Балаларды қолдауда науқаншылдық пен құр сөзден арылуымыз керек! - Ербол БЕЙІЛХАН

16804
Adyrna.kz Telegram

2022 жыл елімізде "Балалар жылы" деп жарияланды. Мемлекет басшысы еліміздің ертеңгі тұтқасы, ұлтымыздың болашағы саналатын өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдай жасалып, жаңа мүмкіндіктер ашылуы керектігін айтқан болатын. Енді іс жүзінде Президент тапсырмасы нақты шешімін тауып отыр ма? Балалардың білім алуы мен дамуына қандай жағдай жасалуда? Балалар әдебиеті мемлекеттік қолдауға неге зәру? Іс жүзінде балаларға арнап қандай бастамалар көтерілуі тиіс? Бұл сұрақтардың жауабын белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ербол БЕЙІЛХАННАН алған едік.

- «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында «Оқитын ұлт» жобасы іске қосылды. Ербол мырза, технология белең алған заманда жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын қалай оятамыз? 

— Ақыл айтудан да ұялып отырмын. Бізде небір сөзге шешендер бар. Қай тақырыпқа салсаң да қамшы салдырмайды. Әмбебап маман. Сөз сапырудан, әдемі сөйлеуден қоғам дами ма?! Дамыса біз дамыр едік. Аз сөйлеп, көп ойланатын, нақты іске көшетін технократ елге айналуымыз керек.

30 жылда қандай бағдарлама болмады деші!.. "Рухани жаңғыру" дейсің бе, "Оқитын ұлт" дейсің бе санына жету қиын шығар. Осы бағдарламалардың барлығының ұлтқа толық 30 пайыз пайдасы тиген жоқ. Науқаншылдықпен өтті. Біраз пысықай мен зиялысымақ шал-шауқанның майшелпегені айналды. Зерттеу, зерделеу болған жоқ.

Жас ұрпаққа кітап оқыту оңай дүние емес. Жас ұрпақ кітап оқу үшін де ел оқымысты, мәдениетті болуы керек. Үйде ата-ана, мектепте ұстаз, толық қоғам үлгі көрсеткені дұрыс. Бала көргенін істеп, қайталары анық.

-  Елімізде балалар әдебиеті қандай күйде? Бүгінгі қазақ қаламгерлерінің балаларға арнап жазған дүниелеріне көңіліңіз тола ма?

— "Балалар әдебиеті жылы" да науқаншылдықпен, құр сөзбен өтті. Мемлекет, арнайы министрлік, сол кездегі министр ештеңе жасаған жоқ. Қаржы бөлінбеді. Қаржысыз балабақша, мектеп, кітапханалар көп шара өткізді. Үлкен шаралар өткізуге мүмкіндік болмады. Қаржы қолбайлау. Қаламгерлердің жөні бөлек. Бізде балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген қаламгерлер өте көп. Көбі жастар. Небір ғажап шығармалар, идеялары бар. Өкінішке орай, сол дүниелер бүлдіршіндерге жетпей жатыр. Кітап шығару қымбат, қаламгерде қаржы жоқ. Қолдау аз. Мемлекеттен қолдау болса, арнайы қаржы болса балаларға арнап көп дүниелер жасауға, жас ұрпақты рухани түлетуге болады. Негіз бар.

- Қоғам ішінде «Балаларға оқитын кітап жоқ, көбі аударма. Қазіргі қазақ жазушыларының сүйсініп оқитын шығармалары аз», - деген пікірді жиі естиміз. Басты қателік неде?

— Біржақты пікір. Аудармалардың да еш зияны жоқ. Бола берсін, көбейе берсін. Балалар жазушысы да, оқитын дүние де жеткілікті. Тек оқырманға жетпей жатыр. Жарнама да жоқ.

- 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Ғаламтордың бәсі биік тұрған тұста балаларға арналған қазақша әрі қызықты контент жасай алдық па? Қалай ойлайсыз?

— Жасай алмадық. Бірақ, бұл жылы Балалар әдебиеті мен балалар жазушыларына қозғау салды. Сең қозғалды. Неміз бар, неміз жоқ екенін білдік. Не жазу керек екенін, балаларды қалай қызықтыра аламыз соны түсіндік.

- Қазіргі жаңа буынның сұранысы, жас оқырмандарымыздың талғамы қалай? Оларды қандай кітаптар қызықтырады? Не толғандырады?

— Мың бас болса, мың түрлі талғам, ой бар. Соңғы жылдары жастарды мотивациялық, детективтік, мистикалық кітаптар мен шығармалар көбірек қызықтыратынын байқап жүрмін. Заман тез өзгеріп жатыр. Жастар да тезірек жетістікке қол жеткізгісі келеді. Мотивация керек. Заманына қарай адамы болып тұр.

- Мемлекет басшысы «Балаларға ерекше назар аударуымыз керек», - деген пікір білдірді. Бүгінде әлемнің барлық елдері жас ұрпақтың дамуына ерекше мән беріп,«балалар театры», «балалар кітапханасы», «балалар мультфильмі», «балаларға арналған журнал, комикс, энциклопедия», «балаларға арналған танымдық сайт» сынды мәселелерді ұлт болашағы үшін стратегиялық маңызды санайды. Біздің елімізде осындай нақты бастамалардың орын алуына не кедергі?

— Өткен жылы дәл осы тақырыпты көтеріп, Мәдениет және спорт министріне 10 ұсыныс айттым, жазбаша жолдадым. Ұсыныс қаралмады. Бәрі мекемедегі бірінші басшыға байланысты. Бірінші басшының осы тақырыптарға ниеті, қолдауы жоқ па, ештеңе орындалмайды. Бітті. Бала - біздің  болашағымыз, ертеңіміз. Негізі капиталды осы балаларға құйған, баласын өркениетті қоғамға бүгіннен тәрбиелеген елдің ұтары көп. Әдемі сөзден, он бағдарламадан пайдалы бір іс артық. Іске көшетін, әрекет жасайтын кез келді.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер