Басы дауға қалған «Базз Лайтер»

3022
Adyrna.kz Telegram

Қоғамда «Базз Лайтер» мультфильміне қатысты дау басылар емес. Даудың басы Нұртастың жазбасы, артынша министрліктің жауабы болса да, бұл мультфильмге байланысты дау-дамай әлемде әлдеқайда бұрын басталған-ды. Әлқисса.

«Базз Лайтер» әлемге әйгілі «Pixar» және «Walt Disney Pictures» компанияларының өнімі. «Ойыншықтар хикаясы» мультфильмінің жалғасы болып саналады. Базз ғарыш әлемін шарлаушы рейнджер және туынды хикаясы ойдан шығарылған ғаламшарда өтеді. Мультфильмді жасауға жиынтығы 200 млн доллар қаржы кеткен және оған жарнамасы да кіреді. Бұл адамзат тарихындағы ең қымбат мультфильмдердің бірі саналады.

«Базз Лайтерді» көрсетілімі Батыс елдерінде сәтті өтті. Алайда Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азияда Базздың басы дауға қалды. Неге? Себебі мультфильмде ЛГБТ өкілдерін насихаттау элементтері бар деп, біршама елдер оны көрсетуден бас тарты. Мысалы Мысыр, Индонезия, Ливан, Кувейт, Малайзия, Сауд Арабиясы, БАӘ елдерінде бұл туынды театрға жіберілмеді. Ал Қытайда ЛГБТ құндылықтарын насихаттауы мүмкін деген тұстарын қиып тастауды талап етті.

Мультфильмде қыз кейіпкер Алиса Хоторнның әріптесі, құрбысымен сүйісетін сәті көрсетіледі. Бұл көріністі көптеген мұсылман елдері ЛГБТ-ны ашық насихаттау және құндылығымызға шабуыл деп мәлімдеп, туындыны көрсетуден бас тартты. Мультфильм ішіндегі сол бір ерсі көріністі компания о баста қиып тастауға келіскен болатын, алайда артынша компания барлығын бәз қалпында қалдырды.

«Базз Лайтердің» дауы Қазақстанға да келді. Қоғамда туындыны көрсету немесе көрсетпеу керектігі жайлы дау туды. Белгілі режиссер, актер Нұртас Адамбай «ЛГБТ элементтері бар, жас ұрпаққа кері тәрбие беретін мультфильмді көрсетпеу керек» деп жазды. Оны қолдаушылар мен қарсы болушылар пікірі әлеуметтік желіні жаулап алды. Бірі «көрсету керек, әр адамның таңдауы болуы қажет» десе, енді бірі «тәрбие тал бесіктен, балаларға көрсетуге болмайды» деп жатты. «Бір адамның ойы қоғамның таңдауы болмауы тиіс, цензура» дегендер де табылды.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 14 шілдеде даудың нүктесін қойып, «Ел азаматтары мен БАҚ өкілдері тарапынан шетелдік «Базз Лайтер» анимациялық фильміне қатысты көптеген сұрақ келіп  түсті. Жауабымды осы пост арқылы жеткізуді жөн көрдім. Аталған картина Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейді» деп жазды.

  Артынша министр тағы бір жазба жариялап, былай деді:

«Біздің елде цензураға тыйым салынған. Сондықтан министрлік Қазақстанда «Базз Лайтер» анимациялық фильмін көрсетуге тыйым салған жоқ. Менің жазбамда ондай сөз жоқ. Маған бұл туындыны елге тарату жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Одан әрі БАҚ пен бірқатар блогерлердің өздері қорытынды жасап, ақпаратты таратып әкетті. Осыған байланысты бірқатар нюанстарды атап өткен жөн.

Біріншіден, бірқатар БАҚ өкілдерінің Қазақстанда мультфильмнің көрсетілуіне тек продюсер Нұртас Адамбай ғана қарсылық танытты деген мәлімдемелері шындыққа сай келмейді. Қазақстанда 35000 қол жинаған Базз Лайтерге тыйым салуды талап еткен петиция онлайн режимде басталғанын көпшілік айтпады. «Тыйым салынбасын» дегендер саны петицияда бар болғаны 4 мыңға жуық еді. Әкімдіктердің мәліметінше, митингі өткізуге өтініштер бірден бірнеше өңірде келіп түскен.

Министрлік пен жергілікті атқарушы органдарға азаматтардан көптеген өтініштер түсті. Бұл көңіл-күйді ескермеу – еліміздің қарапайым азаматтарының үнін елемеу деген сөз. Ашық мемлекеттік құралдар осы үшін жасалған ғой.

Екіншіден, біздің сараптама көрсетіп бергендей, көпшіліктің ашуына біржыныстылар арасындағы сүйісу фактісі емес, туындыда біржыныстылар арасындағы махаббаттың отбасылық құндылық ретінде көрініс табуы себепкер болған.

Біз министрлік ретінде мұндай сюжеттерді заңға қайшы болмаса, этикалық тұрғыдан бағаламаймыз, бірақ қоғамдық пікірді де ескермеуге болмайды.

Үшіншіден, жоғарыда айтылғандардың барлығын талдай келе, министрлік фильмнің Қазақстан Республикасы аумағындағы ресми дистрибьюторымен бірнеше рет кеңестер жүргізді. Белгілі бір ұсыныстар айтылды. Туындыны көрсетуге тыйым салынбады. Дегенмен, фильмдерді жалға беру – бұл бизнес. Ал бизнес әрқашан тәуекелдерді, оның ішінде болжауы қиын салдарын ескереді.

Жоғарыда аталған барлық факторлардың жиынтығында фильмді прокатқа жібермеу туралы шешім қабылданды»,  - деді министр.

Осылайша фильм аясындағы дау азайып, туынды көрсетілмеді. Алайда бұл оқиға «біздің ұрпақ не көріп жүр, не естіп жүр» деген сұрақты қозғап кетті. Оның жауабын қоғам, халық, жекелеген тұлғалар мен билік өкілдері бірлесе іздеуі тиіс. Фильм ол қашанда идеология. Қай елдің туындысын көрсең, сол елдің бір идеологиялық ұшқынын аласың. Сондықтан мұндай дау азаю үшін мультфильмдер мен фильмдерді түсіру саласына бөлінетін қаржы мен қойылатын талап та артуы тиіс. Тарих, тіл, мәдениет пен өнегені отандық көзқараспен көрсете білетін туынды артқан сәтте, кинотеатрда таңдау да болады.

Ал Қазақстандағы «Базз Лайтер» дауы көршілес Қырғызстанға енді жетті. Қоғам мультфильм ішіндегі сюжетті де талқылап жатыр. Мультфильм қырғыз прокатында жоқ. «Cinematica» кинотеатрлар желісі оның көрсетілмейтінін хабарлаған еді. Желінің директоры Алмазбек Қайыповтың айтуынша, Қырғызстанның дистрибьюторы Қазақстан болып табылғандықтан, туындыны көрсету мүмкін емес...

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер