Журналист Нұрлан Асқарұлы Нұр-Сұлтан қаласының атауын "Бозорда" деп өзгертуді ұсынды

2708
Adyrna.kz Telegram

Журналист Нұрлан Асқарұлы қазіргі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгертер болсақ "Бозорда" деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна "ұлтық порталы.

" Тараз және Қарауыл сияқты тарихи ескі атауларды жоймауымыз қажет. Ал Жамбыл мен Абай сынды ірі ақындарымыздың және Алаш арыстарының есімдерін қала атауы етіп қойғымыз келсе, қазақтың кең даласында жаңа қалалар тұрғызып, жаңа тарих қалыптастыруымыз қажет. Негізгі ойым, Тәуелсіздіктен кейінгі тарих яки кейінгі жүзжылдықтағы тарихи тұлғалардың атын қалаларға, аудан орталықтары мен ауылдарға беру арқылы біз ежелге атауларды жоғалтып алуымыз мүмкін. Топономимикалық атаулар ұлттық ерекешеліктерімізді сақтап, байырғы тарихымыздан хабар беретін рухани дүниелер.Қарауыл, Тараз секілді қадымнан қалған қала атаулары біздің ежелден ел болып, жұрт болып қалыптасқандығымызды білдіреді.

Тарихта қалалардың жойылуы шахар тұрғындарының індеттен қырылып, ол жерді тәрк етіп көшіп кеткен кезімен немесе сырттан келген шапқыншылар өртке орап, жан қалдырғмаған жағдайлармен ғана байланысты. Еліміздің оңтүстігіндегі бірнеше қаланың атауы осындай себептен аталмайды. Тек, мұрағаттағы сарғайған құжаттарда және тарихи еңбектердің парақтарында ғана жазылған қалаларды қайта қалпына келтіру көп жұмысты қажет етеді. Отырар, Сарайшықты еске алсақ бірнеше жүз жыл бұрын болған тарих ойымызға оралады. Бұл қалалар қазір тек мұражай ретінде ғана іске жарап тұр. Біз бұдан сабақ алып, іс қылсақ жаңылмаймыз.

Елді мекендер мен қалалардың атауын ауыстырғанда қоғамдық ғылымдар саласының ғалымдары, жаратылыстану бағытының ғалымдары және өзге де ономастика сияқты тікелей жауапты саланың мамандары бірлесіп, халықтың пікрімен санаса отырып өзгерткен дұрыс деп ойлаймын" деп пікір білдірді Нұрлан мырза.

Тіпті ол осы тақырыпта өлең шығарды.

Бозорда

Тарихын Бозоқтан бастаған,
Деректі, жәдігер сақтаған.
Әр кезде әрқалай айтылып,
Соңында Бозорда атанған.
Көгінде күні тұр қалқыған,
Биікке қыраны талпынған.
Егісте бидайы жайқалған,
Өнерлі ұрпағы ән шырқаған.
Мерейлі мақтаным Бозордам,
Алыстан қарасаң бозарған.
Қонақты мұндалап шақырған,
Арайлы, шырайлы – Астанам.
Даналар қаламын ұштаған,
Билері ханнан да ықпаған.
Саз илеп құмыра жасаған,
Кірпіштен үй салып қыстаған.
Тәңір деп бір-бірін қостаған,
Ұл-қызы әдептен аспаған.
Ерінбей тер төгіп мал бағып,
Байлары төрт түлік ұстаған.
Ежелден ері бар кен қазған,
Өндірген жерлері Жезқазған.
Алыптар найзасын саптаған,
Намысы байрағын жықпаған.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ,
"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер