Сүйінші сұрау — қазақтың ең жақсы көретін салты

14190
Adyrna.kz Telegram

Қазақта қандай бір жаңалық болса да, сүйінші сұрау әдеті бар. Қазақ жақсы жаңалықпен бөлісуге әрқашанда дайын тұрады. Әдетте қуанышты жаңалықты жеткізуші айтарын «сүйінші» сөзімен бастайды. Жақсы хабар жеткізушіге әрқашан сыйлық берілетін болған. Сүйінші сұрау адамның туған кезінен бастап өмір бойғы серігі іспеттес.

Қазақ үшін жақсы жаңалықтың бәрі үлкен-кіші демей сүйінші сұрауға лайық. «Сүйінші – сәби дүниеге келді!», «Сүйінші – бала алғашқы қадамын жасады!» «Сүйінші – баламыз алғаш рет атқа отырды!», «Сүйінші – қызымыздың құлағына алғаш рет сырға ілдік!», «Сүйінші – баламыз мектепке барды; алғаш әрпін жазды!» «Сүйінші – ұлымыз қалыңдық әкелді!», тағысын тағылар. Жаппай сүйінші сұрайтын кездер де болатын жағдайлар тарихтан белгілі. Бұндай жағдайлар отан қорғау шайқастары жеңіспен аяқталғанда орын алады. Мысалы 1945 жылы екінші дүние соғысы аяқталғанда, жұрттың бәрі бір-біріне «Сүйінші, соғыс аяқталды!» деп  қуанышымен бөліскен.

«Қазақ отбасы» атты кітап жазған ғалым Халел Арғынбайұлы былай деп жазады: «Қазақтар толғатқан әйелдің жанына бала таппайтын әйелдерді жібермеуге тырысатын. Толғатушы әйелдің қасында көбінесе ниеттес жанашырлары бірге болатын. Бала туысымен оны жерден көтеріп алу бірнеше балалы мосқал әйелге тапсырылады. Халық сенімі бойынша баланың келешектегі мінезі жерден алғаш көтеріп алған адамға тартады деп есептеледі, жерден көтеруші мүмкіндігінше өзінің ашықтығы, жайдарылығы және мейірімділігімен ағайынға жаққан әйел болу керек. Баланы алғаш жерден көтеріп алушы әйел баланың ұл не қыз екенін айтып сүйінші сұрайды».

Қызыл жаушы

Байырға заманда туыстар бір-бірінен алыс жерде тұрған кезде жақсылық хабарды жеткізу үшін екі арада жаушылар жүретін болған.  Олар «Сүйінші!» деп айқайлап қолына ту алып атқа мініп шабатын. Шайқастағы жеңістер туралы да елге осылай хабар жеткізілетін. Бұндай жаушылар «Қызыл жаушы» деп аталатын болған. «Сүйіншілеп» шапқан жаушыларға жол бойы сыйлықтар – ат, киім, зергерлік бұйымдар тарту етіліп, жақсы тілектер айтылатын.

Батырлар жырының ең белгілілерінің бірі «Кобланды батыр» жырында Қобландының баласы Бөкенбай туғаны туралы мынадай өлең жолдары бар:

Арыстан туған екен деп,

Асыра жұрты қуанды.

Сүйінші сұрап жан-жаққа

Қолдарына ту алды.

Алыс жол  — тосқауыл емес

Бала туған кезде нәрестенің ата-әжесінен, әкесі мен туған-туысқандарынан сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Ал сүйінші хабарды жеткізуші қанша алыс жер болса да жолға шығуға даяр тұратын болған. Төрт қыздан соң зарықтырып дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы туғанда, сүйінші хабарды жеткізуші атымен алпыс шақырым жерге шауып барғаны туралы жазушының «Ұшқан ұя» атты кітабында былайша баяндалады:    «Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті.

Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп, қорқып қалады. Ақыры Байтоқты жұлмалай, «не боп қалды, айтсаңшы» деп тақақтағанда ғана Байтоқ:

  • Жеңешем ұл тапты, – депті.

Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәз-мәйрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты».

Немере қуанышына бір табын жылқы

Қазақ тілін зерттеуші ғалым, алғашқы профессор Құдайберген Жұбанұлының қызы Мүслима әкесі туғанда атасы сүйінші сұрай келген құрдасына қандай сыйлық бергені жөнінде жазғаны да қызық.

Батырбайдың ұлы Жұбан, барлық қазақ секілді немере көрсем деп армандаушы еді. Ұлы Қуан он беске тола салысымен Тағыберген деген кісінің бүкіл аймаққа сұлулығымен белгілі Бибішынар деген қызына құда түсіп алып береді де екі жастың тойын жұрт айта-айта жүретіндей керемет етіп өткізеді.

Тоғыз ай өткен соң келінінің ай-күні жақындағанда қобалжығаны соншалық таудағы жылқыға кетіп қалады. Кетіп бара жатып ауылдағы жасы үлкен жеңгесі Ақбөпеге: «Қыз туса маған хабарламай-ақ қойыңдар» дейді.

Жайылымдағы керемет сәйгүліктер де Жұбанның көңілін аулай алмайды. Тек ішінен «Ұл туса екен!» деумен болады.

Бұл күні де әдеттегідей таң атты.  Таулар биікке ұмтылып, құстар көңілді әндерін салып бірін-бірі қуалай ойнап ұшып жүрді. Жылқылыар асықпай даланың дәмді шөптері арасында жайылуда. Кенеттер олар басын шұғыл көтеріп құлақтарын тіге қалды. Таң тынышытығын арғымақтың тұяғының дүбірі бұзды.

Жұбан дүбір естілген жаққа басын бұрып еді қолдарын кезек сермеп шауып келе жатқан салт аттыны көрді. Ол бір жақсы хабар әкеле жатқандай еді. Бұл Жұбанның досы, әрі құрдасы еді. Ол да Жұбанды көрді.  Балаша қуанып бүкіл даланы басына көтеріп: «Сүйінші! Ұл! Ұл!» деп айқай салып келе жатты.

Жұбанның көз алдында дүние дөңгеленіп жүре берді. Құшағына домалай құлаған құрдасына: «Сүйіншіге қалағаныңды ал!» деді қуаныштан есі шыға.

Өзгеше сый

Досы қулана жымиды да: «Несі бар алам десем алам. Бересің бе? Мүмкін бүкіл табынды қалармын?» дейді. Жұбан болса: «Айттым — бітті. Бәрін ал!» деп жауап қатты.

– Аламын, сүйіншім де осал емес, – досының жауабы да көңілді еді, – бірақ жылқы алмаймын. Досыңның бір тілегін орындаймысың? Осы насыбай атқаныңды тасташы?

Жұбан құрдасының айтқанын екі еткен жоқ. Достар ауыл қайдасың деп шаба жөнелді. Ұл баланың аты Құдайберген болды».

Бүгінде де қазақтар қуанышты жаңалық болса «Сүйінші!» деп хабар айтып жатады. Бұл салт қазақ халқының өмірі ең ұзақ салты деп білемін.

Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА"  ұлттық порталы

Пікірлер