Пара беруші болмаса, алушы да болмайды

2116
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керектігін айтты. Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті. Ел Президенті атап өткендей, жыл өткен сайын көлеңкелі қылмысқа жол бергендерге кесілетін жаза түрі қатаңдап келеді. Дегенмен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тәуекелдерінің туындауы тек бір ғана тараптан болмайтындығын ескерген жөн. Осы орайда ел дамуын бәсеңдетіп, халық пен билік арасындағы берік сенімді сетінететін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның деңгеін төмендету тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, ол әрбір қазақстандыққа ортақ міндет екендігі баршаға белгілі. Себебі бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу көпшіліктің көкейіндегі жалпылама ұран болғанмен, іске келгенде әрбір азаматтың, ардың ісі екені анық. Қоғамда парақорлыққа көп жағдайда тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділіктің төмендігі себеп болып жатады. Тірлігін теңгемен шешуге тырысып, қызмет көрсетушіге қаражат ұсынуға құмар азаматтардың әрекеттері «Пара беру, пара ұсыну» қылмысының туындауына тікелей ықпал етуде. Сондықтан да пара беруші болмаса, пара алушыда болмайтынын ескерсек, көпшілік қауым елдің ертеңгі болашағы үшін өзінің азаматтық белсенділігін танытуы қажет-ақ. Соның ішінде адал қоғамды қалыптастыруда еліміздің әрбір азаматы ар тазалығын сақтап қана қоймай, ұшырасқан сыбайлас жемқорлық деректеріне бейжай қарамауы тиіс. Бүгінгі күні елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call орталығына қоңырау шалу арқылы тұрғындар өз ақпараттарымен бөлісуіне толықтай мүмкіншіліктері бар және мекемелерге арыз-шағым қалдыру арқылы өзінде бар барлық мәліметтерін толықтай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне ұсына алады. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің төте жолы азаматтық белсенділікті арттыра отырып, халқымызға адал қызмет ету болып есептеледі.

Пікірлер