Мыңға жуық баланың кіндік анасы атанған Сарыағаштық "Нина апай"

1037
Adyrna.kz Telegram

Сарыағаш ауданына 70-жылдары жұмыс бабымен көшіп келіп, мәңгілікке тұрақтаған Назия Дракинаны Дарбаза ауылдық округінде танымайтын жан жоқ.

Санаулы ғұмырының 30 жылдан астам уақытын жаңа өмір сыйлауға арнаған Нина апай, дәл осы өңірдегі 1000-ға жуық баланың кіндік шешесі атанған.

Көршілерімен де ешқашан сөзге келіп көрмеген Назия Гайдарқызының бүгінгі тыныс-тіршілігі үлгі тұтарлық.

Бұл, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза ауылдық округінің мақтанышы – Назия Дракина. 30 жылдай акушер болып қызмет етіп, 1000 ға жуық баланың кіндік анасы атанған ол, жұмыс бабымен ауылдық жерге қалай келгенін күліп есіне алып отырады.

Ата-анасы Бәйдібек ауданына Ресейден көшіп келген. Шымкент қаласындағы медучилещені акушер-фельдшер мамандығы бойынша тәмамдаған Нәзия Гайдарқызы, оқу бітіргеннен соң жолдамамен Дарбаза ауылына келеді.

Айта кетейік, ұлты орыс болса да қазақшаға судай Нәзия Дракинаны жергілікті халық үлкен құрметпен «Нина апай» деп атайды. 30 жыл абыроймен адал еңбек еткен акушердің, өмір жолдасымен танысуының өзі бір қызық.

3 ұл өсіріп, оларды қазақы тәрбиемен сусындатып отырған Назия Гайдарқызы Дарбаза ауылына қарасты емханада 30 жылдай акушер болып қызмет еткен. Осы жылдар аралығында 1000-ға жуық баланың аман-есен өмірге келуіне үлес қосып, қаншама қазақтың қара домалағына кіндік шеше атанған оны ауыл тұрғындары ерекше жақсы көреді.

Жұбайымен 43 жыл отасып, өмірге әкелген үш перзентіне қазақи тәлім тәрбие берген «Сарыағаштық Нина», өзінің тарихи отанын бір рет барып көріпті. Жолдасы өмірден өткеннен соң ауылдастарының қамқорлығын ерекше сезінген ол, «мен, әр қазақтың бойындағы бір-біріне деген сүйіспеншілікті, мейірімді жақсы көремін» – дейді.

Малика Қанжарбекқызы

Пікірлер