«Күзетшіден кәсіпкерге айналдым»: Ақтөбе облысының тұрғыны кәсіпкер болудың құпиясын айтты

3247
Adyrna.kz Telegram

Туған жердің дамуына айрықша ат салысу – шынайы патриотизмнің белгісі. Елім, жерім деп мақтанған бір бөлек, кіндік қаның тамған жерге қызмет ету аса маңызды. Бұл туралы Ақтөбе облысының тұрғыны, кәсіпкер Алтынбек Мұстафин айтты.

Алтынбек Мұстафин кәсібін 13 жыл бұрын кішкентай азық-түлік  дүкенін ашудан бастаған. Бүгінде үлкен ірі азық-түлік және шаруашылық супермаркеті, балаларға арналған киім бренді мен наубайханасы бар. Күзетшіліктен ірі кәсіпкерге айналған азамат жетістікке жетудің құпиясын «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

 «Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде дүниеге келдім. Осында өстім, білім алдым. Туған жеріме еңбегімді сіңіргім келді. Алғашында күзетші болып қызмет еттім. Кейін 2003 жылы әскерге барып келгеннен кейін темір жол курсын оқып алдым. Оқуым кәдеме жарап, сол салада жұмысқа  да тұрдым. Негізгі мамандығым - кеден ісі. Алайда, бұл салада мүлде жұмыс істемегенмін. 2005-2006 жылдары ең жақсы табыс – теміржолда болатын.  Жалақым төлеуге жететін болғандықтан несие алып, алғашқы кәсібімізді бастадық. 2008 жылы  ауылымыздан кішкене ғана жерді жалға алып, азық-түлік дүкенін аштық. Осылайша, маңдай термен біртіндеп кәсібімізді кеңейте бастадық», - дейді кәсіпкер.

Алтынбектің кәсіп бастауына бала арманы себеп болған. Үнемі өзі оқитын кітаптардан дамыған мемлекетті көретін ол елінің ештеңеден мұқтаж болмағанын қалаған.

«Мен кішкентай кезде көп армандайтын едім. Сонымен қатар, кітаптарды көп оқитын болдым. 90-шы жылдары Америка сынды алпауыт елдердің дамып кеткенін көріп, кітаптан оқыдық. Сол кезде кәсіпкер боламын, елімді дамытамын дейтінмін. Менің армандарым бүгінгі күнге жетуіме көмегін тигізді», - дейді ол.

Алтынбек ең алғашқы дүкендерінде бар тірлікті жұбайы екеуі істегенін айтып берді. Келіншегі кассада тұрса, Алтынбек күндіз теміржолдағы қызметінде болып, кешке жүк тасыған. Тіпті бұл салада білімі болмаса да, тәуекелге бел буып, әрдайым еңбек ете берген. Бизнесмен кезінде қаншалықты қиын болса да, қазір осы ісіне мақтанатынын да атап өтті.

«Бәрімізге белгелі, ауылдық жерде қарызға алушылар көп. Кірістен қарағанда қарыз дәптеріміздегі  тұтынушылардың беру керек қарыздары көп болды. Олар қарыздарын қайтарып та болмайды. Ал біз қай адаммен айқаласып жүрмекпіз? Содан , «осы жерден қоя салайық» деген де ой болды. Өйткені, менімен бірге теміржолда жұмыс істейтін әріптестерімнің жағдайы меннен жақсы болды. Ал менде кәсіп болса да, салыстырмалы түрде олардан төмен сезіндім. Алайда жұбайым қолдау білдіріп, ары қарай жалғастыруға кірістік», деп еске алды ол.

Алтынбек Мұстафиннің айтуынша, жүрегінде махаббаты бар кәсіпкерлер қашанда табысты болады. Өйткені, олардың отбасына, туған жеріне, мемлекетіне деген махаббаты бәрін басып озады. Оларды дамытамын, «оларға қайтсем көмектесе алам?» деген ой маза бермейді.

«Қолдағы қарыз дәптерді ұмытып, оны лақтырдық. Алда тәуекел деп,  келесі несиемізді алып, үлкен шағын маркетін аштық. Әрине, тәуекелге бару қорқынышты болды. Өйткені, қолымыздағы бәрін кепілге қойып, несие алып, ғимарат салдық. Бұл жолы дүкенімізді автоматтандырдық. Автоматтандырғаннан кейін халық та қарызға алуын қойды. Өйткені, ешкім автоматты алдай алмайды», - дейді кәсіпкер.

Кішкентай дүкенін үлкен супермаркетке айналдырғанына биыл 2 жыл. Ал шағынмаркеттің қызмет етіп келе жатқанына 5 жылдан асты. Алтынбек Мұстафин қосымша бизнесін дамыту үшін әлеуметтік желінің көмегі көп екенін айтады. Наубайханасындағы түрлі торттар мен бәліштердің суреттерін әлеуметтік желіге жариялау арқылы халықты тартуға болатынын да жасырмады. Айтуынша, қазір кәсібі аудандағы бірінші наубайханаға айналып үлгерген. Жалғыз наубайхана емес, ауылдағы барлық дүкенінің тұтынушылары көп.

«Туған жерге туыңды тік»

Алтынбек Мұстафин қазір Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентіндегі жастарға қолдау көрсетуде. Ол үшін «100 dos Shubar»  қайырымдылық қорын ашып, аудандағы жастарды бір ортаға жинауда. Қоғамдық қор ауылдың спортшы және дарынды жастарын қолдап, ауданның көмекке мұқтаж адамдарына көмек көрсетеді. Аудан спортшыларына жарысқа баруын қамтамасыз етіп отыр. Қордың ашылғанына 1 жылға жуық уақыт болып қалса да, біршама іс-шараларды атқарған. Ауыл жастарының арасында спорттан сайыстар өткізіп, карантин кезінде мұқтаж жандарға көмектесті. Одан бөлек, мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, 100 таңдаулы кітапты сыйға тартты. Кәсіпкердің айтуынша, қорды ашуға Жақсылық Үшкемпіровтің септігі болған.

«100 dos Shubar» қоғамдық қорының ашылуына Жақсылық Үшкемпіров себеп болды. Көзі тірі кезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы кезінде танысып, бірнеше рет кездескен едім. Кейін дастархандас болып, өнегелі сөздерін естідім. Ол қазақтың маңдайына біткен палуаны ғана емес, өз ауылына 200 балаға арналған спорт мектебін салып, 50-ден астам жас отбасыға үй сыйлаған кәсіпкер еді.  Ол кісі Қазақстанда 5000 ауыл болса, ол 5000 ауылдан шыққан кәсіпкер ауылдарын көркейтсе деп армандайтын еді. Міне, сол сөзі санамда қалған. Сондықтан туған жерімді  көркейту, ауылымның жастарын қолдау менің басты мақсатым. Мақсатыма бір қадам жақындап келемін. Ол үшін әрдайым қызмет ете бермекпін», - дейді бизнесмен.


Кәсіпкер болашақ кәсіп бастаймын деушілерге ақыл-кеңесін де айта кетті.

«Жаңа бастама үшін жаңа нәрсені көруге ұмтылу керек. Өзің құрып алған кішкене шекарадан шығып көру қажет. Әлемді, жаңа жерлерді аралау керек. Ең болмағанда жаңа кітап оқу керек. Өйткені, жаңашылдық жаңа бастамаға итермелейді.  Қанша ауылдың баласы болсаңыз да, білімді болсаңыз бәрінен озасыз. Одан кейін, сүйікті ісіңізге  бар уақытыңыз бен энергияңызды жұмсаңыз. Сонда ғана бәрі нәтижелі болады», деп болашақ кәсіпкерлерге ақылымен бөлісті.

Қазір Алтынбек жұбайымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Отбасында сыйлы әке балаларының білімді болуына да көп көңілін бөледі.

«Ең бастысы – отбасы. Отбасының қолдауы қашанда демеу болады. Менің биіктерге көтерілуімнің барлығы отбасымның арқасы. Олардың қолдауы, олардың білімді болуы мен үшін маңызды», деп сөзін қорытындылады кәсіпкер.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер