Экс-Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева өмірден озды

4235
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook/ Askhat Aimagambetov
Фото: Facebook/ Askhat Aimagambetov

Экс-Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева өмірден озды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Бүгін экс-Білім және ғылым министрі Беркімбаева Шәмшә Көпбайқызының қайтыс болғаны туралы хабарды үлкен өкінішпен қабылдадым», - деп жазды Аймағамбетов.

Шәмшә Беркімбаева еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Осы жылдар ішінде мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы білім басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, ұзақ жылдар бойы  ЖенПУ ректоры болды.

«Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты.Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға, дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Жұмыс кездесулерінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі менімен тәжірибесімен бөлісіп, кеңестерін айтып, біздің саладағы жаңалықтарды қадағалап отырды. Ұлттық білім мен ғылымның көрнекті тұлғасының кетуі – орны толмас шығын. Шәмшә Көпбайқызының туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер