«Қожалы геноциді»: аңыраған аналар, жетім қалған балалар

2531
Adyrna.kz Telegram

«Мен дөңгелек терезеден қорқынышты суреттерді көріп, кері шегінемін. Көлеңкеде сұр қар, әлі еріп үлгермеген тау етегіндегі сары шөпте өлі адамдар жатыр. Көкжиекке дейіңгі кең аймақ әйелдердің, қарттардың, ерлер мен сәбиден жасөспірімге дейінгі барлық жастағы балалардың мәйітіне толы...»

Юрий Романовтың «Мен соғысты түсіремін» кітабынан

Бұл тура осыдан 30 жыл бұрын армяндардың әзірбайжан халқына аяусыз жасаған қырғынының сипаты. Тарихта «Қожалы геноциді» атанған трагедия. Әлі күнге дейін әзірбайжандардың ғана емес, бүкіл түркі елінің мәңгі жадында қалған қасірет.

Ходжалинский геноцид

Тарихқа шолу

1992 жылдың ақпан айының 26-сы күні бұрыңғы КСРО-ның 366-шы мотоатқыштар бөлімшесінің тікелей қатысуымен және жергілікті тұрақсыз әскерилердің қосалқы көмегімен Арменияның қарулы күштері Әзірбайжан Республикасының Қарабақ аймағындағы Қожалы қаласына асқан қатыгездікпен басқыншылық мақсатында баса-көктеп кірген болатын. Армян әскерінің  мұндай стратегиялық мақсатының соңы қанды қырғынға ұласты.

1991 жылдың күзінде Армян күштері Қожалы қаласын қоршауға кірісті. Олар Қожалы мен Агдамды байланыстыратын соңғы жолды жауып тастады. Тек қалаға тікұшақпен жету мүмкін болды. Ал 1992 жылдың қаңтарында Қожалы гуманитарлық апаттың алдында тұрды. Қалаға электр жарығы мен су берілмеді. Жылу мен телефон байланысы жұмыс істемеді. Мэр Эльман Мамедов орталық үкіметтен бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды және гарнизонды күшейтуді жүйелі түрде сұрады. Бірақ оның өтініші мүлде жауапсыз қалды. Соңғы тікұшақ 1992 жылы 13 ақпанда Қожалыға қонды. Кейін ұшқыштар өмірлерін қатерге тігуден бас тартты. Үш жүзге жуық тұрғын қаладан шығарылды. Ал 1992 жылғы ақпанның 26-сы күні басқыншылар жеті мыңнан астам халқы бар Қожалы қаласының ойранын шығарды.

Қанды түн

1992 жылы 25-нен 26-шы ақпанға қараған түні Қожалы тұрғындары үшін ең азапты, ең қайғылы ұзақ түн болды. Аяусыз қырған армяндар  шырылдаған анаға да, жылаған балаға да, жәутеңдеген көздерге де қарамай, бәрінің қанын суша ағызды.

Бұның салдарынан қаланың 5379 тұрғыны босып кетуге мәжбүр болды, 1275 адам тұтқынға алынды. Олардың 150-інің, оның ішінде 68 әйел мен 26 баланың тағдыры әлі белгісіз. 487 адам жарақат алды, 8 отбасы толығымен қырылып, 25 бала толықтай жетім қалды, 130 бала ата-анасының бірінен айырылды. 613 бейбіт тұрғын, олардың қатарында 63 бала, 106 әйел мен 70 қария аяусыз өлтірілді.

Сондай-ақ, Қожалы қаласының 56 тұрғынының денесінен зорлық-зомбылық іздері табылған. Le Monde тілшілерінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында көздері мен бас терісі ойылған адамдар, басы кесілген денелер, іштері жарылған жүкті әйелдер болған. Қаладан шыққан Қожалы тұрғындарының кейбірі оқтан аман қалғанымен, тау арқылы Агдамға жетуге тырысқан, алайда  жолда үсіп өлді. Ал Қожалыда қалғандардың тағдыры мүлде қайғылы....

Сол кездегі Қарабақ дала командирлерінің бірі, кейін Армения президенті болған Серж Саргсян оқиғаның басталуын: «Қожалыға дейін әзірбайжандар бізбен қалжыңдасамыз, армяндардың бейбіт халыққа қол көтеруге шамасы жоқ деп ойлады. Біз бұл стереотипті бұза алдық. Міне, солай болды» деп хабарлады.

Шындығында, Қожалыда жасалған қылмыс жай кездейсоқ емес. Армения жүргізген жүйелі зорлық-зомбылық саясаттың ажырамас бөлігі болғандығын дәлелдейді. Бұл қылмыс тек олардың этникалық тектеріне қарап, бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіруге бағытталды. Тиісінше, қанды оқиға Қожалы қаласының тұрғындарының барлығын өлімге кесу кезінде әзірбайжан ұлтының өкілдері ғана қасақана өлтірілгендіктен, этникалық тазарту және геноцид актілерінің сипатын алды.

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, саяси ғылымдар докторы Физули Мәжидлидің пікірінше: «Бұл жан түршігерлік трагедияны адамзат тарихындағы Холокост, Хатынь, Голодамор, Сребреница сияқты қанды оқиғалармен ғана салыстыруға болады. Өйткені, Қожалы трагедиясы кездейсоқ оқиға емес. Олар Қожалы трагедиясын жасау арқылы әзірбайжан халқын қорқытып, олардың күреске деген жігерін құм қылмақ болды. Осы тұрғыдан алғанда, қырғын әзірбайжан халқының жадында жазылмас із қалдырып, адамзат тарихында өшпес дақ болып қалды»

 Армения Республикасы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Олар адамзатқа қарсы қылмыстарын 2020 жылы Екінші Қарабақ соғысы кезінде Әзірбайжанның бейбіт тұрғындарына қасақана шабуыл жасаумен жалғастырды. Армения 2020 жылы соғыс алаңынан әлдеқайда тыс орналасқан Гянджа, Барда және Тертер сияқты Әзірбайжан қалаларының бейбіт халқы мен инфрақұрылымына қарсы бағытталған шабуылдары арқылы тағы бір мәрте 1992 жылдың оқиғасын қайталады. Ең сорақысы, бұл жолы адамдардың жаппай өліміне әкелетін қарулар, соның ішінде кластерлік бомбалар мен зымырандық жүйелер қолданылды. Салдарынан 100-ден астам бейбіт тұрғын, оның ішінде 12 бала мен 27 әйел қаза тапты, 423 бейбіт тұрғын жарақат алды. 5000-нан астам тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлер, 76 әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, ауруханалар мен балабақшалар, 24 өндіріс орны, 218 сауда нысандары, 51 қоғамдық тамақтану орны, 41 әкімшілік ғимарат және 19 ғибадат орны қиратылды.

Трагедия XX века: минуло 28 лет со дня Ходжалинского геноцида

 

Үзілмеген үміт

1992 жылғы Қожалы геноциді де, 2020 жылы бейбіт тұрғындарды бомбалау да Армения Республикасы билігінің Әзірбайжанның бейбіт тұрғындарына қарсы қасақана жүргізген саясаты мен жүйелі зорлық-зомбылық әрекеттерінің айқын дәлелі болды. Бірақ бұл жолы бауырлас мемлекет Әзірбайжан Республикасы жеңіске жетті.

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, саяси ғылымдар докторы Физули Мәжидли бұл туралы: «Президент Ильхам Әлиевтің жетекшілігімен Екінші Қарабақ соғысындағы даңқты жеңісімен Әзербайжан халқы өзінің тарихын ұмытпағанын, одан сабақ алғанын, күшті және ұлы халық екенін көрсетті.», - дейді.

Алайда Әзірбайжан Республикасына екі қақтығыс та үлкен шығын әкелді. Әлі күнге  дейін 30 жылдық тарихы бар «Қожалы геноцидінің” зардабын тартып отыр.

Бүгінгі таңда Ходжалы геноцидін әлемнің 20-ға жуық елі мен Америка Құрама Штаттарының 26 ​​штаты мойындап, айыптады. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Түркі Кеңесі Арменияны агрессор, ал Қожалы трагедиясын геноцид деп таныды.

Осыған қарамастан, Қожалы геноциді халықаралық аренада әлі де лайықты саяси-құқықтық бағасын алған жоқ. Кінәлілер жауапқа тартылмады. Отбасы мүшелерінен, туған-туыстарынан, баспаналарынан айырылып, мигрант болып өмір сүруге мәжбүр болған Қожалы тұрғындары осы геноцидке халықаралық құрылымдар құқықтық баға беретін күнді 30 жылдан бері күтуде...

Дана Нұрмұханбет

Пікірлер