Несиесін төлей алмаған 7 баланың анасын аяусыз өлтірген күдікті сотталды

2093
Adyrna.kz Telegram
Атырауда көпбалалы ананы өлтірген қылмыскерге үкім шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Мой город» басылымының хабарлауынша, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 35 жастағы жеті баланың анасын өлтірді деп айыпталған 25 жастағы жігітке үкім шығарды.

Іс материалдарынан анықталғандай, 2021 жылдың наурыз айында жәбірленушінің өтініші бойынша сотталушы өз атынан банктен несие алған, оны жәбірленушінің өзі төлеуі тиіс болған. Алайда кейін әйел несие төлеуден бас тартып, олардың арасында кикілжің туындаған.

- 25 қарашада сотталушы жәбірленушімен кездесіп, оның әрекетіне ашуланып, оған бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр дене жарақатынан есінен танып қалған әйел оқиға орнында көз жұмды. Басты сот талқылауында сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкінді. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ сараптама қорытындысымен және бейнежазбалармен расталады, - делінген үкімде.

Прокурор сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап соттан кісі өлтірушіні Заңның қатаңдығы бойынша жазалауды сұрады.

Айта кетейік, марқұмның артында жеті баласы қалды, ең кішісі небәрі бес жаста. Сот үкімімен ер адам кісі өлтіргені үшін кінәлі деп есептеліп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер