Үздік ұстаз: Ең әдемі киім - ұлттық киім

3402
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың ұлттық нақыштағы киімдеріне тек наурыз мерекесі мен салтанатты жиындардың емес, күнделікті қолданыстағы киімге айналу керек. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген «Үздік педагог-2021» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы, Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің арнайы пәндер мұғалімі Гауһар Қойланова осылай дейді.

Он саусағынан өнер тамған шебер дизайнер мен тігіншілерді тәрбиелеп, қазақтың ұлттық ою-өрнегін жастардың санасына сіңірген Гауһар Жарасқызы осы салада 20 жылдан бері еңбек етіп келеді.

–Ең әдемі киім – ұлттық киім. Қазақтың ұлттық киімі тек бүрмелі ұзын көйлек пен қызылды-жасылды қамзолмен шектелмейді. Бағзы заманның кімдерін зерттегенде олардың ерекше дизайны мен графикасы адамды еріксіз таңдандырады. Өзімнің еңбек жолымда көне үлгілерді қазіргі уақытқа ұштастырып, заманауи үлгіде қолданысқа енуге арнап келемін, - дейді ұстаз.

Қойланованың шәкірттері талай додада топ жарып, бас бәйгені еншілеген. Шымкентте өткен «Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауында студенттері «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі» номинациясының жеңімпазы атанды. Ал 2017 жылғы осы байқауда «Нью фольклор» атты киім жиынтығымен қатысты.

Бағыты айқын, шығармашылығы шыңдалған Г.Қойланованың 2019 жылы «Киім дизайны» мамандығында білім алушылар үшін «Материаловедение в дизайне одежды» деп аталатын авторлық оқу құралы жарық көрді. Биыл «Балалар жеңіл көйлегі негізінде модельдік ерекшеліктерді түсіру» мен «Балалар шалбарының негізгі сызбасын құру» және «Костюм композициясындағы түс» тақырыбы бойынша әдістемелік ұсыныстар, «Костюм тарихы» тақырыбында лекция жинағын дайындады.

Гауһар Жарасқызы шәкірттерін креативті шығармашылық жұмыстарды орындаумен қатар, қазіргі заман талабына сай графикалық бағдарламаларды да терең оқытып, кәсіби сауатын тереңдете түсуде.

Биылғы оқу жылы ұстаз үшін жеңісті жыл болды. «Үздік педагог 2021» байқауынынң қалалық кезеңінің жеңімпазы атанып, ҚР Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтің алғыс хатымен марапатталды.

Г.Қойланова секілді ұстаздары бар Шымкентте талай шәкірт ұлттық киімдерді қайта жаңғыртып, трендке айналдырары сөзсіз.

Пікірлер