6 облыс пен 2 мегаполисте азық-түлік бағасы қалай шарықтады?

3058
Adyrna.kz Telegram

Биыл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша сауда үстемесінен асып кету және сыйақы алудың 46 фактісі анықталған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтылды.

Жиында аталған өңірлердің басшыларына шекті сауда үстемесінен асыра белгілеген сауда субъектілерін жауапкершілікке тарту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Азық-түлік бағасы – бұл әлеуметтік өзекті мәселе. Үкімет Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, бірінші кезекте АӨК секторындағы құнды қалыптастырудың бүкіл тізбегі бойында бағаларды тұрақтандыру бойынша іске асырады", — деді А. Мамин.

Жалпы, Премьер-Министр әкімдіктер мен министрліктерге инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Егін жинау маусымының аяқталуына байланысты әкімдіктерге «айналым схемасы» бойынша қосымша қаржыландыру бөлуді жеделдету және өңірлік тұрақтандыру қорларына бұрын жеткізілген азық-түлік көлемін сатып алуды жүзеге асыру тапсырылды.

Бұл ретте форвардтық сатып алу шеңберінде астық жеткізу бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ алдында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету міндеті қойылды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер