Алаш ардақтылары туралы жаңа деректер табылды

3703
Adyrna.kz Telegram

Шымкенте өмір бойы қазақ оюларын жинастырып суреттерін салған Ғани Іләйұлы атты ағамыз атында көше бар. Ол кісі Қазақстанда алғашқы балар сурет мектебін ашқан ағартушылыққа үлкен мән беретін түлға болатын.

Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының айтқанынан "халық жауы" деген жаламен ұсталған ұстазымның ағасы Әбілдің журналист болғанынан да хабардар едім. Біраз уақыт бұрын ол кісінің өз ағасы Әбіл туралы жазған естелігімен тауып алдым. Онда қазақтың белгілі тұлғалары туралы жаңа деректер білдім. Қолжазба Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайының қорында сақтаулы тұр екен.

Сырдария губерниясының орталығы Ташкент қаласының белгілі ұстасы Ілә мен оның жұбайы Ханымның ұлдарының үлкені Әбіл 1904 жылы дүниеге келген. 1917 жылы гимназияның 8 сыныбын бітірген Әбіл Қазақ ағарту институтына түсіп 1922 оқуын бітірген соң Түркістан республикасының басшысы Тұрар Рысқұловтың көмекшісі болып қызмет атқарады. Содан соң Шымкентке көшірілген «АҚЖОЛ» (қазіргі «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН») газетіне Т.Рысқұловтың ұсынуымен тілші болады. 1925 жылдың күзінде Қызылорда қаласында шығатын «Еңбекші Қазақ» газетіне шақырылады.

Жұмысын жақсы істеумен қатар Алматы және Шымкент аймағының арнайы тілшісі бола жүріп Ә.Іләйев халық ауыз әдебиетін жинап 5 қолжазба қалдырыпты. Әбіл аға сол бір жылдары бүгінде ауызға жиі алынатын қазақтың арыстары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Шамғали Сарыбаев, Халел Досмұхамедовтермен үзеңгілес, дос болған.

Ұста Іләнің үйінде Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов сынды аяулы азаматтар жиі қонақ болады екен. Ал атақты әдебиет майталмандары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов Әбіл Іләйевті өз інілеріндей жақсы көріп сыйласқан.

Сол бір жаңа Қазақстанның аяғынан тік тұрып келе жатқан кезге дөп келген ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңді Ғани аға өзінің балалық шағын еске ала отырып былайша баяндаған екен.

Бір күні әрдайым көңілі жадырап жүретін Тұрар Рысқұлов ағай маған қарап былай деді: – Ал, қане Ғани, мына сұрағыма жауап берші. Бір пұт тас ауыр ма, әлде бір пұт мақта ауыр ма?

Мен ойланбастан: – Тұрар ағай, әрине тас ауыр. – дедім. Тұрар ағайым: – Екеуінің де салмағы бірдей емес пе, бір пұттан деді. Мен өз дегенімді дәлелдемек болып, бірақ мақта жұмсақ қой, көтеруге жеңіл, деп едім Тұрар ағай риза кейіппен жымиды да әкеме қарап: – Мына балаңыздан бірдеме шығатын түрі бар, – деді.

Жазғы демалыс кезінде анаммен Қызылордаға жиі баратынмын. «Еңбекші Қазақ» газетінің шығарушы редакторы болып істейтін ағам Бейімбет Майлин екеуі бірге тұратын. Редакция ғимаратының жанындағы саябақтың арғы жағында орналасқан баспаханаға ағамның жазған мақалаларды жиі апарушы едім. Күніне бірнеше рет редакция мен баспахана арасында жүгіріп жүретінмін.

Жаздың ыстық аптаб бір күнінде, әдеттегідей Қызылорданың көшесінің шаңын бұрқырата жүгіріп келе жатқанымда алдымнан Сәкен Сейфуллин көрінді. Үстінде әдемі жаздық костюм, қолында ұстаған таяғы бар. Жақындай бергенде жүрісімді баяулаттым. Осынымды байқаған Сәкен ағай мені тоқтатып: – Жарайсың Ғани, – деді де бір сомдық күміс теңге ұстатты. Киімі шаң болмасын дегенімді түсінгені ғой.

Сәкен аға біздің үйде жиі болатын. Әр келген сайын маған өзінің өлеңдерін жатқа айтқызатын. Бірде редакцияға барғанда Сәкен ағаның өлеңдерін Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқанов ағалардың алдында оқығаным бар. Бәрі де дән риза болды. Ал Сәкен ағам маған қалтасындағы бар тиын-тебенін берді де: – Ертең пионерлік киіміңді киіп кел, жақын жердегі казармада қызыләскерлер тұрып жатыр. Солардың алдында өлең оқисың, деді. Шынымен-ақ ертесіне түстен кейін біздің үйге бір қызыләксер келді. Бейімбет Майлиннің ұлы Әукен екеуміз соған еріп қызыләскерлер тұратын жерге бардық. Сарбаздардың клубы қазақ сарбаздарға лық толы екен.

Абай атындағы №5 мектептің көркемөнерпаздары үлкен коцерт қойды. Мен жеке шықтым. Мұншама көп адамның алдында бірінші рет өнер көрсетуім. Сондықтан қатты қобалжыдым. Бірақ Сәкен ағайдың көңілінен шықпақ болып бар даусымды қатты шығарып өлеңін жатқа оқыдым. Қызыләскерлерге ұнаған болуы керек сартылдата қол шапалақтап жатты.

Сол күні Сәкен Сейфуллин өзінің фаэтонымен біздің үйге келіп мені мақтап, анам мен ағамды құттықтап кетті.

1928 жылдың жазында Мәскеуден Ілияс Жансүгіров келді. Пәтер тапқанша  жұбайы және бала-шағасымен екі ай біздің үйде тұрды. Ол кісі сондай ақкөңіл, кез келген адаммен шүйкірлесе кететін. Өкімет мүшелерімен де, журналистермен де жақын дос болатын.

Он бір жастағы кезім. Бір күні терезенің алдында тұрып саябақтың суретін салып жатыр едім, Ілияс аға жақындап келіп біраз қарап тұрды да ағам Әбілге: – Қазақ халқында өнердің бұл түрімен айналысқан Шоқан Уәлихановтан басқа ешкім болмап еді. Ғани өскен соң суретші болса халқымыздың мәдени өміріндегі бір жаңалық болар еді, – деді де әңгімесін былай деп жалғастырды, – Әбіл, інің бастауыш мектепті бітірген соң суретшілік оқуға түсуіне көмектес.

Ағам Ілияс Жансүгіровтен он жас кіші болатын және ағасындай құрметтеп ұстаз тұтатын. Содан ағамның қолдауымен 1929 жылы мен екі оқу орнына педагогикалық техникумына және болашақ суретшілер оқитын оқу орнына түсіп екі жерде бірдей оқыдым.

Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік үлкен орны бар суретші Ғани аға бұл естелігін 1984 жылдың мамыр айының 25 жұлдызында жазған екен. Естелігін «Биыл «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 60 жыл. Сондықтан ағамның осы газеттің алғашқы қызметкері болғанын мақтан етемін» деп жазыпты.

 

Сағымдай бұлдыраған сол бір кездер енді тарих еншісінде. Еліміздің әрбір көзі ашық азаматы пір тұтатын осынау қазақтың арыс ұлдары сол жылдары қаршадай баланың қабылетін танып, болашағынан үміт күткені үлкен көрегендік. Уақыт сол тұлғалардың ойының дұрыс екенін дәлелдеді. Ғани Іләйев талмай, қажымай ауыл-ауылды аралап қазақ оюының түрлерін жинап, олардың суретін салып дүние жүзіне туған елінің өнерін таныта білді.

Кезінде Ғани ағаның үйінде жиі болатынмын. Бірде бір кеш бойы ағай мен жұбайы Ажар апаның айтқан естеліктерін жазып та алғанмын. Бірақ ол кезде ұстазымның өзінің балалық шағы туралы тіс жармағанына мән бермеппін. Енді ойлап қарасам Ғани ағай өткен ғасырдың бірінші жартысында белең алған саясаттың құрбаны, «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып кеткен ағасы, алғашқы қазақ әдебиетшілерінің бірі Әбіл Іләйев туралы айта алмапты...

Мектеп дәптерінің он екі бетіне 1984 жылдың мамыр айының 25 жұлдызында жазылған Қазақ халқының арыстары туралы шертілген сыр осындай.

Суретте: «Еңбекші Қазақ» газетінің ұжымы. Әбіл Іләев (оңнан солға қарай бірінші), Ғабдош Бектеміров, Мұстафа Қайназаров, Бейсенбай Кенжебаев, Әбдіназар Бегішев, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Ілиясс Ахметов, Әмірхан Есенгелдин, Мұхтар Ауезов, Әбдірахман Байділдин, Аманғали Сегізбаев, Ғұлама Себенов.


                                                                               Бердалы ОСПАН,

Адырна ұлттық порталы

 

Пікірлер