«Зейнолла Сәнік атындағы Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы» ашылады

5303
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің, өнер мен ғылымның, тарихы мен этнографиясының зерттелуі мен зерделенуіне, насихатталуы мен дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» Шәкәрім университетімен бірлесе отырып тағы бір игілікті іске ұйытқы болып отыр.

Атап айтқанда, Семейдегі Шәкәрім университетінде көрнекті жазушы, этнограф, баспагер, аудармашы «Зейнолла Сәнік атындағы Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы» ашылмақ. Оның қажетті жабдықтауы қор демеушілігі арқылы іске асты.

Сондай-ақ, мәдениет қоры дәрісханаға шетелдегі қазақ әдебиеті, тарихы мен өнеріне қатысты 100 ден астам кітапты сыйға тартты.

Бұл білім ордасындағы оқытушылардың, студенттер мен магистрлердің және зерттеуші ғалымдардың қазақ әдебиетінің тұтастану тарихын танып білуі мен зерттелуіне зор мүмкіндік туғызбақ.

Бұған дейін де оқу орны мен қор арасында шығармашылық байланыстар қалыптасып, ғылыми бағыттағы ізденушілерге қор атынан шәкіртақы берілген еді.

Ғылымның дамуына барынша жағдай жасауды мақсат еткен Шәкәрім университеті мен мәдениет қорының әріптестігі мен игілікті іс-шаралары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Дәрісхананың ашылуы аясында «З.Сәнік қорының» кітапхана сериясымен жарық көрген қытайдағы қазақ прозасының антологиясы – «Қамшыгер» кітабының таныстырылымы өтеді.

Оған 30 жазушының таңдаулы әңгімелері енген. Іс-шара барысында қонақтармен әдеби кездесу, кітап көрмесі, ғылыми бағыттағы пікір алмасу жоспарланған.

Дәрісхананың ашылуына жазушының жары, ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызы мен қаламгердің перзенттері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, әдебиеттанушы-ғалым Серік Негимов, ақын, баспагер Ғалым Қалибекұлы, қордың атқарушы директоры, ақын, ұстаз Серік Қалиев, ақын Дүйсенәлі Әлімақын, Семейдегі зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері т,б, қонақтар қатысады.

Ұйымдастырушы: Шәкәрім университеті
Уақыты: 4 наурыз, 10:00

Орны: Шәкәрім университетінің №3 оқу ғимараты, 2 қабат, Қашаған көшесі 1

Пікірлер