"Халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі": Конституциялық сотқа жаңа төраға келді

2612
Adyrna.kz Telegram
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эльвира Азимованы Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы лауазымына 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалсын", - делінген президент жарлығында.

Президент  Конституциялық Соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.

 "Эльвира Әбілхасымқызы – тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұраймын", – деді Мемлекет басшысы Сенат отырысында.

Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Эльвира Әбілхасымқызы Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер