Украинада балалар ауруханасы мен перзентханаға жойқын соққы жасалды

1756
Adyrna.kz Telegram

Украинаның Мариуполь қаласындағы балалар ауруханасы мен перзентханаға жойқын соққы жасалды. Салдарынан, 17 адам ауыр жарақат алды. Қаза тапқандар табылмады, деп хабарлайды BBC.

"Мариуполь. Ресей әскерінің перзентханаға жасаған тікелей соққысы. Адамдар, балалар қирандылар астында. Жауыздық! Әлем қашанға дейін террорға мән бермейтін сыбайлас болып қала береді. Жылдам әуе кеңістігін жабыңыздар. Кісі өлімін доғарыңыздар. Күштеріңіз бар, бірақ адамгершіліктен айырыла бастаған секілдісіздер", - деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский. 

"Барлығы қираған. Жақында ғана балалар ем алған медицина мекемесі толығымен бұзылған. Зардап шеккен балалар жайлы ақпарат нақтыланып жатыр", - деп жазды Мариуполь қалалық кеңесі. 

Донецк облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Павел Кириленко жарақат алғандарды жақын маңдағы ауруханаға эвакуацияланатынын мәлімдеді.

"Қала орталығындағы босандыру бөлімі, балалар мен терапевттік бөлім Ресей авиациясының Мариупольге жасаған соққысы салдарынан толығымен қирады", - деп жазды ол.

Кириленконың сөзінше, перзентханаға жасалған соққы салдарынан 17 адам жарақат алған. Қаза тапқандар жоқ. Зардап шеккендер қатарында жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлері бар. 

Украина әуе соққысының Ресей жариялаған "тыныштық" режимі кезінде жасалғанын мәлімдеді. Ал Украина ұлттық полиция басшысының бірінші орынбасары Вячеслав Аброськин Ресейдің артиллериялық соққы жасағанын айтты. 

Жоғарғы Рада депутаты Дмитрий Гурин де перзентханаға шабуыл жасалғанын растады. Сөзінше, қаза тапқан балалар мен нәрестелер жайлы ақпарат жоқ. Қазір адамдар қирандылар астынан шығарылып жатыр екен. 

Соққының немен жасалғанын анықтау қиын. Алайда аурухана аумағында түсірілген суреттен алып кратерді байқауға болады.

Украина Ресейді азаматтық нысандарға шабуыл жасады деп айыптады. Ал Ресей тек әскери нысандарға оқ атылғанын алға тартып, азаматтық инфрақұрылымдардың зардап шегуін "ұлттық батальонның арандатуы" деп атады.  

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер