымыздың жарқын, келер ұрпақтың білімді, салиқалы болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты екені хақ. Сол себепті де, әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімпаз ұрпақ тәрбиелеу жолында  ҚУЫРШАҚ театры аянбай еңбек етуде. Өнер ордасы 82-ші маусымын жаппастан үздіксіз жұмыс атқарып, өз көрермендерін күнделікті қойылымдарымен қауыштырды. Көптеген әлеуметтік жағдайы нашар, мүгедек балаларға қайырымдылық тегін көрсетілімдерін ұйымдастыруды театр ұжымы айлық жұмыс жоспарына тұрақты түрде енгізген.

83 маусымын «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасымен ашқан өнер ордасы жаңа жыл мерекесінің қарсаңында көрермен назарына кезекті «СУ АСТЫ ПАТШАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ» (авт.: А.Сергеев, реж.: О.Ақжарқын-Сәрсенбек) ертегісінің премьерасын ұсынды. Көңілді әрі жарқын қойылым барысында кішкентай көрермендер акваханшайым Инфанта, Валун патша және оның уәзірі Скубамен бірге су астына саяхат жасап, жаңа жылды қарсы алу үшін әр түрлі шытарман оқиғалардан өтті.

Мерекелік бағдарлама 20 желтоқсан мен 15 қаңтар аралығында өткізіледі. Театрға келген әр көрерменді театр фойесінде аяз ата, ақшақар, теңіз қарақшысы, тотықұс, жұлдыз, ит, тауық, т.б. ертегі кейіпкерлері құшақ жая қарсы алып, жасыл шырша айналасында ән салдырып, би билетіп, әр түрлі ойындар ойната отырып, мерекелік көңіл күйге бөлеуде.

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер