Наразы топ: Шаханов Жазушылар одағынан шығарылсын!

3202
Adyrna.kz Telegram

Шахановтың қазақ халқының әйгілі тұлғаларына тіл тигізіп, оларға қатысты түрлі мәлімдеме жасауына қарсы шыққан наразы Қазақстан Жазушылар одағына жиналды. Олар "даңқты ақындардың аруағына тас атып, рухын, жырын қорлауға" жол бермейтіндерін мәлімдеп, Шахановтың одақтан шығарылуын талап етті деп хабарлайды "Жас Алаш" газеті.

Осыдан бірнеше күн бұрын Мұхтар Шахановтың өз өлеңінде, ізінше жасаған мәлімдемесінде Жамбылға, Мұхтар Әуезовке, Сәбит Мұқановқа, Мұқағали Мақатаевқа қатысты даулы пікір айтқан. Бұл пікір әлеуметтік желілер мен БАҚ-да көп талқыланып, наразылық тудырған. Енді бүгін жыр алыбы атанған ақынның ұрпақтары арнайы талап қойып отыр.

Наразы топ Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің атына жазған өтініш хатқа 560 адам қол қойған. Хатта:

«Құрметті Ұлықбек мырза!

Біздің сізден өтінеріміз:

Жамбыл 1936 жылдан Жазушылар одағының мүшесі, оны қаралаған ауыр қылмыстық жала жапқан М.Шахановтың мәселесі қаралып, оны Жазушылар Одағы мүшесінен шығаруды сұраймыз.

М. Шахановты осындай ауыр қылмысы үшін Жазушылар одағы басқармасы сотқа шағым түсіріп, әділ бағасын беріп, Жамбылдай ұлы ақынды қолдап, қорғап қалуды өтінеміз», делінген.

Ал қазақ зиялы қауым өкілдерінің бірі Нағашыбек Қапалбекұлының айтуынша, Шаханов Жамбылдың 1501 жылдық мерейтойы кезінде ақынды аузынан тастамай мақтаумен болған.

"1995 жылы Жамбылдың 150 жылдығы қарсаңында Қырғызстанға бардық. Сонда қырғыз зиялы қауымымен бас қосып, дөңгелек үстел өткіздік. Мұхтар Шаханов сонда 3 күн бойы Жамбылды аузынан тастамай мақтаумен болды. Ол кезде қызметте жүрді ғой. Сол кісі соңғы кездері Жамбыл атамызға тіл тигізіп, оның мұрасына шабуыл жасауды бастады. Жамбыл ғана емес, білесіздер, қазақтың ірі-ірі тұлғаларын мансұқтап өлең жазды, ауыр-ауыр сөздер айтты.

Содан кейін «Алматы» телеарнасына тікелей эфирге шықты. Біз халықтан кешірім сұрайтын шығар деп күткенбіз. Сөйтсек, керісінше, әлгі айтқандарын одан ары індетіп, аруақты қорлады. Бұған бір тоқтау болу керек қой, сондықтан қазақ әдебиетінің қасиетті қара шаңырағына келіп, өзіміздің мәлімдемемізді бердік. 560 адам қол қойды, бірақ, бұл тізім әлді де өсе береді, әлі де қосылып жатқан адамдар бар, – дейді Нағашыбек Қапалбекұлы.

Ал "Шапағат-Нұр» журналының бас редакторы Талғат Нұрқасым:

Қазір ғана жиыннан шықтық. Жазушылар одағының басшылығы бір аптаның ішінде біздің мәлімдемеміз бен өтініш-талаптарымызды арнайы талқылап, нақты бір шешімге келетіндерін айтты. Біздің басты мақсатымыз қазақтың ұлы тұлғаларын мансұқтауға жол бермеу. Қазақтың зиялы қөауымы осылай аруақты қорлап, бөлініп алып, дауласып жатса күні ертең қазақ деген ұлттан не тамтық қалады?! Ұлт боламыз десек, кейінгі ұрпақ ата-бабаласына топырақ шашпауы керек, керісінше олардың мұрасын насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа паш етіп отыруымыз керек, – дейді.

Жазушылар одағы басшылығы наразы топтың өтініштерін арнайы қарайтынын, осы аптаның ішінде бір шешімге келетіндерін айтты.

 

Пікірлер