Ахмет Байтұрсынұлы - қазақтың жарқыраған шоқжұлдызы

3763
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн қалаушы ғалым Ыбырай Алтынсариннен кейiнгi еңбегi ерекше ағартушы-педагог, сөз құдiретiн танытқан жаңаша ақын, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесiн көрсетуге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткерi, жас совет үкiметiне адал қызмет еткен iрi қоғам қайраткерi Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданында дүниеге келген.

Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні көп уақыт бойы белгісіз болған. 2017 жылы қараша айында қазақ ағартушысы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан Республикасының елдерінің тілдері күні болып жарияланды. Оған түсіндірме берген қазақ әліппесін латиницаға әзірлеуші Ербол Тілешев: «Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген деген мәлімет болған, алайда кейін мен Тілдерді дамыту басқармасында қызмет істегенімде Ахметтің қолжазбасы бар үш құжат табылған. Олардың ішінде «5 қыркүйекте дүниеге келдім» деген сөзі бар екен. Сондықтан осындай шешім қабылданды» дейді.

Оның әкесі Байтұрсын, намысшыл және ержүрек адам болған. Патша үкіметінің озбырлығына қарсы шығып, 1885 жылы уезд бастығының басын бұзғаны үшін 15 жылға сотталды. Нәтижесінде, Ахметтің туыстары мен ауылдастары қуғын-сүргінге ұшырап, бұл жағдай болашақ саясаткердің өмірлік көзқарасына қатты әсер етті.

Ахмет өз басы ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаз бола  жүріп, 1901  жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жазады, аударма жасап, өлең — жыр шығарады, ауыз әдебиеті (фольклор) нұсқаларын жинайды.Оқыған, еркін мінезділігімен, батыл да ойшылдығымен ел ішінде бедел  атағы өсе бастайды.

Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкийдің жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909   жылы  шілденің 1-  і күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан-нақақ  8  ай бойы азап- қорлық көріп торығады, қинала жүріп ширайды, ақары күреске белді бекем буады. Бостандықты аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады.  Ақыры, Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21-  ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезендер басталып кетеді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Ол «Маса» болып халықты оятып, қараңғылықтың құрсауынан құтқаруға тырысты. Ағартушы-ғалым, ұстаз әрі ақын Ахметтің ХХ ғасыр басында еліміз үшін, Тәуелсіздік үшін жасаған әрекеттері келешек ұрпақтың есінде сақталды.

Тұтас буынның төл басы болған Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қырық мысал» кітабын 1909 жылы жариялады. Ол өлеңдерінде, мысалдарында Ресей отаршыларының зорлық-зомбылық әрекеттерін, ақылсыз басшы мен езгіге тап болған қазақ жайын тұспалдай сипаттады. Ақын ерекше «мысал» жанрын таңдай отырып, ұғымды идеясы, уытты тілімен әлеуметтік сананың оянуына әсерін тигізді. Азаматтық ұстанымы, арманы мен мақсатын кестелеп, «Маса» деген атаумен жеке кітап шығарды.

Айтып өткеніміздей, ұйықтап жатқан халықты маса болып оятып, өнер-білімге, ғылым-ілімге шақырды. Қазақ халқының сол уақыттағы енжарлық, жалқаулық, қараңғылық секілді кемшіліктерін түп тамырымен жойғысы келді. Шетелдің түрлі ақын-жазушыларын аударып, әдебиетке үлкен үлес қосты. Оның «Қазақтың бас ақыны» атты Абайға арналған мақаласы әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған шығарма болып табылады. Абайдың азаматтық позициясын айқындап, ақындық шеберлігін жоғары бағалады.

1913-1918 жылдар арасында (қазақ) газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан алуан көкейкесті мәселелерін көтеред, елді прогреске, өнер білімге үндейді .

Ұлы ғұламаның ғалымдық, ақындық, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған.Қазақ ортасы түркі әлемі ғана емес орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы орнын, оның әлеуметтік қоғамдық істерін бағалап, өз кезінде дұрыс көрсеткен адамдардың бірі  Сәкен Сейфуллин. «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды»  деген мақала жазған.

Ахметтің жастарға ұсынған адамгершілік жолы адалдық және ғылымды игеру. Ол үшін жастарды адал еңбек етуге, өз мінін өзі көріп түзете білуге шақырады, бар білмнің түп төркіні ақыл деп қорытындылайды.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін «фонетика», қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі педогогикаға қосқан үлесі екенін көруімізге болады.

А.Байтұрсынұлының «Тіл құрал» атты еңбегі бүгінгі түркі тұқымдас халықтардың сөйлеу, жазу, тіл ұстарту білімінің бастау бұлағы саналады. Осы заманда қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, шылау, үстеу, ілік, жатыс, бастауыш, баяндауыш, септеу, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, қыстырма сөз деген атауларды ойлап тауып, ғылыми бір ізге салған Байтұрсынұлы болды.

А. Байтұрсынұлы — қазақ музыкасы мен ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В. Затаевичтің айтуынша ол шебер домбырашы, әрі әнші болған. «Қазақ халқының жүз әні» атты еңбегінде А.В.Затаевич былай деп жазды: «А.Байтұрсынұлы өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды, ол — жақсы домбырашы»-деген.

Ахмет Байтұрсынұлының аты да, еңбектері де ұмытылмады. Оның халқы үшін жасаған ерең ерлігі, әдебиет саласының дамуына қосқан үлесі ешкімнің есінен шықпады. Бұл жайлы түрлі мақалалар, көлемді кітаптар мен тағылымды монографиялар да жазылды. Ө.Әбдиманұлының «Ахметтану:оқу құралы», Р.Имаханбеттің «Ұлағатты ұлт ұстазы», А.Ойсылбайдың «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелерін», Татьяна Тугайдың «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолын» атап өтуге болады.

Мұндай монографиялардың бірі - 2010 жылы жарияланған «Ғасыр саңлағы:Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны». Райхан Имаханбеттің аталмыш монографиясы мұрағаттардан алынған деректер мен фактілер негізінде жазылған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығының бұл күнге дейін жұмбақ болып келген тұстары кеңінен сипатталған. Монография бірнеше тараулардан тұрады. Әр тарау ағартушының өміріне, шығармашылығына, еңбектеріне арналған.

Кеңес дәуірінде Ахмет Байтұрсынұлының  есімін атаудың өзі қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр. Тау сілеміндей мол мұра оқырман қолына тие бастады.Қазақстан Республикасының арнаулы қаулысы бойынша  республикамыздың әр жерінде шаруашылықтарға, мектептерге, көшелерге және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілді. Сөйтіп, тарихи әділет, шындық салтанат құрды; халқының бостандығы, тәуелсіздігі, еркіндігі үшін тар заманда жан аямай күрескен ұлы  азамат Ахмет Байтұрсынұлы ұлт күрескерлерінің сапына келіп қосылды.

         Тоғжан МӘЗЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер