Қазақстан 10820 жылдан кейін дамыған елдер қатарына қосылады

7639
Adyrna.kz Telegram
Әртүрлі адам болады. Адам сапасын сан өлшемге салмай, мысал үшін, қабілетті және қабілетсіз деп екіге бөліп көрейік. Қабілетсіз адам әдетте уәдесіне берік емес, жұмысына жүрдім-бардым қарайды, қолынан көп нәрсе келмейді, өтірік-өсекке жақын, сұғанақтау, бала-шағаға көп қараспайды.
Қабілетті әрі табысты танысына қарайды да болмасам да ұқсап бағайын деп өзін қамшылайды, одан да көп тер төгеді. Оның соры біреу - бойындағы негізгі парадигманы өзгертпей, бір нәрсені қайталап істей береді де, өзге нәтиже күтеді. Сөйтеді де, дөңгелегі балшыққа батып қалған көлік секілді газды басады келіп, басқан сайын алға жылжудың орнына керісінше бата түседі.
Мемлекеттер де сондай, саясатты жүргізуге қабілетті мемлекеттер бар, қабілетсіз мемлекеттер бар. Жалпы, әлемде саясат біреу: халықтың қамы. Алайда кейбір мемлекеттер сол саясатты жүргізуге келгенде өзгелерден қарағанда қабілеттірік.
Адамдардың қабілетін өлшейтін құрал жоқ болғанымен, мемлекеттердің қабілетін өлшейтін индекс бар.
Сол индексті ойлап тапқандардың бірі Мәтт Әндриустен сабақ алдым. (Суретте) Бір топ ғалым 2016 жылы «Ұлттық тұралау: Мемлекеттердің саясатты іске асыру қабілеті» (The Big Stuck in State Capability for Policy Implementation) атты мақала жазып, 102 дамушы елді салыстырады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Мемлекеттің қабілеттілік индексін шығару үшін International Country Risk Guide-тің үш индикаторын («Жемқорлық», «Заң мен Тәртіп», «Бюрократия сапасы»), The Failed State Index-тің «Мемлекеттік қызмет» иникаторын, World Governance Indicators-дің үш көрсеткішін («Үкіметтің тиімділігі», «Жемқорлықты бақылу», «Заң үстемдігі») алады да, дамушы елдердің қабілеттілік индексін шығарады.
Қабілетті елдер деп ескі OECD ұйымына кіретін дамыған елдерді алады.
   
Сөйтіп, дамушы елдердің қабілетінің өсу динамикасын есептеп, қабілеті зор елдер қатарына қай уақытта қосылатынын шығарады. Сөйтсе, есепке ілінген кезеңдегі екпінмен дамысақ, Қазақстан 10 820 жылдан соң қабілеті зор дамыған елдер қатарына қосылады екен. Бұл 2016 жылғы есеп. Қазақстанның 2012 жылға дейінгі аталған индикаторлар бойынша даму екпінін өлшеген. Одан бері біраз өзгерді десек, бұдан кейін де біраз өзгеріс болады деп ойлаймыз.
Әрине, бұл таза арифметика. Дегенмен ойландырады.
Шыңғыс МҰҚАН
Пікірлер