Тарихшы: "Қолдаймыз" деп үміттендіріп, өзі де аз санды қарақалпақтарды арандатып аласыздар...

7709
Adyrna.kz Telegram

"Қарақалпақ - өзбек қатынасын украин - орыс қатынасымен салыстыруға келмейді.  "Қолдаймыз" деп үміттендіріп, өзі де аз санды қарақалпақтарды арандатып аласыздар... Бұл мәселе тек БҰҰ шеңберінде шешілуі тиіс". Бұл пікірді белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлы Adyrna.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

"Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынады" деген осы. "Қарақалпақтарға көмектесейік" деп жатқан қызуқанды ағайындар аздап сабырға келсін... Қарақалпақ - өзбек қатынасын украин - орыс қатынасымен салыстыруға келмейді. "Қолдаймыз" деп үміттендіріп, өзі де аз санды қарақалпақтарды арандатып аласыздар... Қолыңа қару алып барып, аман қайтсаң өзіміздің сотпен сотталасың", - дейді тарихшы. 

Өмір Шыныбекұлының айтуынша, Украинаға көмектескен Батыс қарақалпақ үшін басын ауыртпайды.

"Сондықтан, бұл мәселе тек БҰҰ шеңберінде шешілуі тиіс. Тікелей текетіреске түссе, "Көп қорқытады, терең батырады" дегендей өзбектер қарақалпақты жусатып салады. ЛНР, ДНР дегендерді мойындамайтынын ашық айтқан Қазақстан билігі бұл мәселеде толық нейтралитет сақтайтыны белгілі...", - дейді Өмір Шыныбекұлы. 

Тарихшы қазақстандық әлеуметтік желі белсенділері қызуқанды қарақалпақ жастарының артына жел үрлеп, ұшындыра бермегені жөн дейді...

"Бұл ең алдымен қарақалпақ халқы үшін пайдалы... Иә, аздап сауаты бар адам ретінде қарақалпақ халқының қалауын түсінем... Бірақ өз басым оның алаңда емес, келіссөздер үстелінде шешілгенін қалаймын! Бірақ қалай болғанда да бұл жанжал Қарабақтағы соғыстан кейін бастары біріге бастаған түркі халықтарының ынтымағына сызат түсіретін болды...", - деп пікірін білдірді тарихшы Өмір Шыныбекұлы. 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер