Жайлауда жайқалған жауқазын

3059
Adyrna.kz Telegram

Кеше ғана қызылордалық фототілші Болат Омарәлиевтің сюжетке бергісіз бір суретінің жайын қозғап, «Жалғыз тал жауқазын» деген мақала жазғанбыз. Шынымызды айтсақ, суреттің тарихынан гөрі, фототілшінің шеберлігін таныту басты мақсатымыз еді. Жетпісінші жылдардағы бірбеткей бойжеткеннің болмыс-бітімін бір кадрға сыйғызған Болат ағаның қарым-қабілетіне сүйсінгеніміз рас-ты. Белгісіз ару... Дерегі жоқ... Бейнесі ғана бар... Содан бүкіл Сыр бойының жұрты сәйгүлік мінген сұлуды жабыла іздеп кетті. Әсіресе, Кеңес Махамбетов (Кенесбек Махамбетов), Дәулет Барғанаев (Даулет Барганаев), Нартай Тұрсанов (Турсанов Нартай) сынды ел азаматтары бір кездегі сәмбіталдай сымбатты бойжеткенді таппай қоймаймыз деп, бар жанын салды.

Ақыры табылды-ау, Болат ағамның кейіпкері! Қызылорданың іргесіндегі Ж.Махамбетов ауылында тұрады екен. Біреуден ілгері, біреуден кейін, қарапайым тіршілік кешіп жатқан шуақты шаңырақ. Дереу облыстық «Сыр бойы» газеті басшыларының бірі Дәуіржан Елубаевқа (Дауиржан Елубаев) телефон шалдық. Арнайы тілші жіберіп, жай-күйімен танысып, әпкеміздің бүгінгі кейпін суретке түсіртіп алу жөнінде өтініш жасадық. «Аға, тілші-пілшіні қайтеміз, Нұрболатты ертіп, өзім барам!», – деді Дәуіржан батыр салған жерден. «Сыр бойының» сайыпқыраны Нұрболат Нұржаубай – Болат Омарәлиевтің жолын жалғаған кәнігі фототілшілердің бірі. Әрине, алдымен «Кейіпкеріңіз табылды ғой, аға! Өзіңіз барып түсіріп қайтпас па екенсіз?», – деп, атақты майталманның өзіне қолқа салғанбыз. Көздегенін мүлт жібермес фотомерген ептеп сырқаттанып қалыпты. Содан соң Нұрболат баһадүр фотомылтығын оңтайлап, ағасының орнына «аңға шықты»...

Хош, бүгін түске дейін біздің Дәуіржан жасы алпыс екіге келген апасымен армансыз әңгімелесті. Іле-шала біз де қоңырау шалдық. Болат ағаның бір кездегі кейіпкері Үрләй Жүмекова өткен өмірін сағынышпен еске алып, едәуір сыр ағытты. Дауысы саңқылдап тұр. Шаңырақтағы сегіз баланың үлкені екен. Жас күнінен мұғалім болуды қаласа да, әкесіне жәрдемдесіп, шаруасына болысып, қой бағыпты. Сөйтіп, әбден еңбекте шыңдалыпты. Бұл ауылдың жастар бригадасы да сол кезде тарап кеткен көрінеді. Бірақ бұл қыз ол бригадаға мүше болмапты. Белгілі шопан ретінде төңірекке кең танылған әкесі Нұртайдың адымын ұзартып, шолақ күреңіне мініп, жайлаудың төрі мен қыстаудың маңында жалғыз жортыпты. Сондай бір сәттерде ауылға келген жұқалтаң фотограф Болат Омарәлиевтің қарауылына іліккен. Әлеуметтік желіні шарлап кеткен суретті көріп, көзіне жас алыпты. Қалай, қашан түскені есінде жоқ. Тек жетпісінші жылдардың аяғы шығар деп шамалайды. «Осындай бір сурет ілгеріде үйде бар секілді еді, бірақ дәл мынадай кейіптегісін алғаш рет көріп тұрмын», – дейді Үрләй Нұртайқызы.

Реті келгенде айта кетейік, бұл ауылдағы бригаданың аты «Жауқазын» емес, «Жұлдыз» екен (Сол жылдарда Шиелі жақта «Жауқазын» деген бригада болмағанын алдымен анықтаған – жеделдігіне жұрт қызығатын журналист әріптесім Қарагөз Сімәділ. Сол үшін қаншама шай әзірлеуге кететін алтын уақытын бөліп, ұлттық кітапханаға барып, ірілі-ұсақты басылымдардың бәрін ақтарып шықты). Әлгі бригаданың орналасқан жері Шиеліге емес, Сырдария ауданына жақын көрінеді. Е, мейлі, екі миллиондай сурет түсірген, оны қараңғы үйге қамалып, түрлі қоспаларға салып, былғап отырып шығарған Болат ағам анда-санда қателеспейді ғой дейсің бе?!

Ең бастысы, оның кейіпкері – сәйгүлік мінген сұлудың табылғаны! «Аманбысың, атты ару?», – деп жазып едік кеше ғана. Аруымыз аман екен, шаңырағы шаттыққа толы екен!

Тек ол бүгінде баяғыдай жалғыз тал жауқазын емес, жапырағы жайқалған бәйтерекке айналған. Отағасы Нұрлан Ермеков екеуі бес бала (бір баласы ілгеріде шетінеген) тәрбиелеп өсіріпті. Екі ұл, екі қыздан он үш немере сүйіп, құдай қаласа, әне-міне деп, алғашқы шөбересін күтіп отырған әдемі әженің кейпіне енген. Ендігі сөзді Үрләй апасымен сағаттап отырып сырласып қайтқан дегдар ініміз Дәуіржанға қалдырайық... Сөйле, Дәуір, жырла, Дәуір... Бүгін сенің күнің!

Сонымен, бір кездегі жалғыз тал жауқазынның сыры міне, суреті әне! О баста тектілерді түсірген, түп тарихын түсінген майталман фототілшінің ғажайып түйсігіне қалайша таң қалмассың?! Әй, қайран Болат ағам, тусаң ту!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер