Шымкентте еліміздегі ең ірі газ тарату станциясы іске қосылды

4110
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкентте №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл – Қазақстандағы ең үлкен газ тарату станциясы. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрайды.

АГРС-ті іске қосуға арналған салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

– Шымкент қаласы қазірдің өзінде сағатына 250 мың текше метр табиғи газ пайдаланады. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған екі АГРС-тің жиынтық қуаты сағатына 180 мың текше метрді құрайды. Осыған байланысты қалада газдың қысымы төмендеп, тапшылық байқалған болатын. Ал, №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының іске қосылуының арқасында осы проблема толығымен шешілді. Енді қаладағы жаңадан ішкі жүйелері жүргізілген барлық шағын аудандарға газ беруге мүмкіндік туындап отыр. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсарту жолындағы маңызды қадам, – деді М.Әйтенов.

Айта кетейік, нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылдың соңында аяқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барынша көп бөлігін табиғи газбен қамтуды біздің алдымызға басты міндет етіп қойып отыр. Осыған байланысты газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгін Шымкентте іске қосылып отырған жаңа станция соның жарқын көрінісі, – деді С.Жаркешов.

Мамандар айтуынша, №3 АГРС-тің қосылуының нәтижесінде Шымкент қаласында алдағы бірнеше жыл бойына газ тапшылығы туындамайды.

Пікірлер