Ұлт құрылтайына ұлт жанашырларын шақырмаса бәрі бекер! - Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ

10413
Adyrna.kz Telegram

"Ұлт ұясы Ұлытауда 16 маусым - Ұлттық құрылтай өтеді деп жатырмыз. Ал енді елді елеңдеткен, ұлтым деген жандарды алаңдатқан Ұлттық құрылтайға кім барады? Бұған дейін ұлт деген сөзді айтуға қорыққандар бара ма? Ұлттың мәселесін көтеріп жүрген нағыз қоғам қайраткерлері шақырыла ма? Әлде "баяғы жартас, бір жартас" болып, артық-ауыс сөйлемейтін, бас шұлғитындар ғана қатыса ма? Ұлт құрылтайына ұлт жанашырларын шақырмаса бәрі бекер!" Бұл пікірді "Қара шаңырақ", "QAZAQ alemi"  ұлттық жобаларының авторы, белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп жатырмыз... Ұлтының ертеңіне алаңдайтын, ұлт болашағын ойлайтын қазақтың анасы ретінде Ұлттық құрылтайда қандай мәселе көтеріледі деген сауал мені де мазалайды. "Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады", - деген екен Мемлекет басшысы.

Ал енді елді елеңдеткен, ұлтым деген жандарды алаңдатқан Ұлттық құрылтайға кім барады?

Бұған дейін ұлт деген сөзді айтуға қорыққандар бара ма? Шақырылғандар жайлы ешқандай хабар жоқ? Ұлттық құрылтайда ұлттық деңгейдегі қандай мәселе көтеріледі? Ұлттың мәселесін көтеріп жүрген нағыз қоғам қайраткерлері шақырыла ма? Әлде "баяғы жартас, бір жартас" болып, артық-ауыс сөйлемейтін, бас шұлғитындар ғана қатыса ма? Референдумды өткізіп тастадық, реформаға, өзгеріске бет бұрдық деп жатырмыз. Халықты еститін күн енді туады деп «бөркімізді аспанға атып» қуанып жатырмыз. Бірақ Ұлттық құрылтайға халықтың арасында жүріп, ұлт мәселесін көтеріп жүрген ұлт жанашырлары бармаса, ол қандай Ұлттық құрылтай?

Әдеттегідей халықтың назарын басқаға аудару үшін «Орамал, хиджап деп шуладық, кешеден бері әлеуметтік желіде еркектің еркекке үйленуін» талқылап жатыр.

Ұлт болып ұйысайық десек, ұсақ-түйекті, өсек-аяңды қойып, ел болашағын ойлауымыз керек. Ұлт мәселесі көтерілетін Ұлттық құрылтай мәселесін назардан тыс қалдырмайық. Жоғарыда айтылған Президенттің сөзіне келсек, құрылтайдың отырысында қоғам азаматтарының мемлекет ісіне атсалысуы мүмкіндігі мен құндылықтар жайлы сөз болмақ. Мемлекеттің басты құндылығы – халық десек, сол халық арасынан шыққан, қоғам, ұлт, ұрпақ мәселесін көтеріп жүрген азаматтар Ұлттық құрылтайға барып өз ойын жеткізуі керек деп ойлаймын.

Халық бөлек, билік бөлек,-деген әңгіме «Ескі Қазақстанда» қалып, «Жаңарған Қазақстанда» еститін Президент, еститін Үкімет, еститін билік болуы міндетті. Сонда ғана халық пен билік арасындағы «кедергі» жойылып, халықтың сенімі нығаяды.

Ертеңін ойлаған ел, мемлекет үшін халық пікірі бірінші орында болуы тиіс. Халықта Жаңарған Қазақстанды құруға атсалысқысы келеді. Халық – мемлекеттің күш-қуаты. Ал билік сол халықтың қызметшісі. Соны ұмытпаса екен. Қаңтар оқиғасына дейін ұрпақ тәрбиесіне, ұлт ертеңіне алаңдамаған  кейбіреулердің қазір «Ұлт, ұрпақ» деп ұрандатып жүргеніне қайран қаламын. Ақтар келсе, ақ ту, қызылдар келсе, қызыл ту көтеріп шығатын, мұндай жандар Ұлттық құрылтайға барып жатса, таң қалмаймын. Бірақ Ұлттық құрылтай деген соң, Ұлт болашағы талқыланатын тарихи жиын болғандықтан, бұл жиынға Президенттің өзі жауапкершілікпен қарауы керек деп санаймын.

Ұлтым деп жүргендер бармаса, оның қай жері Ұлттық құрылтай болмақ?! Оған халықтан шыққан, шырылдап жүргендер бара ма?

 Ұлттық құрылтайға барсам, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын, осы мәселені көп жылдан бері көтеріп ғана қоймай, «Қара шаңырақ», «QAZAQ alemi», «Сарыжайлау», «Ертегі – ел ертеңі» сынды ұлт болашағына қажет жобалардың авторы және жүзеге асырып жүрген жан, қазақтың анасы ретінде менің де қоғамды біріктіру және оны дамыту, өскелең ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне қатысты идеяларым мен ұсыныстарымды айтар едім. Бірақ бізді кім шақырсын?! Егер билік шын мәнінде халықтың үнін естігісі келсе, халық үнін естіп ғана қоймай, оны жеткізіп те және оны түзету үшін қолынан келген әрекетін жасап жүргендерді тарту керек деп санаймын. Әйтпесе «Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын», - деген Ел Президенті Қ. Тоқаевтың сөзінің өзі құрғақ уәде болып қалмақ. Президенттің сөзі іске асу үшін билік халықтың үніне құлақ асуы керек. Егер Ұлттық құрылтайда халықтың нағыз жанашыр өкілдері болмаса, Ұлттық құрылтайдың алдағы уақытта да ұлт үшін қызмет ететіне сене алмаймын.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер