Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерді көше сыпыруға жібергендер жазаланады

5992
Adyrna.kz Telegram

Семей қаласында оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген. Шамасы, мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары беріп, осындай мазмұндағы хат мектептерге таратылған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 - 2019 жылдың желтоқсанында қабылданған Заң шеңберінде педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салынады. Содан бері мұғалімдер тек тікелей функционалдық міндеттермен айналысуы керек екенін түсіну үшін уақыт жеткілікті болды.Мұндай бұзушылықтар үшін екі жүзге жуық басшы жазаланды. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан шығарылды. Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатыстылығы расталған жағдайда, аталған лауазымды тұлға және өзге тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сондай-ақ қажетті шаралар қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінеміз. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылады, - деп жазды министр желіде.

Еске сала кетейік, 16 қазан күні Семейдегі мектепте сабақтарды тоқтатып, мұғалімдерді сенбілікке шығарған. Қала тұрғыны мұғалімдердің көше сыпырып жүргенін суретке түсіріп, жергілікті басылымға жіберген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер