Мұхтар Мағауин. Ғажайып ғұмырбаян

3625
Adyrna.kz Telegram

 

Адам баласында пендешілік деген бар. Осы, әуел баста  таусылмайтындай көрінген, алдамшы, қысқа тіршілігінде біреулермен сыйыспайсың, айтысып, тартысасың, өліспей бітіспес, кереғар қалыпқа жететін жағдайлар да ұшырасады. Бұл, әлдебір себептермен саған ұнамаған кісінің бар болмысы қағай, қаймана ғана емес, қасас, тіпті, жиіркенішті көрінуі мүмкін. Керісінше, кейбір кісімен бірден тіл табысасың, мақсаттас, пікірлес қана емес, тілектес сияқты, жақыннан сүйеніш санап, алыстан айбар тұтып отырасың. Осындай, мен үшін өзгеше танылған екі адам бар еді: М.Шаханов пен Төлен Әбдіков.

Шиыртпақ

Ал енді ойлап қараңыз, осы, бірі – бар жағынан жат, екіншісі – қай тұрғыдан алғанда да етене туыс екі кісі... өзара тіл табысып, сен туралы теріс мәмлеге келмесе де, жақын байланысып, бауырласып жатса қайтпек керек? Тұрпайы тілмен айтқанда, антиподыңның досы саған да қырбай болып кетті ме, әлде досыңның жаңа досы сенімен де жора болып шығуы керек пе? Қалай айтсаңыз да, бұрнағы мұраттас, жақын әріптес, өзім білетін отыз жасқа дейінгі қаламгерлік қызметі ұлттық көркем сананың үлкен белесіне жеткен Төленді теріске шағара алмайды екем. Екі қиырда жүрсек те, ежеттес бауыр, сыйлас, тұрғылас азамат. Ал анау кісі... Ешқашан да есепке қоспапсың, өзін кемшін санап, жазуын қарабайыр, қораш көріпсің, ол аз болғандай, Адамзаттың Айтматовы екеуін қосақтап, Ешкі жетектетіп қойыпсың, ақыры, «Айқын» газеті наурыз, жаңарған мезет орайында таттуластырмақ болғанда, ат-тоныңды ала қашыпсың, жай ғана тіксінбей, төтенше, әрі қатты айтқан екенсің.

Міне, сондағы лепесің:

«Айқын» газетінің барлық оқырмандарын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын, еліміз аман болсын!

Ал Шаханов жөнінде, мәселе жеке басқа байланысты емес, қазақ тарихына байланысты. Жеке басына келер болсақ, мен Шахановты ақын ретінде де, азамат ретінде де мойындамаймын. Оның не ақылы жоқ, не білімі жоқ, не түйсігі жоқ. Ар-ұят жағын айтпай-ақ қояйын. Тіл мәселесі баяғыда көтерілген, ал Шахановтікі атақ шығару жолындағы байбалам ғана. Оның бұл әрекетінің пайдасынан зияны көп.

Мен ұлт тарихы тарабына қайшы пікірдегі немесе осы саланы саудаға айналдырған кісілермен ешқашан ешқандай мәмлеге келмеймін.

Редакцияға ескертпе: сіздер қойған сауалға жауап ешқандай өзгертусіз басылуы тиіс. Бұл түрінде баса алмасаңыз мүлде баспай-ақ қойыңыздар.

Прага қаласы, 21 наурыз 2008.»

Редакторым да, оқырманым да шошынбасын, дәп осы қалпында сол «Айқын» газетінде басылып шыққан сөз – 22.ІІІ.2008. Аспан айрылып жерге түспеді, жарыққа жеткізген бас редактор әлі күнге өз орнында, басқа кісілері де аман-есен, жер бетінде жүр. Ал бұл келте кесім халқым қаласа да, қаламаса да, кейінгі барлық кітаптарыма енуге тиіс. Өйткені, тасқа басылған сөз ешқашан өшпейді.

Солайы солай, бірақ... ойды ой қуатыны бар. Кешегі жалбағай жандайшап бүгінде қайтпас ұлтшыл болып кетсе, бұрнағы халық жаулары енді түгелдей ақталып, қаһарман шықса... бұл – заман ғана емес, сол заман тудырған ұғымдар да өзгеріп, құбылып, түрленіп, үстемесі тұрыпты, мүлде басқа бір мағнаға көшіп жатуы ықтимал деген сөз. Менің баяғы зілді кекесінім бір басқа, Төленнің дәп осы орайдағы мейірбан, кеңшілік лебізі бір басқа шығыпты. Осы екеуінің қайыра қабысуы мүмкін бе? Мүмкін екен...

 

Мен өзгердім

«Шыңғыс ханның» Төртінші кітабын тәмамдап, жеті жылдық ұзақ, әрі ауыр марафоннан соң тыныс табу, ес жинау ғана емес, осы, бар дүниеден баз кешкен замандағы көп жаңалықтан шетқақпай қалған олқылықтың есесін толтыру үшін «отандық ақпаратқа» көңіл бұрмаймын ба. Шет жұрттарға тасқа басылған газет-журналдарыңыз жетпейді. Бүгінгі жазармандар «ғаламтор» деп атаған, шын мәнісінде жалпы қазақ үшін кенеусіз өсекторға айналған интернетті ақтарыстыра бастадым. Әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылып, енді озық отызға иек артқан, жалпы жұрты байлық пен береке астында ғұмыр кешіп, республиканы мекендеген бір жүз қырық бірдеңе ұлт пен «ұлыс» шат-шадыман, тау-тәтті тұрып жатқан алпауыт еліміз жөнінде қаншама шынайы, әрі толық ақпар. Бұл жағынан өзім де там-тұм хабардар екем. Енді осы өткен жылдардағы әдеби, рухани өмір салтына қатысты толымды мағлұмат алуым керек. Өстіп, еріккен әуесқойлық жетегімен төңкере сапырып отырғанда, жаңа шет жағасын айтқанымдай, Төленнің – бір кездегі сырлас, ежеттес досым, тәрізі, менен әлі де жерімеген (баз-базында «Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин» деп санатқа қосып қояды) Төлен Әбдіковтың өзгеше бір сұхбатына ұшырасып қалдым. М.Шаханов туралы атаулы толғау екен. Ағынан жарылыпты:

[М.Шаханов] «екеумізді әдебиет табыстырды. Оның үстіне екеуіміз құрдаспыз. Бір-біріміздің шығармашылығымызға деген көзқарастарымыз жақсы болды да, бір-бірімізді дос тұтып кеттік. Мұхтар туралы айтқанда, оның ақындығын айтпай кетуге болмас. Ол өте үлкен ақын, әлеуметтік ақын... Ол – алған бетінен қайтпайтын, батыр адам. Жақсымен де, жаманмен де айтысып, доспен де ажырасуға дейін баратын үлкен принциптің адамы. Елге, халыққа деген сүйіспеншілік адамның азаматтығын айқындайды. Егер ол жеке басының қамын ойласа, әлдеқайда жоғары дәрежеге жеткен болар ма еді? Қазір біреулер оны елегісі де келмейді. Бірақ оның барлығы да уақытша нәрсе. Ең бастысы – халық Мұхтарды жақсы көреді... Ақынға бұдан артық қандай бақыт керек?! Жаратылыстың бір қызық жері, талантты адамдардың барлығы бірдей жақсы адам бола бермейді. Бірі қырсық, енді бірі қызғаншақ, тағы бірі мақтаншақ... Ондай адамдармен алыстан ғана сыйласқың келеді. Ал Мұхаң олардың қатарынан емес... Мен оған қазақ руханиятындағы жарық жұлдыздардың бірі деп қараймын. Мұхтар – терең, әріден ойлайтын ақын. Жүрекке жететін өлеңдері қандай ғажап. Сондықтан мен «Мұхтарды әлі де халыққа таныту керек, Мұхтардың бағасын әлі де толығырақ етіп беру керек» дегендердің жағындамын». («Жұлдыздар отбасы – Аңыз Адам» – 2012, №12).

Алғаш оқып шыққанда бұл түйдек толғамның тең жарымын көңілшек аңғалдық, қалған жарымын  мүлде қате деп таныдым. Қайыра оқығанда, үстемесін мүлде қабылдамай, негізгі тезистерін мыйыма сыйғыза алмадым. Үшінші мәрте оқығанда...

Менің жатырқап, теріс көргенім – М.Шаханов туралы сөздер деп ойладыңыз. Жоқ, басқасы. Біздің ұғымда – шынымен, нағыз дарынды кісілердің бәрі де жақсы адам болады. Әлдеқалай айтқанымыз бар, жақсы адамдардың бәрі бірдей жазушы болмайды, алайда, жаман адам да ешқашан жақсы жазушы бола алмайды, деп. Таңбаға түскен сөз, нақты есімде жоқ, бірақ шамасы осылай. Және «Аласапыраннан» бұрын, отыздың ішінде: «Шын кемелге күншілдік жат» дегем, дарынды адамда басқаның табысына қызғаныш болмайды, керісінше, қашанда сүйінеді, қуанады, төтеден жаңа бір, өзгеше туыс тапқандай сезімге бөленеді. Бір сөзбен айтқанда, өзіне қаншама сенімді болса, тұрғыластарына соншама мейірбан, кең, дарқан. Ал енді әдепкі мінез... әрқилы болуға мүмкін. Төлен айтқандай, «қырсық, мақтаншақ» және кіді, кірбең; шамданшақ, үркек. Тұлғаның өзіне болмаса, басқа ешкімге зияны тимейтін, пәндәуи кінәрат – әркімде ұшырасуы мүмкін кемшіліктер. Сондай-ақ, ұлылықпен туыстас, бойына жан теңгермейтін менмендік деген бар. Еуропадағы Байрон мен Гөте, өзіміздегі Науайы мен Абай... Тұрғыластарынан ғана емес, дәуір, заманынан озған артықшылық осындай тәкаппар мінезге жеткізген; табиғи, өзгеше қасиет. Хош. Айтпағымыз басқа. М.Шахановтың ақындығы, қайтпас батырлығы, кемеңгер даналығы, бір сөзбен айтқанда, ерекше тумысы жөнінде. Мен білген Төлен бейсауат сөйлемеуші еді. Және бұл – дастарқан үстіндегі әңгіме емес, баспаға шыққан пікір. Ойланып қалдым. Мүмкін мен осындай, бар жағынан мінсіз, ұлы тұлғаның бағасын танымай жүрген шығармын. Келісу қиын еді, әйткенмен, көңілімде екідай күмән туған. Сөйтіп отырғанда, Төленнің тағы бір сұхбатына ұшырасып қалыппын. «Қазіргі әдебиеттегі өзіңіз жақсы бағалайтын қаламгерлерді атап өтіңізші?» – деген сауал тастайды ғой, қостанайлық бір журналист (әуелде облыстық газет «Қостанай таңы» – 16.ІІ.2016, кейінде «Қазақ үні» – 17.ІІ.2016 және «Әдеби портал.кз»). Төкең бөгелмейді: «Егер  поэзияны алсақ, әрі ақын, әрі алған жолынан таймайтын қайсар қайраткер Мұхтар Шахановтың орны ерекше деп есептеймін.» Жөн-ақ! Жөндемі – «Одан кейін...» – біз, яғни Мұхтар Мағауин айрықша бағалайтын Көктүрік Темірхан Медетбеков, тезек термесе де, теміршек болып қалыпты. «Одан кейін...» – тағы да біз ғана емес, жалпы жұрт жоғары көтеретін «Есенғали, Ұлықбек, Жәркен, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы... болып кете береді ғой. Ауызға түспей қалған жақсы ақындар кешірер...» – дейді кеңпейіл аға. Қалай айтса да, Темірханы бар, Есенғали, Серігі бар – түгелімен М.Шахановтың қою шаңының астында қалыпты. Мұндай болады, біреуді жоғары, біреуді кейінірек қою. Талғам деп аталады. Мәселен, біз өзіміз «Тәуелсіздік бастауында айрықша еңбек етіп, бәріміздің алдымызға түскен – Бекежан Тілегенов болды» деп жазғанбыз. Сол сөзімізден қайтпаймыз. Ал менің Төлен досым, арада бірер ай өтті ме, жарым жыл өтті ме, бұл пікірінен айнып кетіпті. «Әдебиет порталы» дейтін сайтта отырған балалар балалық сұрақ қояды ғой. Екі ғасыр шегіндегі ең үлкен он ақынды атаңыз деп. Төкең іркілместен, ең мықты он ақынды көгендеп тізіп береді. Жаңа ғана бардың басы – бірінші ғана емес, айрықша озғын ақын – М.Шаханов еді ғой, енді бұл шіркін осы ондыққа ілінбей қалыпты. Ең жақын досы hәм қатарлас құрдасы ескерусіз тастаған соң, басқалардан не қайыр, осындай сауал  қойылған қырық қаралы ақын-жазушы-әдебиетшінің бар жауабын жинақтап келгенде, Шахаң алғашқы ондық тұрыпты, екінші ондыққа да сыймай қалған, жиырмадан өтіп, отыздың арғы жағында тұр. Тағы да айтайық, келеңсіз сауал, әрі талғамға талас жоқ. Алайда, Төленнің мұнысы не? Сөздің шеті шығып қалған соң турасын айтпады ма. Бұған да жауап таптық. Әйгілі ұмытшақ қой. Бұл тарапта әзілді-шынды қаншама анекдот бар. Бірақ Төкең өзінің әйелінің түрін ұмытыпты, балаларының атынан жаңылыпты деп естімеген едік. Мынаусы – кешегі Біріншінің бүгінгі он тұрыпты, одан арғы жиырма жүйріктің қатарына ілінбей қалуы бір түрлі оғаш екен. Әйткенмен, уақасы жоқ. Негізгі лепес орнында тұр. Оның ішінде: «Мұхтарды әлі де халыққа таныту керек, Мұхтардың бағасын әлі де толығырақ етіп беру керек!» – дейтін ұраны маған айрықша әсер етті. «Қазір біреулер оны елегісі де келмейді», – депті. Тура маған сілтеп отырғандай. «Бірақ бұл – уақытша нәрсе», – депті одан соң ойлануға кеңес беріп. Шынында да. Бұрынғы бағамыз анау еді, енді өткендегі ұшқары пікірді қайта қарау қажет сияқты. Өзгерту, немесе одан әрмен нығарлай түсу. Сөйтіп, ұлттың ұлы тұлғасына ендігі көзқарасымды айқындау үшін «ғаламтор» интернетті мұқият сүзбелеуге кірістім. Бірден-ақ өзім білмеген, ойға келмеген, қиялға да сыйымсыз ғажаби ақпараттар ортасына түстім де кеттім.

«Ғаламторда қазір мен жөнінде 100 мыңнан астам мақалалар, пікірлер, ойлар, толғаныстар бар екен. Мұны оқу түгілі, санап шығудың өзі үлкен іс», – деп жазады Шахаңның өзі. (Айып етпеңіз, менің түсінігімде жалғыз-ақ Мұхтар бар – Әуезов; қалғанымыз соның жаңғырығы ғана.)

100 мыңнан астам ақпарат! Түгендеп, ақтарып шығуға ғұмырың жетпейді, үзіп-жұлып қарасаң, бар ұғымың жартыкеш болып қалмақ. Оның үстіне, асыра мадақтаса ештеңе емес, мүмкін соның өзінде жеткізе алмай жатқан шығар, қолайсызы – ғайыптан қисынсыз кінәрат іздеген жаңсақ пікірлер ұшырасып қалуы да мүмкін ғой. Сондықтан, «Ұлттың рухани көсемі, заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге танылған ұлы ақын» туралы мақала, зерттеу, арнау атаулының бәрін, онсыз да белгілі тарихи құжат, деректер есебінде аттап өтіп, осы, бүгінгі жүмлә қазақ үшін Аңыз-Адам – мен үшін жұмбақ жанның сұхбат сөздері, өзіндік лепес, толғауларын ғана сүзбелеп шығуды ұтымды санадым. Ұғым-білігің артады, ұлттың ұлы қайраткерін ғана емес, ел-жұртыңның ой-өрісін, мақсат-мұратын айқындайсың, сонымен қатар, өзіңнің күйкі-күйбең тіршілігіңді де тани түскендей боласың, ең бастысы – бас ауыртпайтын көңілді ойын. Осы ретпен манағы бір жүз мыңның ішінен бірер жүзін әрең қамтып, солардың жиырма-отызын, онда да орайлы үзігімен теріп алып, арнайы тіркеп қоюды жөн көрдім. Бұл тарихи лепестің барлығы да талассыз ақиқат ретінде қабылдануға тиіс. Рас, кейбір тұста күмән туған, тиесілі түсінікке сұранып тұрған, бірақ біз, Шахаңның сөзімен айтқанда, «өз ұстанымымыздан айнымаймыз», барды бар қалпында береміз, әлденендей жалбағай анықтамалардың қажеті жоқ. Түптеп келгенде, біздің М.Шаханов туралы толыққан, нақтыланған, оңға бұрылған жаңа түсінігіміздің айғақты көрінісі болып шықпақ. Баяғы бір советтік опереттада қиыннан қисын тауып берген досына жыр толғап, «ай спасибо Сулейману» дегендей, мені тығырықтан өткерген Төлен бауырыма бес сан рақмет.

Сонымен, М.Шахановтың әзірше біртұтас түзілмеген, бірақ біз жазған «Мен»нен әлдеқайда алымды, оқиғаға бай, әрі шынайы, «Өзім» дейтін ғұмырбаян кітабының жекелеген, түйінді беттері. Бүткіл Қазақстан шегі, әлем сахнасындағы М.Шахановтың кескін-кейпі. Айттық, бастан-аяқ, ешбір қоспасыз төл сөзі. Тақыр-таза көшіріп алыпты, авторлық құқұққа қол сұғыпты деп, әлдекімдер байбалам салуға тиіс емес. Ғылымда «цитата» деген рәсім бар ғой – үлгілі үзіктер. Бұрнада Маркс пен Энгельс, Лениннен, қазірде Обама, Путин мен Назарбаевтан дегендей. Біздің Шахаң да осы қатардағы кейіпкер, астында тағы болмаса да, аузында сөз өкімі бар, Төлен айтқандай, халқы көкке көтеріп отырған, шын бақытты қайраткер, әлгілерден де өткен Аңыз-Адам. Мұндай дара тұлғаның аталы сөздеріне сілтеме жасаудың ешбір оғашы жоқ. Керісінше, кеудесінде намысы, басында мыйы бар әрбір қазақтың қасиетті парызы болса керек.

Сонымен, осы ретте Опера театры, немесе Республика сарайындағы концерт-шоу емес, әлемдік ғаламторда – М.Шаханов! Айттық, тек қана өз толғамы. Ешқандай бұрмасы жоқ, қаз-қалпында. Емле, тыныс белгілеріне дейін өзгеріссіз. Тиесілі сайттардан алып, терең мағналы, ең бастысы – нақты, шынайы деректерді үзік-үзігімен, тақырып, жүйесіне қарай реттеп бердік. Әлбетте, Шахаңның аузынан шыққан қандай да лепес өз кезінде газет, журналдарда басылған, кейбірі кітапқа да өткен сияқты, әлденеше сайтта неше қайыра берілген – оның бәрін тізбелеп түгендеу мүмкін емес. Біз тек алыс шалғайдан қолымызға ілінген ақпараттар негізінде, осы, көз көрген, көңіл толған нұсқаларды ғана тіркемелеп шықтық.

«Атым аңызға айналсын деп тірлік қылған жерім жоқ, – дейді Шахаң, кезекті бәр сұхбатында. – Не істесем де, азаматтық борышымның төңірегінде қозғаламын. Аңызға айналған да түгім жоқ. Өмірімнің негізі шындық пен ақиқатты іздеуден тұрады. «Ұлы тұлға», «кемеңгер» деген теңеулер менің теңім емес. Қазір бұл айшықты сөздер басқа адамға айтылып жүр ғой. Солай қала берсін. Өз басым мақтан сөзге тіпті құмар емеспін...» («Ақжүніс.кз» – 12.ХІІ.2012.)

Әлбетте, «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, шектен тыс сыпайылық. Тұлғаның бағасын белгілейтін – оның өзі емес, халқы, сол халықтың жиын ортасынан шыққан Төлен сияқты даралар. Енді жасырмай айтайық, біздің өзіміз де, осы Төленнің сөзі, бұдан соңғы кереметтер әсері, және, тума табиғатымызға тән кеңшілікпен, арыдан беріге ауып кеткенімізді байқамай қалыппыз. Достың досынан немізді аяйық. Енді, осындай ұлы тұлғаға табынып отырған барша қазақ қауымына М.Шахановтың ғажайып ғұмырбаянын бүге-шігесін қалдырмай, кеңінен танытуға тиіс екенбіз. Қызық үшін емес, үлгі, тағлым жөнімен. Сондықтан, жаңалықты болмаса да, жинақты ақпар – өзгеше тағдырдың әуелгі бастауынан бүгінгі қалыбына дейінгі таңбалы оқиғалар тізбегі – құжатты дерек, нақты куәліктер. Алыптың өз аузынан айтылғандықтан, айрықша құнды, айнымас тауарих.

 

Тумыс, әке тәрбиесі, алғашқы қадамдар

«Менің туған жерім – ­Отырар ауданы Шілік ауылы. Бірақ ол жерден біз ерте қоныс аударып кеттік. Осы мәселені ерекше айта кету керек, «Қазақ энциклопедиясының» бір жауап­сыз қызметкері менен сұрамай, туған жерімді қате жазыпты. Мен Отырар ауданының Шілік ауылында туғанмын. Содан кейін 11 жасыма дейін Төлеби ауданының Қасқасу ауылында өстім.» («Жұлдыздар отбасы – Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«Әкем жарықтық қадимше хат таныған, арабша жазылған қисса-дастандарды көп оқыған, ескілікті әңгімеге жүйрік адам еді. Ептеп молдалығы болған. Кезінде: «...Ұйымдас жалшымен, Молданы, байларды, Қойдай қу қамшымен» деп, ақын жырлаған саясаттың кесірінен туған топырағынан үдере көшіп, Төле би ауданының Қасқасу ауылына тұрмысқа шыққан Ізет атты қызын сағалайды. Көшіп келгенде, мен әлі қырқымнан шықпаған қызылшақа екенмін.» («Атырау.кз» – 25.Х.2014.)

«– Неліктен сіздің есіміңізді Мұхтар деп қойған?

– Әкем «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып отырып, менің атымды «Мұхтар Әуезовке ұқсасын» деген оймен Мұхтар деп қойған екен. Мен Әуезовті Шымкентте өткен үлкен жиында бір-ақ рет көрдім. Бірақ сол көргенімде есімімнің сол кісінің құрметіне қойылғанын айтайын деп тұрдым да, ақыры айта алмадым. Ол кісі «Мұхтарға ықыласпен!» деп қолтаңба жазып берген еді. Өкінішке қарай, оны жоғалтып алдым.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«Әкем Досболов Шахан тоғыз жасымда қаза болды. Арғы-бергі тарихтан үлкен деңгейде хабардар, білімді, ескіше оқыған, молдалығы бар адам еді. Небір дастандарды, ертегілерді құлағыма құйып отырды. Ең бастысы, таза адам еді...  Тоғыз жасыма дейін әкем мені тізесіне отырғызып, ­Отырарды қорғаған бабалары мен олардың ерлік істері туралы әңгімелеуден жалықпайтын. Сондықтан мен қолыма қалам алған кезімнен ­бастап Шыңғыс хан туралы жазуға бел ­будым. Өйткені әкем Шыңғыс ханның Отырарға әкелген өлшеусіз қасіретін әбден құлағыма құйған болатын.» («Аңыз Адам» - №12, 2012.)

«Әкем тоғыз жасымда дүние салды. Осы жасқа жеткенше, тізесіне отырғызып алып, Отырарды жанқиярлықпен қорғау жолында опат болған ержүрек бабалары жайлы сан мәрте әңгімелегені жадымда нақ бір тасқа басылғандай жазылып қалыпты. Бәлкім, перзентінің көңіліндегі туған жерге деген олқылықты осымен толтырайын дегені шығар. Кейде анамның «тым жас қой», түсіне қояр ма екен?» дегеніне «Жоқ, түсінуге тиіс. Түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың қашанда ғұмыры келте» деуші еді. Бала болсам да әкемнің осы айтқандары санамда ұмытылмастай қалды. Тұңғыш рет Шыңғыс хан туралы да, Отырардың алты ай бойы солардың қоршауында болғанын да, сатқын жігіттің трагедиясын да әкемнен естідім. Әкем арқылы Отырар менің өмірлік мақтанышыма айналды. Кейде көз алдыма тоғыз жасар маған Отырар жанкештілігі туралы әңгіме айтып отырған әкем елестейді. Сезіммен тәрбиелеу  тәрбие атаулының ұлысы екенін ақын болған кезімде ұқтым.» («Атырау.кз» – 25.Х.2014.)

«Менің балалық шағым, жастық өмірім өте күрделі  болды. Өйткені, 9 жасымда әкем қайтыс болды. Анам 13 құрсақ көтерген адам. Сол 13 баладан  мен ғана тірі қалдым.  Бесінші сыныптан бастап,  демалыс кездерінде колхозда  сақманшы болып істедім. Жетінші сыныптан соң ары қарай жалғастырып оқуға мүмкіндігім болмай оқуды тастап кеттім. Колхозда  трактордың тіркеушісі болып істедім. Кейін трактордың 3 айлық оқуына бардым.  Бірақ менімен бірге барған басқа жігіттерді алып, мені оқуға қабылдамады.  Себебі, менің бойым  өте кішкентай болды (Кейін ғана аздап өстім,  онда да жетіскен жоқпын.) Есесіне мен директор Хилчевский деген орыстың  кабинетінен шықпай қойдым. Ол кісі: «Мына баланы алайық, қайсар жігіт екен. Егер бірдеңе бүлдірсе, өзім жауап беремін», – деді.  Осылайша мен трактордың оқуына қабылдандым. Сол кезде: «Тракторшылардың бригадиры болсам», – деп армандайтынмын. Өкінішке қарай ол арманым орындалмады.  Трактор рулінде жүріп жазған өлеңдерім «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. «Он алты жасар ақын шықты» – деп газет жар салды.» («Әдебиет порталы», 28.XI.2012.)

«Бірінші өлеңім жарыққа шыққаннан кейін маған 500-ге жуық хат келді.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

 

Әлем таныған ақын

«1982 жылы 40 жасымда маған Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді... Ол – шығармаларымның бүкіл Кеңес Одағы жастарына белгілі бола бастаған, орыс халқының арасында да өлеңдерімді жатқа айтушылардың бой көрсете бастаған шағы еді.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«Қазір ғаламторда мен жөнінде 100 мыңнан астам мақалалар, пікірлер бар көрінеді. Президенттен кейін ең көп пікір айтылатын адам мен екенмін. Қайбір жылы Германияның 12 қаласында «Өркениеттің адасуы» атты романыма байланысты кездесулер, оқушылар конференциясы өткенде, менің шығармамды неміс тіліне аударған Фридрих Хицер неміс жерінде менің шығармашылығым туралы төрт жүзден астам мақалалар жарық көргенін айтып еді. Егер осыған ұқсас жағдайлар Жапонияда, Пәкістанда, Францияда, Қырғызстанда, т.б. елдерде болғанын ескерсек ше? Бірақ бүгінгі таңда ғаламтор бәрін басып озды ғой…» («Қазақүні.кз» – 25.V.2012; «Гу-гу.кз» – 18.VІ.2012.)

«Қайбір жылы «Өркениеттің адасуы» атты романым неміс тілінде жарық көргенде, осы кітап жайлы 400-ден астам мақала шыққан екен. Егер менің шығармаларымның 55-ке жуық тілдерге аударылғанын ескерсек және туындыларымнан өрбіген дауларға, пікірлерге назар аударар болсақ, бұл бірнеше институттың қолынан келе қоймайтын шаруа. Тек «Жазагер жады космоформуласынан» негіз алған Шыңғыс хан төңірегіндегі даудың өзі бірнеше мемлекетті қамтымады ма? Кезінде Шыңғыс Айтматов осы дауларды сараптай келіп: «Шығармалары үлкен дау, үлкен талас тудырған дәл сендей ақын қазір әлемде жоқ шығар» деп әзілдеген еді. Қайтеміз, әркімге әрқилы тағдыр бұйырған…» («Ақжүніс.кз» – 12. ХІІ.2012.

«Мәселен, мен қайбір жылы Жапонияда болып, сегіз қаласында кездесу өткіздім. Сонда жапондардың жас қыз-жігіттері менің өлеңдерімді жатқа айтып тұрды кездесуде, өз ана тілдерінде. Содан кейін келіп өздерінің үлкен сыйлығын берді. Ал енді сол елде жүріп мен жапондардың ғылыми пайымына, адами пайымына ерекше ырза болдым.» («Нур.кз» – 18.Х.2011.)

«Ақындық  деген – мүлде өзгеше, табиғи, рухани ізденістен туған жаңалық. Қазіргі ақындардың көпшілігінің өлеңін басқа тілге, мәселен, ағылшын, неміс, француз тіліне аударатын болсақ, онда ол өлең емес, ешқандай мағынасы жоқ, құр шөп боп шығады. Өз басым бес жылда, әйтпесе жеті жылда бір-ақ жақсы өлең кездестіріп қаламын. Ал менің өлеңдеріме әлемдік деңгейдегі ЮНЕСКО қарады. Жапонияда жапон тілінде, Германияда неміс тілінде өлеңдерімді жатқа оқыған адамдарды көрдім... Менің «Компьютербасты жартылар» деген өлеңім бар... Қандай қызмет иесі болсын, ол президент бола ма, министр бола ма, кім болса да өз ұлтының рухани байлығына терең тамыр жібермесе, барлығы жарты адамдар болып саналады. Менің осы тұжырымдамам әлемдік деңгейде үлкен дәрежеге ие болды. Өйткені бұл – бүгінгі ағылшын, неміс, француз, жапон халқына да тән нәрсе. Яғни барлық ел өзінің рухани байлығын ұлықтауға және көзінің қарашығындай сақтауға тиіс...

Мысалы, қазір өлең жазатын адамдарда есеп жоқ. Қырық-елуден кітап шығарған ақындар бар. Кезінде менің үлкен бір поэзия кешім өтті. Сонда Әбділдә Тәжібаевтың бір өлеңінен мысал келтірдім. Әбділдә – менің үлкен ағам, азаматтығы жоғары ақын. Мен осы ақынның бес жол өлеңін қатты қадірлеймін: [цитата]. Осы пікірімді мен теледидардан айттым. Содан ертесіне Жазушылар одағына барып едім, алдымнан Әбділдә Тәжібаев кездесіп қалды. «Әй, балам!» деп салқын амандасты. Шетке шығарып алып: «Мұхтар, мен қаншама том өлең жаздым. Қаншама поэма жаздым. Солардың ішінен сен бес-ақ жол тапқансың ба? Мұның әділетсіздік қой», – деді. Мен ол кісіге: «Аға, сіздің кейбір замандастарыңыз бар. Мен солардан тым құрығанда бір жол да ала алмадым. Ал сізден бес жол өлең тапқаныма риза болып отырмын», – дедім.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«Егер біз жөнінде өз елімізде дұрыс пікір айтылмаса, оған мен кінәлі емеспін. Германияның 12 қаласында менімен кездесу болды. Соның 6 қаласында Шыңғыс Айтматов мен туралы өзінің пікірлерін айтып, маған ілесіп жүрді. Сол кезде немістердің өзінде мен туралы төрт жүзден астам мақала жарық көрген екен. Осындай мақалалар басқа елдерде де шығып жатты. Көптеген елдерде менімен кездесулер өткізілді. Мәселен, Жапонияға барғанда жапондар, Францияға барғанда француздар өлеңдерімді жатқа айтып шықты. Мен мүмкіндігінше барлық ұлттарға ортақ проблемаларды алға қоямын. «Төрт ана» деген өлеңім бар. Сол «Төрт ана» жиырмаға жуық мемлекеттердің мектеп оқулықтарына кірген. Әрбір адамның өз ата-анасынан басқа төрт анасы болады. Туған жері, туған тілі, ұлттық байлығы – салт-дәстүрі, туған тарихы. Осы төрт анаға терең тамыр жібере алмаған адамдардың барлығы өз халқының төл перзенттері емес. Осы идея жапондарға да, немістерге де, француздарға да, ағылшындарға да ұнады... «Өркениеттің адасуы» үлкен идея көтереді. Адамзатты үлкен парасат деңгейіне көтеретін идеяларды береді. Кітап барлық ұлттарға өзгеше құндылық қалыптастырады.

Әрине, ұлы Абайды басқа тілдерге аудартып жатырмыз. Оған Үкімет ақша төлейді. Сонда бар болғаны отыз шақты тілге аударылыпты. Мұхтар Әуезовтің өзі қырық шақты тілге аударылыпты. Ал менің еңбектерім алпыстан астам тілге аударылған...» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

 

ЮНЕСКО – Нобель сыйлығы

«Менің «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» деген романдарым бар. Бұл екі романды ЮНЕСКО қарады. ЮНЕСКО осы уақытқа дейін бірде-бір көзі тірі ақынды қарамаған екен. Бірінші рет маған назар аударды. Менің шығармамды екі рет қарады ЮНЕСКО. Поэзиямды қазіргі әлемдік поэзияның биігі деп қабылдады. Және шығармаларымды әлемнің басқа тілдеріне де аударуға тапсырма берді.» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

«Өркениеттің ада­суы», «Жазагер жады космофор­му­ласы» деген өлеңмен жазылған романның екеуін де юнеско әлемдік поэзияның осы заман­дық жетістігі деп бағалаған. Осы уақытқа дейін бірде-бір көзі тірі ақынның шығармасын талқы­ламаған екен. Мені бір емес, екі дүркін қарады. Сөй­тіп, дүниежүзінің барлық басты тіл­деріне аударуға тапсырма берді...» («Тонүкүк.кз» – 21.ХІІ.2012.)

«Мен "Жазагер жады космоформуласы" деген өлеңмен роман жаздым. ЮНЕСКО арнайы қарады. Бірнеше мемлекет бұл кітапты Нобель сыйлығына ұсынған екен. Соны Қазақстандағы біреулер ұйымдасып, "бұл Нобель алып кетуі мүмкін". Маған 80 газет жабылды, айдап салды. Сол кезде Айтматов маған жақтасып шығып еді, барлығы соған жабылды. "Ойбай, ол ұры екен, жазушы емес екен. Қазақтың жазушыларынан ұрлаған екен" деп. Содан біз Айтматов екеуіміздің жазған пікірімізді Мәскеудің бір орталық газетіне жариялаған едік. Моңғолдар дүрсе қоя берді. Тіпті буряттар да бізге қарсы шықты. Бірақ тарихты зерттеген ғалымдардың біразы бізге қосылды. Расул Ғамзатов, Давид Кугультинов, Олжас Сүлеймен, т.б. адамдар бірігіп, ЮНЕСКО-ға хат жазды...» («Азаттық.орг»  11.VІІ.2012.)

«Мен "Жазагер жады космоформуласы" деген өлеңмен роман жаздым. ЮНЕСКО арнайы қарады. Бірнеше мемлекет бұл кітапты Нобель сыйлығына ұсынған екен. Соны Қазақстандағы біреулер ұйымдасып, "бұл Нобель алып кетуі мүмкін". Маған 80 газет жабылды, айдап салды. Сол кезде Айтматов маған жақтасып шығып еді, барлығы соған жабылды...» («Қамшы.кз»  11.VІІ.2012.)

«...Бұл дау кезінде «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романымнан басталған. Мені осы романым үшін Еуропаның бір мемлекеті Нобель сыйлығына ұсынған болатын. Сол әлемдік деңгейдегі үлкен сыйлықты алып кете ме деген қорқыныштың жетегінде сол кездегі Үкіметтен қаржыландыратын бірнеше басылымдарға маған қарсы мақалалар берілді. Бір нәрсені мың рет қайталап айтқаным жарамас...» («Аңыз Адам» – №2, 2010.)

«2000 жылдардың басында «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты өлеңмен жазылған романдарым ЮНЕСКО шеңберінен қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Еуропаның бір мемлекеті аталған шығармаларымды Нобель сыйлығына ұсыныпты. Сол сыбыс маған қырын қарайтын кейбір топтардың құлағына жеткен кезде олар жиналып, өзара ақылдаса келіп, маған қарсы мақалалар ұйымдастыра бастады. Жалпы саны – 80 газет, барлығы мені қаралайтын бір беттік, жарты беттік мақала жариялаумен айналысты. Шыңғыс ханға байланыс­ты дау осыдан туды... «Шығармасы нашар» деп кінә таға алмайды, жалпылама тиіседі... Айтматов екі кітабыма да алғысөз жазған, қолдап ЮНЕСКО-да сөз сөйлегендіктен маған болысты. «Бүкіл әлем мойындаған, ЮНЕСКО қараған шығарма, жөнсіз қараламаңдар» деп өз пікірін айтты. Мені жақтағаннан кейін маған тиісіп жүргендердің бәрі енді Айтматовқа жабылып кетті...» («Аңыз Адам» – №11, 2011.)

 

Қайтпас күрескер

«Мен үшін ең қор­қыныштысы - мәнсіз, мағынасыз ғұмыр кешу. Құдайға шүкір, бүкіл өміріміз күреспен өтіп келе жатыр.» («Тонүкүк.кз» – 21.ХІІ.2012.)

«...Қолымнан келгеннің бәрін, тіпті, көп адамдардың қолынан келмейтін нәрселерді жасадым. Мысалы, егер мен желтоқсан көтерілісіне Ельцинді араластырмағанымда, желтоқсан көтерілісі салтанат құрмай, «алаңға шыққандардың барлығы Қонаевтың құйыршықтары, маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар» болып қала берер еді. Ол кезде Ельцин мен Горбачев бір-бірімен ит пен мысықтай болатын. Сол тұста мені Горбачев шақырып алып, «сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз» деп үстелді тоқпақтаған. Әрине, менің көзімді жоя салу оларға түк емес. «Үшеудегілерге» жасырын тапсырма берсе, бітіп жатыр. Осы мәселені Ельцинге айтқанымда ол: «Еш қауіптенбе, ондай жағдайға жібермеудің амалын қарастырамыз» деді. Сөйтіп, өз адамдары арқылы «Шахановқа тиісетін болсаңдар, әлемдік деңгейде айқай көтеріледі» деген пікірді Горбачевтің құлағына жеткізеді…» («Ақжүніс.кз» – 12.ХІІ.2012.)

« – Қарсыластарың... дәрменсіз, – деді Шікең [Айтматов]. – Рухың бір сәтке де еңкеймесін. КСРО Халық депутаттарының екінші съезінде үлкен үзіліс кезінде, бір топ депутаттар арасында Борис Ельцин сенің орыс тілінде шыққан, мен алғысөзін жазған «Ес кітабы» («Книга памяти») атты жинағыңды сөмкесінен шығарып, айналасындағыларға: «Мына кітаптың авторы Шахановпен мен бірнеше дүркін сырластым. Тіпті мейрамханаға шақырып та әңгімелестім. Оның елімізді мекендеген аз ұлттардың тіліне, мәдени құндылықтарына болысу туралы пікірлері және бұл саладағы кемшіліктерді жолға қою туралы ұсыныстары маған ерекше ой салды. Арамыздағы өзге ұлттардың тіліне және рухани мәселелеріне болыспай біз әділетті мемлекет бола алмаймыз!» – деді. Оның сен туралы пікіріне мен ризалық білдірдім.

– Иә, сол тұста мен ол кісімен жиі әңгімелесіп, сырласып жүрдім...» [– дейді Шахаң.] («Зона.кз» – 20.ІХ.2010.)

«...Егер мен КСРО Президенті Горбачевтің нөмірі бірінші қарсыласы Ельцинді өз жағыма бұрмағанымда, Кремль мінбесінен билікті қатал сынға алған сөзімнен кейін-ақ жан-жақты ойластырылып құрылған, ішіне сол оқиғаға кейбір кінәлі адамдар енген Қадыр Мырзалиев басқарған комиссияның Горбачев–Колбин басшылығы ұйымдастырған қанқұйлы істерді түбегейлі ақтаған шешімі салтанат құрары айдан анық болатын.» («Зона.кз» – 20.ІХ.2010.)

«Әрбір адам міндетті түрде ұлттық мүддеге тамыр жіберуі тиіс. Егер жібере алмаса, жай әншейін өзінің қара басының қамын күйттеу үшін өлең жазып жүрген адам. Мәселен, Қадыр Мырзалиев ағаң керемет дарынды ақын. Өлеңдері керемет. Бірақ, сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Желтоқсан кезінде алаңға шыққандардың барлығы маскүнемдер мен нашақорлар дегенді қозғады. Билік не айтса, соны орындады. Керек болатын болса Бас прокуратура, КГБ, МВД бірлесіп комиссия құрмақшы болды, бізді жоққа шығару үшін. Соны қолдады. Негізі екеуіміз ағалы-­інілідей бір-­біріміздің сөзімізді жықпайтын жақсы қарым­-қатынаста болғанбыз. Тіпті, менің қолымда жүрген туған қарындасым Қадыр бір ай көмектессін деп өтініш жасағанымен тоғыз ай бала-­шағасын бақты. Біздің жақсы аралас­-құралас болғанымызды ол да айтып отыратын. Билікке сатылып кеткеннен кейін мен Қадырдан теріс айналдым.» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

«Кремльдің Съездер сарайында бір үлкен жиын өтті. Ельцин сахнаның сол жақ шетінен Төралқаға қарай кетіп бара жатты. Мен алдыңғы қатарда отырғанмын. Жұрттың бәрі жақында ғана сайланған Ресейдің тұңғыш Президентіне орындарынан тұрып қол соқты. Ол кенет бірінші қатарда жұртпен бірге түрегеп қол соғып тұрған мені көріп қалды да, үлкен баспалдақтан төмен түсіп, біршама жер жүріп, қасыма келді. Бауырына қысып, бетімнен сүйді де басқа ешкімге қол ұшын берместен, төралқаға қайта көтеріліп кетті...

1993 жылы Назарбаевқа ілесіп Хельсинкиге барғанымда біз қатысар халықаралық жиынға Ельцин де келген екен. Үзіліс кезінде қаптаған журналистер арасынан әрең шетке шығып бір жарым, екі минут шамасында ғана әңгімелестік... Бұл жолғы қысқаша ғана әңгімеміз Желтоқсанмен басталып, Желтоқсанмен тамамдалды.» («Зона.кз» – 20.ІХ.2010.)

«Желтоқсан мәселесімен айналысып жүрген кезімде Американың Атланта қаласында Арал проблемасы туралы жасаған баяндамамда «Біз Арал қасіретін бүкіл әлемнің құлағына жеткіздік. Яғни, өз міндетімізді орындадық. Қолымызда қаржы жоқ, билік жоқ. Сондықтан бұл мәселемен енді Орта Азия және Қазақстан республикаларының президенттері шұғылдансын» деген ұсыныс айтып, Арал мәселесін түгелдей Назарбаевтың қолына табыс еткенмін...» («Азаттық. орг»  11.VІІ.2012.)

 

Қастандық, қауіп-қатер

«Желтоқсан мәселесін сондай биік мінберлерде көтерген соң, қатты ауырып қалдым да, мені Кремльдің емханасына апарды. Сол жерде дәрігерлер тексеріп, «миыңыздың жартысына қан бармайды екен, тез арада ауруханаға жатуыңыз керек» деді. Мен қонақүйге барып, керекті заттарымды, құжаттарымды алып, Желтоқсан оқиғасын тексеріп жүрген қағаздарымды сейфке жасырып, ертең келіп жатуға келістім. Түн ішінде біреу қоңырау соқты. Дауысы күңгірлеп естілді, соған қарағанда үш әріптің адамдарына ұсталып қалмау үшін қандай да бір айла қолданған болуы керек. –  Шахановсыз ба? –  Иә. – Ауруханаға жататын болдыңыз ба? –  Ертеңнен бастап жатамын. –  Жатсаңыз, шықпайсыз… – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Өзіме қастандық жасалмақ екенін түсіне қойдым. Сол күні түнде таң атар-атпастан өте сақтықпен, көрші жігіт арқылы машина шақыртып, КСРО халық депутатының куәлігі арқылы Алматыға ұшып келдім. Алматыдағы Министрлер Кеңесінің ауруханасына барып тексерілдім. Бас дәрігер Мұхтар Айтқазин жоқ екен, орынбасары мені бір орыс дәрігеріне бекітіп берді. Ол маған бірнеше дәрі-дәрмек ұсынды. Сол сәтте Мұхтар Айтқазиннің өзі кіріп келді де, ымдап сыртқа шақырды. Оңашалау жерге бардық. Қасында бір әйел дәрігер жүрді. Оны кардиология бөлімінің бастығы деп таныстырды. «Дәрігердің берген дәрілерін іштіңіз бе?» деп сұрады. Әлі ішіп үлгермегенімді айттым. «Ішпеңіз, анау байқап қалса, өтірік ішкен болыңыз, бірақ барлық дәрілерді мына әйелге әкеп беріңіз» деді. Сөйтіп басымды тексеруге алып барды. «Миыңның жартысына қан бармайды дегендері өтірік, басыңыз сап-сау, тек аздап қан қысымыңыз бар екен. Енді бұл жерден тезірек кетіңіз, мен сізге бұдан артық жәрдем бере алмаймын» деді. Сол кісінің арқасында мен аман қалдым, әйтпесе олар мені құртатын еді. «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабымда осының бәрі бүге-шігесіне дейін жазылған...» («Ақжүніс.кз» – 12.ХІІ.2012.)

«Бізді билік қазақстандық ұлтқа кіргізбекші болды ғой. Бәрін шешіп қойды, ел бірлігі доктринасын жариялап жіберді. Тек Халықтар ассамблеясының қол көтеруі ғана қалған. Сол кезде мен аштық жарияламақшы болдым. Мені төрт мың адам қолдап, аштық жарияламақшы болды. Бүкіл ел көтеріліп кететін болған соң, билік амалсыздан бір мәмлеге келді. Қазақстандық ұлт негізін Америкадан алады. Онда қазақ ұлты, қазақ тіліндегі мектептер болмайды. Сен де, газетің де жұмыс істемейтін болар еді. Билік қорыққанынан ғана тоқтады. Әйтпесе, мені өлтірудің де жоспарын жасап қойған еді. Сөйтіп, билік кешірім сұрауға мәжбүр болды.» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

Енді біздің сөз – азғана үстеме. Әлбетте, кім, қалай ұйымдастырса да, ұлттың рухани көсеміне қарсы бағытталған қастандықтың бір түйін, екі тарам мақсаты болуға мүмкін: біржола көзін жою, немесе ақыл, естен айырып, әлде зағип қылып, қатардан шығару. Және бұл – бір реткі, уақытша ғана пиғыл емес. Кез келген күні іске қосылуы мүмкін сұмдық. Мәселен, осыдан азғана бұрын, 2014 жылдың желтоқсан айының басында бүткіл қазақ баспасөзін дүрліктіріп, жалпы жұртымыз түршіккен төтенше оқиға. Шахановқа қастандық жасалмақ екен! Әлдебір терең түрмеде жатқан, қылмыс әлемімен тығыз байланысы бар ержүрек азамат арқылы, бәлкім, атап жазылмаса да, аңдалып қалған, әлденендей ақниет криминалды топтың паханы арқылы нақты хабар алынады. Қаскөй, қараниет күштер ұлттың ұлы тұлғасының көзін құрту туралы қатқыл шешім қабылдапты. Дүние асты-үстіне түсіп, он екі болмаса да, тоғыз, он балдық жер сілкінісіне парапар зілзала айқай көтерілді. Республика шегіндегі, тіпті, шалғай Шығыс Түркстан жеріндегі БАҚ атаулы барабан соғып, шың қағып жатты. Өткендегі Желтоқсан, кешегі Жер дауына тетелес, бәлкім, олардан да қуатты көтеріліс шығуы ықтимал еді. Алайда, бес күн өтпей, барлық басылымдарда бұл – жалған, жаңсақ ақпарат екендігі туралы мағлұмдама жасалды. Алдыңғы, қауіп-қатер дабылды мақала, хабар атаулы, тиесілі ашу-ыза пікірлермен қоса, әрине, жоғарыдан түскен нұсқау бойынша, түгелдей интернет бетінен өшірілді. Тек сондай сұмдықтың мүмкін еместігі туралы терістеме мақалалар ғана сақталып қалыпты. Ешкім ешқандай қастандық ойластырған жоқ! Мұның бәрі – халқымыздың ұлт көсеміне деген сүйіспеншілігінің көрінісі екен. Немесе, әлдебіреулер қараңғы үйден онда жоқ қара мысықты іздеген, арандату, әлде өздерінің атын шығару үшін. Міне, дәп солай. Бірақ мен сол кезде де, осы, Шахаң екеумізге ортақ еңбекті құрастыру үстінде де, ешқандай күмән келтірмедім. Қастандық ойластырылған. Анық. Алайда, әшкере болып қалған соң, жүзеге аспай... кері бір күндерге шегерілген. Қатер сейілді, әйткенмен, түтін біржола тарқап кеткен жоқ. Яғни, сауысқаннан бетер сақтық керек, екі шоқып, үш қара!..

«Менің әлемдік деңгейде абыройым үлкен. Ал өз елімде ұлтты, тілді қорғаймын деп, халық жауы болып отырмын.» («Жастар үні» журналы – 2013, «Арһар.кз» – 16.ІІ.2016, тағы бірнеше сайтта.)

Бірақ қандай зұлмат күтіп тұрса да, Шахаңның өмірлік ұстанымы өзгермейді, алған бетінен қайтпақ емес.

Мемлекеттік тіл

«...Одақтық деңгейде алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағы құрамындағы барлық республикалардың, автономиялық республикалардың тілдеріне де мемлекеттік мәртебе беру мәселесін көтерген едім.

Міне, сол кезде Қызыл алаңда басқа республикалардан келген қарапайым халық өкілдері: «Біз Мұхтар Шахановқа мемлекеттік тіл мәселесін көтергені үшін алғыс айтамыз!» – деп плакат көтеріп тұрды.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«Мен кезінде барлық Одақтас республикалардың тілдеріне мемлекеттік тіл мәретебесін беру мәселесін көтергем. Кейін Расул Ғамзатовпен жолығып, осы мәселені көтеруге оны көндірдік. Кейін өзбек, қырғыз т.б. тілдер мемлекеттік мәртебе алды. Ал Қазақстанда екі тіл мәртебе алып кетті. Сол кезде мен қазақ тіліне мемлекеттік тілді бермеуге қарсы шықпағанымда осы күнде қазақтың тілі көлеңкеде қалар еді. Сөйтіп, халқымыздың 75-80 пайызы орыс болып кеткен болар еді.»  («Азаттық.орг» – 11.VІІ.2012.)

«Шығармашылық өнерімде де, мақалаларым мен сөйлеген сөздерімде де гуманистік бағытымнан айныған адам емеспін. Кезінде ұлт, тіл аясындағы проблемалық ойларымды орыстың бетке тұтар тұлғалары, ұлы ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров, Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин, орыстың классик ақындары Евгений Евтушенко да, Андрей Вознесенский де қолдаған.» («Зона.кз» – 20.ХІІ.2010.)

«Кезінде Шыңғыс Айтматов екеуіміз Түркияда тікелей эфирде сөйлегенбіз. Сол тікелей эфирде Ресейдің қазіргі ұстанып отырған саясатын қатаң сынадым. Ресейдің қарамағындағы автономиялы республикалар бар ғой, соларға қарасты басқа тілдегі мектептердің барлығын жауып, тек орыс тілінде сабақ өтетін жүйені енгізіп отыр. Осыған байланысты ойларымды айттым. Путиннің саясатын теріске шығардым. Ресейдің Түркиядағы елшісі менің сөздерімді түгел жазып алыпты да Путинге жіберіпті. Ресейдің сол саясатын Қытай қолдап, батыл түрде өздеріндегі аз ұлттардың тілдерін дерлік жоюға көшті. Бұл БҰҰ мен ЮНЕСКО­ заңдарына тікелей қайшы. Осыған байланысты мен БҰҰ­-ға да, ЮНЕСКО­-ға да хат жолдадым.» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

«Мұха, – деді Шікең [Айтматов] сәлден соң. – Осы сенің Түркияда, теледидар арқылы екеумізбен болған тікелей эфирде айтқаның және өткенде маған үзіндісін оқып берген "Өз ана тілінде сөйлемеу мен ойламаудың залалы" атты жазғаның елеулі ой салды... Ең өкініштісі, осындай жүйелі ойлардың Орта Азия әдебиет, ғылым қайраткерлерінің немесе өз классиктерің Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұхановтың, Ғабит Мүсіреповтің аузымен айтылғанда жұрт ерте оянар еді. Енді, тым кеш болса да сен қозғап отырсың. Сен көтеріп отырған мәселе, жасыратыны жоқ, ол кезде ешкімнің миына келген емес. Бірнеше мемлекеттің алдыңғы қатарлы өкілдері қуаттаған "Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы" атты жырмен жазылған трактатыңды алғашқылардың бірі боп мен қуаттамадым ба? Сол туындың негізінде әңгіме болғанда, Берлинде бір топ неміс ғалымдары қатысқан жиында Фридрих Хитцер сені «әлемдегі санаулы дара тұлғалардың бірі» деп дәлелдеп бақты.  Әрине, ондай мақтаудың талайын естіп жүрсің және оған елікпейтінің де белгілі.» («Зона.кз» – 10.ІХ.2010.)

«Жоғарғы Кеңестің қоғамдық негіздегі төрағасы, академик Қилыбай Медеубеков түскен ұсынысқа сай... қазақ, орыс тілдеріне бірдей мемлекеттік мәртебе берілуін дауысқа салып еді, өтті де кетті. Депутаттар дүркірете қол соқты... заң қабылданып кетті.» («Аңыз Адам» – №12, 2012.)

«1989 жылы 22 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің отырысында тіл мәселесі қаралды... Егер мен басқалар сияқты сол кезде үндемей отыра бергенімде, осы күнде қазақтың тілі қосымша тіл ретінде қалып, орыс тілі мемлекеттік тіл болып кететін еді. Және осы кезден де, қазақтың шамамен 75–80 пайызы орыстанып кететін еді. Міне, содан бері 22 жыл өтті...» («Нур.кз» – 18.Х.2011.)

«Ұлт, тіл мүддесі мұзға отырса, сол ақын, жазушыларыңыздың ертең кімге керегі бар? Егер мен 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып кеткен тұста, сол қаламгерлер сияқты үнсіз отыра бергенімде, яғни, қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік тіл атануына билікке ашық түрде қарсы шықпағанымда, бүгінгі таңда қазақ халқының 80-85 пайызы орыс боп кеткен болар еді. Ал 1994 жылы және 2009 жылы «Қазақстандық ұлтты» тоқтатпағанымда, бүгінгі таңда қандай күй кешер едіңіздер?» («Қазақүні.кз» – 25.V.2012; «Гу-гу.кз» – 18.VІ.2012.)

