Бүгін — Мұғалімдер күні

2231
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — Мұғалімдер күні. Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы бір жерге қосылса, төрдегі орын — ұстаздікі» деген бір ауыз сөзі осынау мамандық иелерінің қоғамдағы орнын айшықтап тұрғандай. Жас ұрпақтың бойына біліммен қоса ізгілік нәрін себетін мұғалімдер қауымы үшін бұл мерекенің маңызы зор.

Мұғалімдер күні 1994 жылдан бері дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Ал бірқатар елдерде бұл мереке 5 қазан күні тойланады. Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісі деп белгіленген.

Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойған.

Қазақстандық ұстаздар бұл мерекені міндетті түрде педагогикалық ұжыммен бірге атап өтеді. Сондай-ақ, бұл күні үздік ұстаздар мерекелік іс-шараларда марапатталады.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, ұстаздар бірнеше ғана құжат толтыруға міндеттелді. Олардан артық ешқандай құжат сұралмауы тиіс. Сондай-ақ алдағы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы әр жылы 25 пайызға артатын болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруды тапсырған. Оның аясында былтыр 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұл басы ғана, өйткені, алдағы 3 жылда олардың жалақысы әр жылы 25 пайызға артып отыруы тиіс.

2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды.«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы 21 баптан тұрады және еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтің мүдделерін қорғауды көздейді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды.

Құжатта қамтылған педагогтің құқықтарын кеңейту нормалары олардың жеке тұлғалық дамуына және оқу үдерісін жетілдіруіне ықпал етеді. Сондай-ақ педагогтерді қызметіне жатпайтын жұмысқа тарту, шамадан тыс есептілік, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы олардың жүктемесін азайту өзекті мәселе. Осыған байланысты нақты санкциялар көзделген. «Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн. 282 млрд. теңге (2020 жылы – 404 млрд. теңге, 2021 жылы – 770 млрд. теңге, 2022 жылы –1 трлн. 108 млрд. теңге) бөлінді.

"Адырна" ұлттық порталы еліміздегі барлық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтайды. Барша ұстаздардың деніне саулық, шығармашылық табыстар және зерек, дарынды шәкірттерінің көп болуын тілейміз.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер