"Путинге жолдаймын": орыс сыныбын аштырмақ болған бір топ қазақ елді Путинмен қорқытты

5030
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласындағы №93-мектебінің бір топ ата-анасы мектептен орыс тілінде оқытатын аралас сынып ашуға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды "Адырна" сайты. Аталған мәселеге байланысты мектеп басшылығы ашық жиын өткізген.

Жиынға Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Аманжол Әлтай, Мақпал Мыса және ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақ тіл қоғамының мүшесі Серік Ерғали, Химия ғылымдары бойынша PhD докторант, Нұр-Сұлтан қаласында №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы да қатысқан.

Жиын барысында екі жақ біраз бір тоқтамға келе алмағанымен нәтижесінде мәмілеге келді. Алайда жиын соңында бір ата-ана жиынды толық видоеға түсіріп алғанын және оны Ресей президенті Путинге жолдайтынын айтып қорқытқан.

Бұл туралы Аятжан Ахметжанұлы өзінің Facebook парақшасында былай деп жазды:

«Бүгін бір мектепті қазақ етіп сақтап қалу үшін жиналыс болды. Мәжіліс депутаттары қатысты.Бұндайға ысылдық қой, заңдық тұрғыда біраз ата-аналарды орнына қойдық. Тіл жанашырлары біраз лекция оқыды. Қырғын дау болды. Әлім келгенше бала құқығы бұзылмайтынын заң бойынша түсіндіріп, басқа мектепке баратынын айттым. Бұл мектеп таза қазақ боп қалады деп кесімді сөз айттым. (Бір ресми мен шешетіндей). Ең өкініштісі орыс сыныбын талап етіп отырған кілең қазақ. Сол қазақтың бірі жиналыстан шыққасын есік алдында тұрып, бүгінгі сөйлеген сөздердің бәрін түсіріп алдым. Толық видео жасадым. Ресейге, Путинге тіке жіберем дейді. (қазақ әйел). Депутаттарымыздың көзін бақырайтып қойып, Путинмен қорқытты. Баратын жеріңе бар дедім күйіп кетіп... Не дейін...».

«Масқара! Мен оны айтқан кезде мұғалімдер бөлмесінде жұртпен сөйлесіп тұрған едім, кейін есіттім. Сұмдық қой! Құл ғой нағыз, қожайынын Путин санаған! Міне, біздің биліктің 30 жылда бір ұлтты екі тілге - екіге бөлген қастандығы!» дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Бұл мәселе қоғамда қызу талқының астында қалды. Осыған байланысты белсенділер түрлі пікір білдіруде. Қазақ тілі қоғамының мүшесі Серік Ерғали былай деп жазды:

– Тіл мәселесі майданға айналып барады... Жасыратыны жоқ. Бүгін ғана астаналық жаңа ашылғалы отырған 93-мектептің тағдыры көкпарға түсті. Оншақты қазақ келіншегі келіп, өздерінің құқықтарын алға салып, орыс сыныбын ашуды талап етті. Бұл жайтты алдын ала естіген зиялы қауым, бір топ мәжілісмен және қалалық шенділер, тіл жанашырлары бірігіп, іріткіге қарсы тұруға тура келді. Әлгі оншақты келіншек қазақша жақсы түсінеді, жартысы сөйлейді, бірақ балаларын орыс сыныбына беруге барын салды. Ортасында бір жігіт бар. Байқағаным және бір келіншектің айтуынша, күйеуі офицер екен, соған қарағанда барлығы да қазақ әскерінің қызметшілері секілді.  Кезек пе кезек сөйлеп арындарын басқандай болдық. Әсіресе Аятжан Ахметжанұлының сөзі нақты әрі шешімге толы болды: заң бойынша радиусы 2 шақырымға дейінгі маңайдағы кез келген мектеп таңдай беруге болады екен. Сотта бұл жағынан жеңе алмайсыңдар деп Аятжан маңдайға ұрғандай етіп айтты. Ал бұлар жаңадан салынған Браво тұрғын үй кешенінің жанындағы 1200 орындық мектепті иеленгісі келеді. Үй ішінен үй тіккісі келеді. Төрт келіншектің есімдері - кәдімгі Жәмилә, Самал, Әйгерім, Шолпан! Рулары – уақ, қыпшақ, арғын, біреуі руын білмейді – ресейлікпін дейді. Бұлар – біздің соңғы 30 жылдық тәуелсіздік дәуірінің ұрпағы. Бұларды кінәлауға бола ма?! Меніңше жоқ. Оларға бір сұрақ қойып, үш аргумент айтуларын сұрадым: Неліктен баласын орысша оқытпақ? Бүгінгі бұл оқиға, парламентте майшаммен қарауға тұратын мәселе барын аңғартты!

 

Пікірлер