«Басқа ақындар сияқты жатып алып, өлең жазуды мен де білемін. Олай ету маған ыңғайлы ғой. Мен де тәп-тәуір ақын болатын едім, бар күш-жігерімді өлеңге жібергенімде. Бірақ ұлтты қайтеміз? Егер мен болмасам, қазақ халқының тағдыры басқаша болған болар еді ғой. 1989 жылы мемлекеттік тіл орыс тілі болады дегенде аттандап, екі қолымды көтеріп, қарсы шықпағанымда не болатын едіңдер...» («Інжу.кз» – 24.І.2014.)

 

Қарапайым, ұлы адам

«Мен байлыққа құл болмадым. Әйтпесе, еліміз өз егемендігін алар алдында, демократия басында тұрған санаулы адам ретінде, немесе билік басындағыларға өз ықпалымды пайдаланып, «мына зауытыңды, фабрикаңды бер» десем, кім маған қарсы тұрар еді? Тіпті, «мынаның аузын жабайық» деп сұрағанымды қуана-қуана ұсынар еді... Құдайға шүкір, қолым да, жаным да таза. Жеке бизнесім жоқ. Ең үлкен бақытым да, бағым да – байлыққа пысқырып қарамағандығым. Ақындығымды пенделікке мүлде араластырмадым. Жалпы, мен байлықтан ғана емес, атақ-абыройлардан да бас тарттым. Кезінде маған «Халық қаһарманы» атағын бермекші болды. Алмадым. Себебі, Отан  ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі тиіс... Ал, өзге шет мемлекеттер беріп жатса, аламын. Күні бүгінге дейін мені 25-ке жуық мемлекет өздерінің түрлі сыйлықтарымен марапаттады. Егер солардың бәрін өзгелердей жарқыратып тағып шығатын болсам, мына киіп отырған костюмімнің алды түгілі арқасында да орын қалмас еді. Мен өз жолыммен, өз ұстанған бағытыммен келемін...

Мұқағали өлген соң ғана құрмет биігіне көтерілді. Бәлкім, мені де сондай абырой күтіп тұрмасына кім кепіл?» («Атырау» газеті – «Атырау.кз» – 25.Х.2014.)

Журналист: «Қазіргі таңдағы өзіңіз қатарлас  ақын жазушылардың, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің көбісі Мемлекеттік сыйлық, марапат алу үшін жанталасып жатады. Ал, сіз керісінше Мемлекеттік сыйлықтан, Халық қаһармандығынан өз еркіңізбен бас тарттыңыз. Бұлай жасауыңызға не себеп болды?

М.Шаханов: Менің өз ұстанымым бар. Адам Отанына, өз анасына  жасаған қызметі үшін жылу дәметпеуге тиіс. Отан да  өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы керек.  Бірақ, ол өте әділетті болуы шарт.  Бұл күндері  біздің кез-келген «заңдастырылған ұрыларымыздың»  2-3 орден-медальдары бар. Міне, мен солардың қатарында жүргім келмейді. Ал шетелдердің 20-дан астам сыйлықтарын  алдым. Көптеген елдердің құрметті докторымын, профессорымын. Аталмыш сыйлықтарды алу себебім, олар біздің елімізге  абырой қосады.» («Әдебиет порталы» – 28.XI.2013.)

«Мен ешқашан шындығымды жоғалтқан емеспін...

Күніне маған 20-30 адам келеді. Солардың басым бөлігі қаржы сұрап келеді. Кейде айлығымды жырып, соларға жәрдем беріп жатамын. Мен дүние-мүлікке құлшынбаған адаммын. Егер мен байлықты мақсат тұтсам, қоғамдағы үлкен байлардың бірі болып отырар едім...

Мен "Жалын" журналының бас редакторымын, 150 мың теңге айлық аламын. Одан басқа табысым жоқ. Кейде шыққан кітабымнан пайда түседі. Оның өзін елдік, ұлттық мүдделерге пайдаланамын...» («Азаттық.орг»  16.VІІ.2012.)

«Мен осы 70 жылдықты өткізбей-ақ қойсам, адамдардың мазасын алмай-ақ қойсам деген ойға тірелгенмін. Бірақ кейбір дос-жарандарым «Сізге дұрыс ниет танытпаған адам ұлтқа, тілге де дұрыс ниет танытпайды, қайта осы мерейтой арқылы кімнің кім екенін біліп алуға мүмкіндік бар» деген соң, амалсыздан келісім бердім.

Кейбіреулер 50–60–70 жылдығын өткізгенде, биліктен марапат күтеді. Күтпейтін жалғыз мен ғана. Менің ертеден қалыптасқан өз ұстанымым бар – Отан-Анамызға жасаған қызметіміз, еңбегіміз үшін одан құрмет, мадақ күтпеген абзал...  Иә, маған Халық Қаһарманы атағын бермекші болды. Бірақ мен жүйелі түрде бас тарттым. Өз ұстанымыма өзім қарсы шыға алмаймын ғой.» («Қазақүні.кз» – 25.V.2012; «Гу-гу.кз» – 18.VІ.2012.)

– «Құз басындағы аңшының зарына» жазған алғысөзімде де, баспасөзге берген сұхбаттарымда да, телеарналар арқылы айтылған пікірлерімде де сені нағыз халық батыры ретінде бағаладым, – [дейді Шікең ­– Адамзаттың Айтматовы].

– Менің ісімде ешқандай батырлық жоқ!.. Мен бар болғаны азаматтық борышымды ғана орындадым... Ал батырлық атаққа келсек, өзіңіз білесіз, мен Қазақстан мемлекеті атынан берілетін барлық марапаттардан, ішінде «Халық қаһарманы» да бар, бас тартқан адаммын. Бұл арада ұстанған жеке тұжырымым мынау: Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу, құрмет дәметпеуі керек...

– Бұл арада сен бәрімізге үлгі-өнеге көрсетіп отырсың. Әттең біз оңбай кешіктік… – деп Шікең басын қасыды.» («Зона.кз» – 20.ІХ.2010.)

 

Кереметтің кілті

Хош. Біраз жерге бардық. Осымен сабыр айлайық. Өйткені, Шахаң өзі атап айтқан және күмәнсіз 100 мыңның ұшығына жету мүмкін емес. Тіпті, бірер мыңын тізіп берсек те екі-үш томдық кітап болып шығар еді.  Оған шама келме йді. Амал жоқ, ат басын іркеміз.

Алайда, біз ғана емес, оқырман жұртымыздың көңілінде де қаншама сауал қалуы мүмкін. Арасында азды-көпті күмән. Мәселен, ЮНЕСКО маған дейін де, кейін де ешбір ұлы ақынның шығармасын талқыламапты деген сөз. Біз ақиқатына куәлік келтіреміз. Сол ғаламат ақын, нобелиант, лауреат ағылшын-неміс-француз-американның ешқайсының Олжас сияқты, мәртебелі кеңседегі көршілес үш-төрт кісінің басын қосып, шай беретіндей досы болған жоқ және болмайды да. Осы ғана емес. Несін жасырамыз, баз-базында біздің де дағдарып қалған кездеріміз бар. Мәселен, ұлы ақынның өзінің туған әкесі Шахан ақсақалдың, сыңайына қарағанда, Шыңғыс хан тарихын Рәшид-әд-Дин мен Жувәйни томдарынан оқып-білгеніне күмән айтуға болар еді, әйткенмен, ықтимал жағдай: Абай ғарабы «Мың бір түн» мен діни трактат атаулыны түпнұсқадан оқыған, Шәкерім осман-түрки ғана емес, парсы лұғатын да жетік біліп, Хафизді тәржімалаған, ал Түстіктен шыққан Тұрмағамбет «Шах-наманы» аударды, әбден мүмкін. Алайда, болашақ ұлы қайраткер туған 1942, 2 июль күні, әуелгі басылымдарында «Абай жолы» емес, «Абай» аталған эпопеяның алғашқы кітабы әлі жарыққа жетпеген, төлбасы данасы біршама кейін, қай күні баспадан өтіп, қалай таралғаны туралы нақты дерек, естеліктер бар. Бұл арада, Біріккен Мемлекеттік баспаның бас редакторы Бейсенбай Кенжебаев та Оңтүстік Қазақстанда туып-өсіп еді ғой, бәлкім, тоқтау салынған кітаптың латын әріпті қолжазбасын типографияда түн жамылып, терімшіге жасырын оқып, таңбаға түсіртіп отырған Қуандық Шаңғытбаев арқылы білімдар қартқа экспертизаға жібертіп алуы да мүмкін деген тұспал дәлелсіз көрінуге ғажап емес,  «шақалақтың» метіркесін атаулы роман жеткеннен соң, екі-үш, төрт-бес ай, жарты жылдан кейін тіркетуі де ықтимал ғой. Тек бір ғана мүмкін еместі айтайық. Онда да көңіл үшін. Ескі дос, бүгінде көзі жоқ Қадыр ақынға қатысты кеп. Шахаңның деректі құжаты болса, нақты дәлелмен айтсын. Айта алмайды. Біз бұл мәселеге әлі де оралып соғатын боламыз. Ал қалған жүз тарау хикаят... Тағы біразына, терістеме емес, түсініктеме берер едік. Алайда, қуырдақтың үлкені – болашақ үлесінде. Осы, біз үшін көпшілігі беймәлім жатқан, талантқа табынушы жалпақ жұртымызға негізгі тұрғылары мағлұм болғанымен, бұған дейін бір шатыр астына жинақталмаған жүз тарау толғам – тарихшылар мен әдебиетші, психолог пен философ, саясаткер мен әрқилы сарапшы – тағы қаншама ғылым-білім өкілдерінің арнайы зерттеуіне сұранып тұр. Біразын өзіміз де түгендеп шығар едік, ақыр соңында ұшырасқан өзгеше бір тарихи ақпардан соң дүниеден баз кешіп, тіл-аузымыз байланып, жоғарыдағы санама, ірікті лепес тұрыпты, аталмыш жүз, әлде екі жүз мың жәдігер түгелімен шынайы ақиқат екеніне ден қойдық.

Міне, осы, Шахаңның өз аузынан айтылған, шешуші һәм ең ақырғы, түйінді дәйектеме.

«Балалық шағым Қасқасу өзенінің бойында өтті», – дейді Шахаң. Мұны білеміз. Ендігісі – мүлде жаңа, өзгеше ғана емес, ғаламат дерек:

«...Сабаққа кетіп бара жатсам, Қасқасу өзені өз-өзінен долданып, тасып, гүрілдеп жатыр екен. Осы көріністі тамашалап тұрған едім, асау толқын бір үлкен балықты сарт еткізіп, жағаға лақтырып тастады. Білектей балықты шап беріп ұстай алдым. Тыпырлап, ауа қарманып, жанұшырып жатыр. Осы әрекетіне қарап, бейшараны аяп кеттім де, суға қайта қоя бердім. Біраз жерге дейін жүзіп барып, кері бұрылып, менің алдыма айналып келіп, маған басын тіктеп қарап тұрды да қойды. Тура ерекше ризалығын білдіріп, алғыс айтып жатқан сияқты көрінді. Сол оқиғаны анама айтқанымда «Әрбір жақсы ісіңнің жаңғырығы болады» деп еді...» («БАҚ.кз» – 21.ХІІ.2012; «Тонүкүк.кз» – 21.ХІІ.2012)

«Бала кезден есімде қалған тағы бір оқиға: 10-11 жастамын, Қасқасу өзені гүрілдеп ағып жатады. Бірде өзен ернеуінен асып, жағада балық қалып қойды. Шап беріп ұстап алдым да, өзенге қайта жібере салдым... Әлгі балық екі-үш метрге жүзіп барып, қайтып келді де, маған ұза-а-ақ қарап тұрды. Тура алғыс айтып тұрғандай сезілді. Күні бүгінге дейін сол балықтың бейнесі есімнен кетпейді.» («Ақжүніс.кз» – 2.VІІ.2014.)

Осы арада бір гәп бар. Жай ғана гәп емес, сырлы, сиқырлы, ғажайып кілтипан. Қарапайым ұлы адам өзіне тән кішпейіл көңіл, ақ-адал ниетімен, әлденені бүгіп қалған. Екі үзікті де қайыра оқыңыз. Иә! Бұл – жай ғана балық емес, Алтын Балық болатын. Кәдімгі, орыс жұртының дәп осындай ұлы ақыны Пушкиннің Алтын Балығы! Есіңізге түсті ме? Әп-бәлем! Ақыры біздің де несібемізге бұйырыпты.

Қатты толқында жағаға шығып қалған. Тыпырлап, ауа қарманып, жан-ұшырып жатыр. Біздің бала, бала болса да пәле, шап беріп ұстай алады. Білектей Алтын Балық. Қалай қызықпассың. Сол кезде Алтын Балыққа тіл бітіп, сөйлей жөнелді:

«Отпусти, ты, мальчик, меня в Қасқасу,

Дорогой за себя дам откуп:

Откуплю, чем только пожелаешь!..»

 

Орысша айтқан. Кейінде осы халықаралық тілде өлеңмен екі романды қатарынан жазған бала – болашақ ұлы ақын тумысынан-ақ орысшаға жетік. Алайда, бұл балық неге мемлекеттік тілде сөйлемей тұр? Бала Шахаң шарт ашуланады. Тағы да, кейінірек, алайда әлгі атақты романдардан көп бұрын, «Әр адымын еркін, батыл басатын, – Айтқанынан қайтпайтұғын, қайсар жас ақын» кезінде өзімен орысша сөйлеспек болған Бауыржан Момышұлын жерге қаратып: «Кешір, Мұхтар... иттігіме дес берме, – Беделімді бес тиын қып, сұрап тұрмын кешірім, – Кешір мені, айналайын, енді мүлде өзгерем, – Қазақпенен тек қазақша сөйлесуге сөз берем!..» – дегізіп, пұшайман қылған Шахаң, Алтын болса да, өзінің қолындағы кіріптар тұтқын әлдебір орысбай балықтың көңіліне қарасын ба, жерге бір-ақ ұрғысы келіп тұрады да: «Қазақтың өзенінде еркін жүзіп жүрсең де, әлі күнге қазақша үйренбегенің қалай?» – депті зілмен. Сонда Алтын Балық енді қырық жылдан соң, осы Шахаңның арқасында күшіне кіретін мемлекеттік тілде сайрап қоя береді: «Казахша билем! – депті. – Мен байкамай... Алтын Бала, мені жибер, не сурасан да орындалады!» Алтын Бала Шахаңның жүрегі елжіреп кетеді. өзінің өмірлік ұстанымы бойынша ғана қазақша сөйлеп тұрғанын, шын мәнісінде полиглот екенін көрсету үшін, енді орысшаға көшіпті. өлеңмен тақпақтай шегелеп:

«Бог с тобою, Золотая Рыбка,

Твоего откупа не надо;

Ступай себе в бурный Қасқасу-море,

Гуляй там себе на просторе!» –

деп, Алтын Балықты суға қайтадан қоя береді. Шолп етіп түскен Алтын Балық қуанып, жүзе жөнеледі де, тым ұзамай, кері айналып келеді. Басын судан шығарып, Бала Шахаңа тіктеп қарап тұрып, манағы өтініш сөзін тағы айтыпты. Бұл жолы бастан-аяқ қазақша және ешқандай мүкісі жоқ:

«Тіршілікте жақыным,

Мейірбан, мәрт, ақылдым,

Не сұрайсың, батырым?

Байлық, билік жолыңда,

Ұзақ ғұмыр соңында,

Сен Ырбибай емессің,

Мен Жырбибай емеспін, –

Бәрі менің қолымда,

Ойласаңшы ақырын?! »

Тіл ашуы – діл ашуы, мана өзі де асығыстық жасапты, енді Алтын Балықтың көңілін таппай болмады. Сыйластық үшін Алтекеңнің ана тілі – орыс тілінде нықтап, тап-тұп айтқан екен:

«Великим быть желаю,

Люблю Қазақ халқының честь,

Я много обещаю –

Исполню ли? Бог весть!..»

 

Сонымен қатар, болашақ мемлекеттік тілдің мәртебесін бәрінен жоғары қоятын Шахаң, осы, экспромтпен туған ғажайып шумақты қолма-қол қазақшаға төңкеріп, жеріне жеткізе толғайды:

 

«Ұлы адам болғым келеді,

Қазақ арын сүйемін,

Келер деп қолдан сенемін, –

Болам ба? Құдай біледі!..»

 

«Тілегің қабылданды, – депті Алтын Балық. Қазақ халқының Жер әлемге танылған ұлы ақыны боласың! Қайтпас қайсар, ұлы қайраткері және боласың! Айтқан сөз, алған уәдеңнің бәрі де орындалады! Оған құдайдан бұрын мына мен – Алтын Балық куәлік берем!»

Міне, мәселе қайда! Шындығында, барлығы да бастан-аяқ дәп солай болып шықты.

Ендеше, бұл ғаламат Шахаңның ақындығы түгілі, ақылына, қайраткерлігі тұрыпты, қазақтығына күмән келтіріп жүрген мына біздің білігіміздің құны көк тиын. Аңдамаппыз, алаңғасарлық емес, аусарлық жетегінде қаншама артық сөз айтыппыз... Өткен істе амал жоқ, енді қайттік?

Аз-маз ойландық. Бас қатыратындай қиын шаруа емес екен. Фәни тіршілікте азды-көпті жаңылыспаған кім бар. Қате – кінәрат десек, оны мойындамау – күнә. Біз де түзелеміз. Баяғы, бұдан сегіз жыл бұрынғы «Айқын» газетінің мәмлегер сауалнамасы бар ғой. Биылғы наурыз өтіп кетті, келесі наурызға дейін талай заман. Алдағы мамыр, маусым да соншама жайлы, жайдары мезгіл. Қалтқысыз татулық қолымызды созамыз. Кешегі Бейімбет айтқан «бер, Мырқымбай, қолыңды!» деп өзімсініп емес. Махамбет толғаған: «Таудан мұнартып ұшқан Тарланым! – Саған ұсынсам қолым жетер ме, – Арызым айтсам өтер ме...» – деп, шынайы толқыныс, артықша құрмет, және күмән мен сенім аралығында. Бұрнағы Кәрі Еуропа – шалғай шет ел де емес, Жер әлемнің арғы беті – Жаңа Дүниеден. Атлант мұхитынан озып, Еуразия құрылығын көктей өткен бітімгер алақанымыз Алматыға жетпей, Алатаудың биігінде қар мен мұзға қақтығып қалса, Шахаң екеуіміздің ортақ досымыз Төлен біржола жалғастырып жіберуі хақ.

Ләббай. Осымен, бар ойын тәмам. Ақыры – қатал шындыққа ұласуға тиіс. Бұл дүниеде шексіз ештеңе жоқ.

28.ІV, – 5.V.2016,

Америка Құрама Штаттарынан


«Қамшы» сілтейді

Пікірлер