Қазақстан: Қоғамдық тыныштықты сақтау моделі

2244
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері тату тәтті күн кешуде. Бұл қазақ қоғамының не сол ұлттардың таңдауы емес, бұл тарихтың тәлкегінен болған жайт. Ғасырлар бойы Ресей империясы, артынша КСРО билігі түрлі ұлттарға қысым көрсетіп, күштеп қоныстандыру саясатын іске асырды. Қазақ жеріне отарлау дәуірінде мыңдаған славян ұлттары күшпен көшірілді, Столыпин реформасы кезеңінде тіпті жүздеген мың адам Қазақстанға әкелінді. Олардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығында қызмет етті.

Артынша КСРО билігі орнап, халықтарды сорпадай сапыру процесі басталды. Сталин билігі екінші жаһан соғысында қазақ даласына түрлі ұлттарды депортациялады. Олардың ішінде кәріс, шешен, ингуш, орыс, украин, неміс және өзге ұлттар бар болатын. Қазақ халқы ашаршылықтан аман шығып, артынша бір үзім нанын депортацияланған ұлттарға бөліп берді. Қыстың суығында сан мыңдаған халықты аман сақтап қалды.

Жалпы Қазақстанға көшірілген халықты төрт топқа бөлуге болады. Ол Ресей империясы дәуірінде көшірілгендер, Сталиндік репрессия тұсында жазалау лагеріне әкелініп, кейін сол аймақта босатылғандар мен екінші жаһан соғысында депортацияланғандар, тың игеру кезінде әкелінген миллиондаған халық. Бұл сөзсіз Қазақстан қоғамын көп этносты етті. Көп этносты қоғамда татулық пен бірлікті сақтау қиын, алайда ол басты міндет болуы тиіс. Сан түрлі тіл мен дін, діл мен мәдениеттің бір ортада қабысуы және өзара жарасымда күн кешуі оңай іс емес.

Қазақстанда КСРО атты халықтар түрмесі құлап, егемендік тұғырына қонған сәттен кейін, қоғамдық жарасымды құру маңызды болып келеді. Ол үшін арнайы Халықтар Ассамблеясы құрылды. Бұл сан түрлі ұлттарды татулықта сақтау үшін негізі қаланған саяси институт болатын. Кейін оған саяси статус беріліп, Парламентте орын ұсынылды, сөз айту, мәселе көтеру құқығы берілді.

Қазақстанда саны басым ұлттардың тілі мен мәдениетін ұмытпау мақсатында арнайы мектептер ашылған. Кей тұста тіпті газеттерін шығаруға рұқсат етілген. Бұл ұлттардың өз болмысын ұмытпау мақсатында жасалған шара. Демократия мен татулықтың жарқын үлгісі десек те болады.
Қоғамда ұлтаралық қақтығысты аңсайтын, этностар арасында жанжал тудыруды насихаттайтын топтар да бар. Олардың саны өте аз, алайда бұл бар құбылыс. Мемлекеттік тілге қасақана қырын қарау арқылы титулды ұлт пен өзге этнос арасында жанжал тудыруға ұмтылу көріністері кей сәтте байқалады. Дегенмен бұл құбылыстар дереу арада құқық қорғау органдары тарапынан тоқтатылып, заң аясында тұсау салынып келеді.

Этностық қақтығыс ең ауқымды әрі тоқтамайтын жанжалдың түрі екенін ескеруге тиіспіз. Айрандай ұйыған сан империяны этностық қақтығыс жойып, тарих жұтып қойған. Тарихтың алыс қойнауына бармай-ақ, 1994 жылғы Руандаға сапар шексек, біз этностар арасындағы адамзат тарихындағы сұмдық геноцидтің куәсі боламыз. Руанда халқын тутси және хуту атты екі ірі этностық топ құрайды. 1994 жылы осы екі топ өкілдері арасында өзара қақтығыс болып, үш айда бір миллионға жуық адам қаза тапқан болатын. Этносаралық жанжалдың өршуіне арнайы радиолар мен газеттер ықпал еткен, ал ақпараттық жік салу халықтың миллиондап қырылуына әкелді. Аз уақыт ішінде халықтың көп қырылуы бойынша Руанда геноциді әлемде ең ауқымды геноцид деп табылған. Ал зерттеушілер этносаралық қақтығыстың шығуы тез, ал тоқтауы өте қиын екенін айтады.

Қазақстан көпэтносты мемлекет болғандықтан қоғамдағы татулықты барыншса сақтау моделін орнықтырған және барынша оны жетілдіру үстінде. Өзге елдер қателік жіберіп, этносаралық қақтығысқа жол ашқан сәттерден сабақ алып, алға жылжуды мақсат тұтады. Қазақстанда ұлтаралық келісіммен қатар, дінаралық татулықты және өзара үйлесімділікті насихаттау саясаты алға жылжуда. Сан түрлі ұлттың болуы көптеген діннің де олуына ықпал етті. Сәйкесінше әлемдегі түрлі дін тармақтары Қазақстанда бас қосты және бір қоғамда бейбіт күн кешуде. Ислам дінінің мерекелері, христиан дінінің мерекелері де мемлекеттік деңгейде назар аударылып келеді. Себебі халықтың басым бөлігі осы екі дін тармақтарын ұстанады. Өзге теріс емес діни бағыттарға да мемлекет тарабынан қысым көрсетілмеген және олардың қызметіне тыйым салынбаған. Ал қоғамға жік салып, бүлік шығаруды көздейтін теріс ағымдарды мемлекеттік қауіпсіздік органдары өз бақылауында ұстап келеді.
Көпэтносты татулықты сақтау мақсатында сан түрлі мәдени ошақтар, орталықтар қызмет етуде. Олар әр ұлттың мерекесін өз деңгейінде атап өтуге себепкер болады. Соңғы уақытта Қазақстан қоғамын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілді барынша аталмыш орталықтарда насихаттау іске асуда.

ҚХА жанынан 340-тан астам диалог алаңдары ашылған. Олар мемлекеттік органдардың қоғамдық қабылдау бөлмелері, «Аманат» партиясы, кәсіподақ ұйымдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, дағдарыс орталықтары, мектептер, емханалар, аудандық және ауылдық әкімдіктер және т.б. жанынан ашылды. ҚХА медиаторлары азаматтарды қабылдап, кейбір даулы мәселелер мен жағдайларды шешуге көмектеседі. Барлығы да тегін негізде.

Бүгінгі таңда тіркелген 1867 медиатордың басым көпшілігі – 1675-і мемлекеттік, қалған 192-сі кәсіби медиаторлар. ҚХА медиация институтының қызметі этносаралық жанжал жағдайларының алдын алуға бағытталған. Бұл өте үлкен және жауапты жұмыс. Биылғы жылдың екінші тоқсанында ғана медиаторларға 3730-ға жуық өтініш түскен, олардың басым көпшілігі консультациялар алды, медиация туралы келісімдер жасады, қалған өтініштер қаралу үстінде екен.
Өтініштердің басым бөлігі негізінен отбасылық, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық, ұлтаралық мәселелер бойынша түскен. Бұл елімізде этностардың құқықтарын бұзу фактілерінің жоқтығын және этносаралық қарым-қатынасқа қатысты жағдайдың тұрақты екенін нақты көрсетеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер