Құжат, кілт және Амангелді аға

2349
Adyrna.kz Telegram
(немесе түн жарымындағы аза сөз)
КазГУ-ден сүйретіліп шығып келем. Оқуға биыл да түспейтін болдым. Журфак бұл жолы емтихан алмақ түгілі құжатымды да қабылдамады.
Бәрі өзімнен. Аяқ астынан асығып жолға шыққанымда екі жыл бойы ежіктеп жазған, әупірімдеп жүріп үш-төрт газетке шығарған он-он бес мақалам елде қалып қойыпты. Бұл қалың жыныстың ішінен қоян атуға кеп тұрып, мылтығыңды ұмытып кеткенмен бірдей нәрсе. Ондай ұқыпсыз емес секілді едім... Білмеймін ғой, бір шайтан көзді мықтап байлаған да... Өзім де әбден тақап, бір күн қалғанда Алматыға әзер табан іліктіргем. Содан шамам келгенше, ышқынып бақтым. Заулап отырып, «Лениншіл жаста» қызмет істейтін Қуаныш Жиенбаев ағама бардым. Ол кісі мені жөндеп танымаса да, «Бұйырса, бұл баланың бірінен соң бірі бес-алты мақаласы топырлап шығайын деп жатыр» деген сыңайдағы қағаз жазып, мөр бастырып берді.
Сол қағазды мықтап ұстап, университеттің құжат қабылдайтын кезегіне тұрдым. Түнгі онға қарай кезегім келуін келді. Бірақ әлі жарық көрмеген мақалалар туралы анықтаманың еш жәрдемі болмады. Құжат қабылдаушылардың уәжі шегедей. «Бәрі дұрыс. Екі жыл стажың бар. Талабың да бар. Бірақ жарияланған мақалаң жоқ». «Мақалам бар, – деп өзеуреп қоймаймын мен, – тек ауылда қалып қойғаны болмаса...». «Ендеше, бала, ертерек ауылыңа қайтып, сол мақалаларыңа тездетіп жетіп ал, оқуды қайтесің?!».
Осымен үшінші рет оқудан жолым болмайын деп тұр. Не деген кері кеткен бала едім?! Болды, бәрі бітті енді... Әскерге кетем. Қайтып кеп, қашқан теңіздің соңына түсетін балықшы болам. Сосын «балықшымын, бақыттымын» деп ауылда өлең айтып жүрем. Ары кетсе, аудандық газетке штаттан тыс тілші ретінде ара-тұра хабар-сабар жазып тұрармын. Онда да жазғаным жараса... Көреміз енді. Тіс қаққан үш тілшіге бергісіз бір штаттан тыс тілші болады демейтін бе еді осы?!
Түн ортасында еңсем түсіп, бесінші микроаудандағы уақытша тоқтаған үйіме жеттім. Қарасам, төрде малдас құрып, әкей отыр. Қызылордадан жаңа ғана ұшып келіпті. «Әй, бала, мына бір қағаздарыңды қалдырып кетіпсің ғой», – деп қояды. Мәссаған, сонау Қаратереңде қалып қойған қайран менің миды қозғайтын мақалаларым... Дәлірек айтқанда, жазғандарым жарық көрген газеттердің қиындылары. «Толқын», «Қазақстан пионері», «Ленин жолы»... Балқаш жаққа сапарлап бара жатқан біздің әкейге ілесіп, артымнан іздеп келген «шедеврлерімді» көргенде едәуір толқып кеттім. Толқып болып, сағатқа қарасам, түнгі он екіге он бес минут қалыпты. Енді тура он бес минуттан кейін қабылдау комиссиясы жұмысын аяқтайды. Көшеге шығып, такси ұстадым да, КазГУ-ге қарай құстай ұштым. Әйгілі Киров көшесі, 136 үй. Ескі корпус. Көшеде қозғалыстың аздығына қарамастан, таксиім де митыңдап жүріп болмады. Едәуір кешігіп жеттім. Келсем, маңайда тірі жан жоқ. Жоқ, бір адам ғана жүр... Дембелше келген, кең жауырынды ширақ жігіт ағасы есікке қол басындай қара құлыпты салып, бір уыс кілтінің біреуін оңтайлап, күшке салып, бұрап жатты.
– Ағай, мені бағана мақалаң жоқ деп қайтарып жіберіп едіңіздер ғой... Міне, мақалаларым, қабылдаңызшы құжатымды.
– Әй, айналайын, көріп тұрсың ғой. Қайтып барамыз үйге. Қабылдаудың аяқталғанына біраз болды. Сенің құжатыңды тіркейтін қыздардың бәрі баяғыда кетіп қалды...
Өлердегі сөзімді айтып, тал қармап жатырмын. «Ағай, осылай да осылай, біздің әулеттің заңы қатал, оқуға ары кетсе үш-ақ рет жібереді. Үшеуінде де түсе алмасаң, әскерге аттандырады. Келген соң алты құлаш ау беріп, үш құлаш қайыққа мінгізіп, төрт құлаш таяу ұстатып, көк теңізге айдайды. Ал мен оқығым келеді, аға. Биыл үшінші рет құлайын деп тұрмын. Қабылдаңызшы құжатымды...
Көзім ешнәрсе көрмейді. Бүкіл тағдырым құрыштан құйғандай шып-шымыр әлгі ағайдың қолындағы кілтінің ұшында тұр еді.
Ол күлді. Күлді де сәл ойланды. Ойланды да, қолындағы кілтті шықыр-шықыр еткізіп бері қарай бұрады. Есікті қайтадан айқара ашты. Мені жетектеп аумағы атшаптырым зал арқылы бөлмесіне ертіп келді. Сол жерде күйбеңдеп тұрып, жаңағы бір уыс кілттің арасынан сояудай тағы бір кілтті суырып алды. Сонадай жерде тұрған абажадай темір сандықты ашты. Қалың журналды алып, менің құжатымды өз қолымен тіркеді. Ашу шақырған жоқ, артық сұрақ қойып, мазалаған да жоқ. Бар болғаны құжатымды қабылдағаны туралы анықтаманы қолыма ұстатқан соң, «Әй, сен түсесің-ей оқуға», – деп жылы жымиды.
Шынында да, сол жолы шығармашылық конкурстан өтіп, тиісті емтихандарды тапсырып, түстім мен оқуға. Сөйтіп, журналистиканың жалына жармасып, алдағы бұйырған белестерімізге қарай көсіле шаптық. Түн ортасында ұшырасқан сол ағамның қолындағы кілті бүкіл болашағымыздың қақпасын айқара ашып берді...
* * *
Осыдан қырық бір жыл бұрын түн ішінде құжатымызды қабылдап, келешегімізге жөн сілтеген аяулы жан сол кездегі КазГУ-дің оқуға қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, жас тарихшы ғалым Амангелді Құсайынов еді. Асыл ағамыз кейін елге танымал азаматқа айналды. Арқа төсінде бой көтерген Еуразия ұлттық университетінің тұңғыш ректоры болды. Жоғары аттестациялық комиссияны, Білім академиясын басқарды. Елордадағы Еуразия гуманитарлық институтының іргесін қалап, діңгегін тіктеп, керегесін кеңейтті.
* * *
Бүгін сол ардақты Амангелді ағамыз дүние салды. Биыл сексенге толатын еді... Турашыл еді. Бетің бар, жүзің бар демейтін еді. Көлгірсуді ұнатпайтын еді. Жұртқа жақсылық жасауды жаны қалайтын еді. Қысқасы, әдемі қартайып еді...
Жұлдызыңыз жоғарыдан жансын! Жер-бесігіңіз жайлы болсын, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Facebook-тегі жазбасынан
Пікірлер