Бекболат ҚАРЖАН: Алтынтөбенің 17000 гектар жеріне қатысты құжаттар облыстық архивте жоқ

8498
Adyrna.kz Telegram
Жерге қатысты облыстық архивтегі құжаттар жоқ болып шықты
Мынау жағдайға заңгерлер не айтар екен...
Сіздерге жер дауы бойынша ақпараттар легін тағы да ұсынамын. Біздің Алтынтөбе ауылы округіндегі жер дауымен айналысып жатқанымызға 5-ші айға жуықады. Біз қазір сотпен де, отпен де, прокуратурамен де, әкімдікпен де алысып жүрміз.
2010 жылы Алтынтөбе ауылы округінің 17000 гектарға жуық жер телімдерін Қазығұрт аудандық әкімдігі "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамына халықтың келісімінсіз-ақ табыстап жіберген. Халықтың жерін корпорацияға құқықтық табыстауда аудан әкімдігі № 153 қаулыны шығарған. Бізге сотқа керекті құжаттардың ішіндегі ең негізгі құжат - осы № 153 қаулы мен қаулыға негіз болған қосымша құжаттарды алдырту үшін аудан әкімдігіне, аудандық жер қатынастары басқармасына, Түркістан облыстық архивіне сұраным хат бергенбіз. Алтынтөбенің жерін корпорацияға өткізген құжаттар облыстық архивте жоқ болып шықты. Мұны сот болады деген соң қай шұңқырға тығып отырғаны бізге белгісіз. Елдің мүддесіне қатысты құжаттарға ҚР Конституциясына сай сұраным беріп отырмыз. Құжаттарды жасыру қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Халық 30 жыл бойы жеріне ие бола алмай келеді. Сондықтан округте дау-дамай, төбелес тоқтамай, асқынып жатыр.
Заң бойынша аудандағы құжаттар 5 жылдың ішінде облыстық архивтерге тапсырылады. Бірақ, біз сұратып отырған № 153 қаулының облыстық архивте 1-ші беті ғана бар, ал жерді табыстап, әкімшілік қызметкерлері қол қойған беті мен қаулының шығуына негіз болған қосымша құжаттар жоқ болып шықты. Архивті аудардық, бірақ құжаттар жоқ. Архивтегі қызметкерлер екі күн бойы іздеді. Бірақ құжаттар табылмады.
Алтынтөбеде 10 мыңға жуық халық бізге қарап отыр. Егер де облыстық архив қаулыны жасырып отырса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 10 мың адамның мүддесі жәй ғана тірлік емес, жауапкершілігі ауыр тірлік. Ел мен халықтың мүддесіне қажетті архивтегі құжатты жасыру қылмыс болып табылады. 
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер