500 жұмысшының жанайқайы: кім кінәлі?

2400
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік Қазақстанда Обухов тау-кен байыту комбинатында өндірілген өнімдерді тасымалдауға жергілікті полиция кедергі келтіріп, соның салдарынан кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалған.  Экспорттың арқасында жалақы алып отырған жұмысшылар енді жұмыссыз қалатындарына алаңдаулы  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бизнеске негізсіз кедергі келтірді деп шағымданған комбинат жұмысшылары енді ел Президентіне хат жолдамақ.

Олар жергілікті полиция кәсіпорын аумағынан шыққан шикізатты діттеген жеріне жеткізбестен, жолай тәркілеп жатқанын айтады. Жүк тасымалдайтын көліктердің жолына не себепті тосқауыл қойылғанын құзырлы орындар мардымды түсіндірмеген.

"3 маусымнан бері күн сайын біздің жүк тасымалдайтын көліктер тоқтатылады. Себебі түсіндіріліп жатқан жоқ. Прокурордың тапсырмасы деген уәж айтып отыр. Егер концентратты экспорттай алмасақ жұмыскерлердің де жалақысын бере алмаймыз. Алдыңғы күні түнде полиция концентратты тағы да алып қойды", — дейді Обухов тау-кен байыту комбинатының директоры Данил Долгалев.

80 тонна цирконий концентраты теміржол арқылы Ресей мен Қытайға экспортталуы тиіс еді. Бірақ 17 млн теңгенің тауары қазір полиция бөлімшесінің аумағында қаңтарылып тұр. Ал құзырлы орындар біз бар болғаны соттың үкімін орындап отырмыз деп ақталуда.

"Тайынша аудандық полиция бөлімі өндірісінде соттың үкімін орындамау бойынша, қылмыстық іс бар. Сол қылмыстық іс бойынша кеше автокөліктер тоқтататылып, заттық дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қалған ақпарат жариялануға жатпайды", — дейді Тайынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Хасенов.

Осылайша серіктестік директорына қатысты қозғалған қылмыстық істің кесірі 500-ге тарта қызметкердің де дегбірін қашырған. Алдағы уақытта мұндай кедергілер жалғаса беретін болса, зауыттың жұмысы тұралап, тіпті жабылып та қалуы мүмкін. Бірнеше жылдан бері кен орнында нәпақасын тауып отырған тұрғындар енді Президенттен көмек сұрауға мәжбүр.

Айта кету керек, Обухов тау-кен байыту комбинаты —  еліміздегі бірегей кен орындарының бірі. Мұнда титан-цирконий өндіріліп, сырт мемлекеттерге экспортталады. Аталмыш серіктестік жалақы көрсеткіші бойынша да өңірде бірінші орында.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер