Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі танымал режиссер Ермек Тұрсыновқа қатысты тергеу әрекеттері жүргізілмегенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ведомствоның мәліметінше, Тұрсынов Facebook парақшасында жариялаған ақпарат агенттікке беймәлім болған. Сонымен қатар, Антикор бұған дейін "Қазақфильм" киностудиясының бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу "Долгое эхо" фильмін дайындау кезінде қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегі бойынша жүргізілуде. Арызды режиссер "Н" түсірген.
Бұл істегі қосалқы мердігер – "Alashfilm" ЖШС-нің бұрынғы директоры – азамат "Т". Тергеу барысында бұл азамат режиссер Ермек Тұрсыновпен "Тұрсыновфильм" ЖШС аясында серіктес болғаны анықталған.
"Аlаshfilm" ЖШС-нің бұрынғы басшысы "Т" куәгер ретінде тергеу әрекеттеріне қатысқан. Ал Ермек Тұрсыновтың өзі тергеу органына шақырылмаған.
Антикор қазіргі уақытта ешкім күдікті ретінде танылмағанын, ал Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Бұған дейін Ермек Тұрсыновтың әлеуметтік желіде Қазақстаннан кеткенін айтқаны туралы жазған едік.