Бұл Жолдау бұрынғыдан өзгеше

3145
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, яғни 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Бұл Жолдауды біз асыға күттік, үлкен қобалжумен тыңдадық. Себебі осы жолы Президент бұрынғы дәстүрді өзгертіп, елдің негізгі бағыт-бағдарын айқындау, Жаңа Қазақстанды құру бойынша нақты қадамдарды атады.

«Қаңтар оқиғасы», одан кейін болған еліміздегі бірқатар күтпеген жағдайлар, осылардың барлығы бір түйінді қажет етті. Сол түйін бүгін айтылды деп ойлаймын өз басым. Қазақстан азаматтарының да көңілінен шықты дей аламын. Атап айтатын болсам, еңсесі түсіп, әбден тозыңқырап қалған өңірлердің қайта жандануына мүмкіндік беріп, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ашылды. Бұл соңы емес болар. Өйткені бізде әлі де ондай аймақтар бар. Сонымен қатар Конституциялық сот, Ұлттық құрылтай, Есеп комитетінің орнына жоғары аудиторлық палата құру, Мәслихат төрағасы лауазымын енгізу, сайлау заңнамаларының сақталуын қадағалау үшін байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігін нақты белгілеу, мажоритарлық сайлау жүйесін қолдану, Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеу, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуы және т.б. біз үшін үлкен қуаныш. Барлығы тегіс құптарлық. Тағы бір көңіл қуантатыны, Алматы облысының орталығы Қапшағайға Қонаевтың есімін беру туралы айтылды. Егер таңдау халық жақта болса, қазірдің өзінде 80 пайызы қолдайды.

Өзінің басшылық мысымен, президенттік өкілеттілігімен осы жылдың ортасына дейін жоғарыда аталғандардың орындалуын талап етуі біз үшін серт бергенмен бірдей болды. Орындалу мерзімі белгіленген Жолдау бір Құдай бұйыртса ешқандай кедергісіз елімізге оңтайлы өзгерістер әкеледі. Соны көруге жазсын. Жасасын Жаңа Қазақстан. Президент Жолдауына алғыс білдіреміз.

Ринат Рифхатұлы Заитов
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
директоры

Пікірлер