Ұлттық сана-сезім әліпбиден басталады

2870
Adyrna.kz Telegram

Биыл біздің халқымыз Тәуелсіздіктің 30-жылдығын атап өтуде. Рас, еркіндік, азаттық, дербестік сияқты асыл ұғымдармен ұштасып жатқан осы Тәуелсіздікті Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында жариялаған еді. Алайда іс жүзіндегі егемендікті саясатта, экономикада, ақпаратта, толып жатқан басқа да салаларда баянды етуге бағытталған шаруалар әлі де жалғасын тауып келеді. Осындай келелі істердің қатарында 2017 жылғы 26 қазан ерекше мәнге ие. Қазақ руханиятын жаңғыртуда тарихи мәнге ие осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды.

Өткенге үңілсе бұратана елдерді отарлау саясаты тек күшпен басып алумен шектелмеген. Өз дегеніне көндіру саясаты әлде-қайда қитұрқы амалдарға жүгінді. Соның ішінде халықтарды жаулап алып қоймай, олардың ақыл-есін аздырып өзіне қарату әрекеттеріне басымдық берілді. Нәтижесінде отарланған елге өзінің төл болмысынан келімсектің тілін, ділін, мәдениетін жоғары қойғызу арқылы ұзақ мерзімді билеп-төстеуге жол ашылған. Осындай залым саясаттың құрбанына Қазақ халқы да айналды. Соның бір көрінісі орыстандыру саясатына келіп тірелді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін әлгіндей рухани кіріптарлықтан құтылу заман талабына айналды. Тиісті бастамалар әлипбиге де қатысты өрбіді. Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, ХХ ғасыр басында Қазақ, Өзбек, Әзірбайжан, басқа да түркітілдес халықтардың зиялылары осындай алмағайып заманда тізе қосу мақсатында ортақ әліпбиді қабылдау қажеттігін алға тартты. Бұл тақырыпта арнайы ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Аталған сарынмен 1929 жылы Қазақстанда  «бірыңғай түркі әрпіне көшу туралы» қаулы шықты. Бірақ Ер Түрік баласының бірлігін көздеген бұл шешім Мәскеуге қатты ұнамады. Сондықтан 1940 жылы жергілікті орталармен еш келіспей Ресей Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды кирилл қарпіне күштеп көшірді. Осылайша қазақты  мәңгүрттендіру, түркі руханиятынан айыру саясаты Кеңес одағы ыдырығанша жүрді.

1990-шы жылдардың басынан жазу реформасының бірнеше түрлері ұсынылды. Бұнда Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуына оралу, Орхон-Енесай жазбасын қайта жаңғырту сынды ойлар болды. Алайда тиісті пікірталастар түптеп келгенде екі таңдауға келіп тірелді: не кирил әліпбиін қалдыру, не латын әліпбиін, атап айтқанда академик Әбдуәли Қайдардың нұсқасын негізге алу. Сол жылдары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшудің тиімділігі туралы жасаған мәлімдемесінен кейін де пікірталастар толастаған жоқ. Соның ішінде латын әліпбине өтуге қарсы пікір білдіретіндердің арасында бірқатар әдебиетшілер табылды. Болашақта әдеби шығармаларды жаңа әліпбиде қайта басып шығару туралы шешім қабылданғанда кейбір шығармалар тізімге енбей қала ма, жаңа буынға керегі болмай қала ма деп қауіптенді.

Оның үстіне сол 1990 жылдардың аяғында латын әліпбиіне заңдық тұрғыда өтсе де Өзбек, Түрікмен, Әзірбайжан бауырларда орын алған тілдік реформаның кемшін тұстары да мұқият зерделенді. Елбасының өзі 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында былай деді: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес». Бертін келе 2012 жылы жарияланған «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деген міндет қойылып онысы қоғамда қызу талқыға түсті.

Аталған мәселеге түпкілікті нүкте жоғарыда аталған 2017 жылғы 26 қазанда қойылды. Оған сәйкес қазақ тілінің әліпбиін латын  графикасына аудару бойынша арнайы Ұлттық комиссия құрылды. 2025 жылға дейінгі орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, ақпараттық бағыттар бойынша жұмыс кестесі бекітілді. Аталған шаралар екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан да қолдау тапты. Оның 2019 жылғы 21 қазандағы тапсырмасы аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Назар аударарлығы - ұлт тағдыры үшін маңызды реформа қоғамдық пікірді ескеріп іске асырылды. Бұл тұрғыда көптеген ашық талқылаулар мен ғылыми-практикалық жиындар ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінде жаңартылған әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнамалар, түрлі зерттеулер жүргізілді.

Нәтижесінде қазақ тілінің жетілдірілген латынша әліпбиінде әріп саны 31 болды. Сондағысы тізім тек латын әліпбиінің базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Сондай-ақ әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

Бұған дейін латын графикасының қажеттілігі, тіпті баламасыздығы жайлы талай дейектер мен тұщымды пікірлер айтылған еді. Десе де бұл реформаның маңызын ескере отырып оның алғышаттары мен жай-жапсарына тағы бір мәрте үңілсе артықшылық етпейді.

Біріншіден, тілдік тұрғыдан қарастырар болсақ. Расында осыдан 80 жыл бұрын қазаққа күштеп енгізілген кириллица толыққанды қазақи әліпби болған жоқ. Анығында 42 әріптен тұрып оның 13-і тілдің дыбысталуы мен заңдылығына еш бағынбайтын кириллица қазақтан гөрі аралас орыс-қазақ әліпбиі болып табылды. Ендешеше тіл тазалығын сақтап қалу тұрғысынан тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Тиісінше қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдемек.

Екіншіден, қазақтың бірлігін сөз етсек. Өткен ғасырларда түрлі қасіретті жағдайларға байланысты қазақ баласы дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен еді. Бүгінде тіліміз бір болса да, жазуымыз әртүрлі. Айталық, Ресей мен Моңғолиядағы қандастар – кириллицаны, Қытай мен Пәкістандағылар – төте жазуды, Түркия мен Еуропадағы бауырлар латын әріптерін қолданады. Бұл онсыз да аз халқымыздың өзара араласып ақпарат алмасуға үлкен кедергі келтіруде. Ал енді латын әліпбиі аясында басымыз қосылса – ол әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі.

Үшіншіден, тарихымызды түгендеу. Отанымыздағы және одан тысқарыдағы мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген еңбектер мен құжаттардың дені латын әліпбиінде жазылған. Олай болса латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік ашылмақ. Оның ішінде Алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып, жарияланған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес.

Төртіншіден, геосаяси көзқарасты алар болсақ. Шығыста Алтай тауларынан бастап батыста Жерорта теңізі мен Еуропаға дейін созылып жатқан Түркі әлемі бүгінде 200 миллионнан асқан әлеуті зор өркениет болып табылады. Тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ осы бауырлас елдерді жазуын латын әліпбиіне көшіру арқылы жақындастыру түркі мемлекеттерінің қайта қауышуына мықты серпін бермек. Бұл үрдіс ойдағыдай дамып жатса қазіргі білекті мен азулының сесі жүріп тұрған алмағайып заманда тәуекелдердің алдын алудың мықты құралына пайда болмақ.

Бесіншіден, заман ағымына ілесу қажеттігін назарға алса да бүгінгі әлемдегі ақпарат пен озық технологияларда үстемдікке ие латын графикасы екенін ешкім жоққа шығара алмас.

Алтыншыдан, өркениеттік таңдау мәселесі. Қалай дегенмен, кириллица Қазақстанды «орыс әлеміне» байлап қойған бірден-бір фактор болып табылады. Тиісінше, латын әліпбиіне көшу – рухани һәм ділдік тұрғыдан отарсызданудың маңызды алғышарты. Өз кезегінде дағдарыстан көз ашпай, қоршаған әлеммен араздасқан бүгінгі Ресейге деген кіріптарлық пайдадан гөрі әлде-қайда көп зиян әкелері тағы бар. Солтүстік көршінің Қазақты уысынан шығармау үшін латын әліпбиіне қатысты шешіміне жанталаса қарсылық білдіруі аталған пікірді қауаттай түседі.

Және, жетіншіден, жылдан жылға өрбіп келе жатқан жаһандану үрдісінен шет қалмаған жөн. Оның ішінде қазіргі таңда әлем халықтарының 70 пайызы латын әліпбиін қолданады. Бұл оның анық артықшылығының дәлелі. Тіпті төл жазуын сақтап қалған елдер де, мәселен, Жапония мен Қытай латын әліпбесінің икемдігін мойындап оның тиісті нұсқаларын енгізіп қойған.

Қорыта келгенде латын әліпбиіне көшу, дәлірек айтса оған қайта оралу қай жағынан да ойластырылған және заман талабына сай қабылданған тәуелсіз Қазақ елінің өз таңдауы. Ендеше Ахмет Байтұрсыновтың «Өз тілінде сөйлескен, өз тілінде жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» деген өсиетін әркез жадыда ұстаған абзал. Және де осы тұрғыдан алғанда ел болып еңсемізді көтеріп еркін рухтағы әліпбиімізді асқақата берейік.

Расул ЖҰМАЛЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер